АҚШ қаржы министрлігі 13 ақпанда Халықаралық қылмыстық соттың (ХҚС) прокуроры Карим Ахмад Ханды санкция тізіміне қосты, ол Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхуды тұтқындауға ордер берген. Бұл ақпарат АҚШ қаржы министрлігіндегі шетел активтерін бақылау басқармасының (OFAC) сайтында жарияланды.
Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп ХҚС-ның Вашингтон мен оның одақтастарының, соның ішінде Израильдің мүдделерін қозғайтын тергеулеріне жауап ретінде Халықаралық қылмыстық сотқа санкция салу туралы жарлыққа қол қойған.
Құжат 6 ақпанда Ақ үйдің ресми сайтында жарияланды. Жарлықта Гаага соты Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху мен сол елдің бұрынғы қорғаныс министрі Йоав Галантты тұтқындауға ордер беріп, өкілетін асыра пайдаланды делінген.
Жарлық активтерді бұғаттауды, ХҚС қызметкерлеріне, лауазымды тұлғаларына, агенттеріне және олардың жақын туыстарына виза бойынша шектеу енгізуді қарастырады.
Карим Ахмад Хан 2023 жылы наурызда Ресей президенті Владимир Путин мен Ресейдің бала құқығы жөніндегі уәкілі Мария Львова-Белованы тұтқындауға ордер берген. Халықаралық қылмыстық соттың прокуроры оларды украин балаларын Ресей аумағына күштеп депортациялады деп айыптаған.
ПІКІРЛЕР