Accessibility links

АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Панамаға барды


АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио (оң жақта) Панама президенті .
АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио (оң жақта) Панама президенті .

АҚШ-тың жаңа мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Панамаға сапарлап, сол елдің президенті Хосе Рауль Мулиноға Панама каналының жұмысына дереу өзгеріс қажет деді.

Мемлекеттік департамент басшысының айтуынша, АҚШ президенті Дональд Трамп Қытай ықпалы Панама каналының жұмысына қауіп төндіреді деген қорытындыға келген.

Панама билігі канал жұмысын Қытай бақылауына алды дегенді жоққа шығарады. Reuters агенттігінің жазуынша, каналды Панама басқарып отыр. Дегенмен каналдың екі жағындағы екі портты Қытайдың арнайы әкімшілік аймағы деген статусқа ие Гонконгте тіркелген компания басқарады. Одан басқа бірнеше порт АҚШ, Сингапур және Тайваньдағы компанияларға қарайды.

Марко Рубио Панамаға сапары алдында портты басқаратын компанияны бақылайтын Қытай жанжал туса каналға кіргізбей қоюы мүмкін деп ескертті.

"Қытай үкіметі қақтығыс болған кезде оларға Панама каналын жабуды бұйырса, олар мұны істеуге мәжбүр болады. Шынын айтқанда, олардың мұны істеуге төтенше жағдайларға арналған жоспары бар екеніне күмәнім жоқ. Бұл – тікелей қауіп", – деп Рубионың мәлімдегенін "Америка дауысы" сайты хабарлады.

Трамп қайта президент болып сайланғаннан кейін Панама каналын АҚШ бақылауына қайтару ниеті барын бірнеше рет мәлімдеген. Бірақ оның жай-жапсарын айтпады. XX ғасырдың басында салынған Панама каналының аймағы ұзақ уақыт АҚШ бақылауында болған, 1999 жылы Панаманың қарауына өткен.

Панама президенті Хосе Рауль Мулино АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубиомен келіссөзден кейін канал бойынша Панаманың егемендігіне күмән болмау керек деп мәлімдеді. Бұған қоса ол АҚШ-пен заңсыз мигранттарды қайтару мәселесі бойынша бірге жұмыс істеуге дайын екенін айтты. Панама – АҚШ-қа барғысы келетін Оңтүстік Америкадан шыққан мигранттар басып өтетін транзит ел.

Марко Рубио Орталық Америка елдеріне сапарында Панамадан кейін Сальвадорға, Коста-Рикаға, Гватемалаға және Доминикан Республикасына бармақ. АҚШ-тың Латын Америкасы бойынша арнайы өкілі Маурисио Клавер-Кароненің айтуынша, АҚШ мемлекеттік хатшысы Латын Америкасына кейінгі 100 жылда алғаш рет ресми түрде сапарлап жатыр.

"Америка дауысы" сайты Рубионың сапары бір жағынан аймақта ықпалы артып келе жатқан Қытай әсеріне қарсы тұруға бағытталған деп жазды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG