Accessibility links

Алматы метросында ер адам рельске құлап мерт болды


Алматы метросы. Архивтегі сурет.
Алматы метросы. Архивтегі сурет.

10 желтоқсанда Алматы метросында ер адам рельске құлап қазаға ұшырады. Оқиға Алматы метросындағы "Абай" бекетінде болған. Қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл ақпаратты растады.

"Оқиға салдарынан 26 жастағы зағип жігіт көз жұмды. Оқиғаның жай-жапсары анықталып жатыр", – деп хабарлады полиция.

Адам қазасы оқиғасына байланысты тергеу амалдары жүріп жатыр.

Жергілікті телеграм-арналар оқиға Алматы метросындағы "Абай" бекетінде болған деп жазды. Әлеуметтік желіде тараған видеолардан жолаушылардың рельске құлап кеткен адамды шығарып алу үшін барлығы жабылып пойызды итеріп жатқаны көрінеді. Кейін метрополитеннің баспасөз қызметі рельске құлаған адамның мәйіті шығарылды деп хабарлады.

Адам қазасынан кейін Алматы метрополитенінің баспасөз қызметі қайғылы оқиға болған "Абай" бекеті тергеу аяқталғанға дейін уақытша жабылады, бұл бекетке пойыз тоқтамайды деп мәлімдеген. Бірнеше сағаттан соң "Абай" бекеті қайта жұмыс істей бастады деп хабарлады Алматы метрополитені.

Қазақстандағы алғашқы және жалғыз метрополитен Алматыда жолаушы тасымалы қызметін көрсетеді, ол Орталық Азияда Ташкенттен кейін екінші орында тұр. Құрылысы совет кезінде, 1988 жылы басталған Алматы метрополитені 2011 жылы желтоқсанда пайдалануға берілген. Алматы метросында 11 бекет бар. Метроның жалғыз тармағының жалпы ұзындығы – 13 шақырымға жуық.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG