Instagram желісіндегі Qaznews24 сатиралық парақшасының иесі Темірлан Еңсебектің үйіне полицейлер тінту жүргізіп, кейін оны Алматы қаласы полиция департаментіне жеткізді. Департаментте оны бес сағат тергеп, босатқан. Сатиралық постардың авторының үстінен "жалған ақпарат тарату" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалуы мүмкін.
15 мамыр таңертең Алматыда біреулер Темірлан Еңсебек жалдап тұратын пәтерінің есігін қағып, ашуды талап еткен. Пәтер иелері кооперативінің қызметкерлеріміз деп таныстырған. "Жуынып та, шай ішіп те үлгермедім" дейді ол.
Есік ашылса сала полицейлер жетіп келген. Әріқарай стандартты процедура: үйді тінту туралы қаулы, видеотүсірілім, телефон мен копьютер тәркілеу.
Полицейлер Еңсебектің екі телефонын және ноутбугін алып кеткен. Енді бұл телефоны мен ноутбугі "жалған ақпарат тарату" ісіне дәлел ретінде қосылады. Тергеу органдары Еңсебектің Instagram желісіндегі Qaznews24 парақшасында жариялаған сатиралық постарын "жалған ақпарат" деп есептейді.
Парақшадағы бір сатирада Қазақстан мұсылмандар басқармасы "Нұрсұлтан Назарбаевқа құдай статусын бекітіп, оны Конституцияға енгізуді ұсынады". Бұл - әзіл. Ал мәтінде экс-президент "тәуелсіз Қазақстанның құрушысы" әрі "елбасы" деп көрсетіледі. Бұл – әзіл емес.
Тағы бір сатиралық поста "шетелде оқитын қазақстандықтарға шет мемлекеттегі жақсы өмір туралы пост жазып, видео және фото жариялауға тыйым салынатыны" және "Қазақстан билігі шетелге саяхатқа шығу үшін азаматтарына шығу визасын енгізетіні" жазылған. Бұл пост желіде кең тарап, жұрт арасында көп талқыланған.
Бұдан бөлек, бір әзіл жазбада "Нұр-Сұлтандағы сот "Титандар шабуылы" анимесінде мемлекеттік төңкеріс және монархияға шабуыл көрсетілетіндіктен Қазақстан аумағында тыйым салды" деп жазылған. Instagram парақшада барлық пост шындыққа жанаспайтыны ескертілген.
Үйді тінтіген соң полиция сағат түскі екілер шамасында Еңсебекті департаментке жеткізген. Артынша полицияға оның адвокаты Жанара Балғабаева келді.
"Үйді тінту туралы қаулыны көрмедім, тек қорғауымдағы азаматпен сөйлестім. Кірген соң барлығын сұраймын. Қазір ештеңе айта алмаймын" деді ол департаментке кіріп бара жатып.
Кейін полицияға "Oyan, Qazaqstan" қозғалысының (2019 жылы Назарбаев отставкаға кеткен соң құрылып, биліктен реформа, әділ сайлау, конституциялық өзгеріс талап етіп жүрген топ) мүшелері жинала бастады. Еңсебектің өзі де осы қозғалыстың мүшесі.
Олар "Темірланға бостандық!", "Сатира – қылмыс емес" деп айғайлады. Жиналғандарға өзін Мұхамедәли Сейсенұлы деп таныстырған полицей шығып, шуламауды сұрады.
"Қазір тергеу амалдарын жүргіземіз. Шамамен бір сағатта аяқтап, босатамыз" деді ол.
Тергеу бес сағатқа созылды. Департамент терезесінің маңында тұрған белсенділер "Тима, біз сенімен біргеміз" деп айғайлады. "Oyan, Qazaqstan" белсендісі Дархан Шарипов Азаттық тілшісіне айтуынша, екі апта бұрын Еңсебекке біреулер "пост жазуды қоймаса зардабы тиетінін ескерткен".
Белсенділерге әкімдік өкілдері келіп, "билікпен келіспеген заңсыз акция үшін жауапқа тартылатынын" ескертті. Бірақ Еңсебектің жақтастары тарамады.
Темірлан Еңсебек полициядан кешкі жетіде шықты. Ол қылмыстық іс бойынша "қорғауға құқығы бар куәгер" екенін, іс материалдарын жарияламау қағазына қол қойғанын хабарлады. Қазір Еңсебек күдікті статусына бір қадам жақын.
Сатира авторы полицияға Instagram желісіндегі парақшаның авторы екенін "ашық айтқан". Еңсебек түрлі фишинг шабуылдар мен дайректке келген қорқытып-үркіту хаттарынан кейін бірнеше күн бұрын парақшасын жауып тастағанын жеткізді. Ол "қасақана жалған ақпарат тараттым" деп есептемейді.
— Парақшада жазбалар шынайы жаңалық емес, сатиралық контент екені, оқиғалар мен адамдарды сәйкестігі кездейсоқ екені анық жазылған. Мен қылмыскер я осы іс бойынша айыпты емеспін. 274-бап – "жалған ақпаратты әдейі тарату", ал мен ешқандай жалған ақпарат таратпадым, - деді Еңсебек.
Алматы полиция департаменті кешкісін "Жалған ақпарат автор жазаланды" деген хабарлама таратқан. Артынша хабарлама тақырыбы "Полиция фейк ақпараттың авторын анықтады" деп өзгертілді.
"Ішкі істер органдары әлеуметтік желіге мониторинг кезінде Instagram желісінде Qaznews24 аккаунтын анықтады. Мұнда жалған ақпараттар жиі жарияланған. Бұл аккаунттағы ақпарат қоғамда реакция туғызып, жұртты шатастырды" деп жазылған пресс-релизде.
Полиция департаментінің баспасөз қызметі Қылмыстық кодекстің "БАҚ-та я интернетте жалған ақпарат тарату" бабы (274-бап 2-тармақ) бойынша тергеу басталғанын да айтты.
Бұл баптың 2-тармағында ірі көлемдегі айыппұл (шамамен 20 мың доллар), түзеу жұмыстары, үш жылға дейін бас бостандығын шектеу я түрмеге қамау жазасы қарастырылған.
Осыдан бір ай бұрын Qaznews24 паблигінің авторы анонимді түрде The Village сайтына берген сұхбатында "адам құқығы бұзылып, миға қонбайтын жағдайлар болып жатқан қоғамда сатира маңызды болатынын, ал адамдар ақылға сыймайтын істерді қалыпты деп қабылдай бастағанын" айтқан.
Vlast.kz сайтының бас директоры, журналист Вячеслав Абрамов Twitter желісінде сатиралық паблик авторының үйін тінтуге қатысты пост жариялап, "Сатираға орын жоқ, барлығына орын қалмады. Жігітті жайына қалдырыңдар, мазақ болып біттіңдер, тағы да қатты мазақ болмаңдар" деп жазды.
ПІКІРЛЕР