Accessibility links

Өзбек босқындарын қолдаған пикеттер өтті


Өзбек диаспорасының Қазақстан елшілігі алдында өткізген пикеті. Стокгольм, 17 қыркүйек, 2010 жыл
Өзбек диаспорасының Қазақстан елшілігі алдында өткізген пикеті. Стокгольм, 17 қыркүйек, 2010 жыл

Шетелде тұратын өзбек диаспорасының өкілдері бірнеше елде Қазақстан елшілігінің алдында пикет өткізді. Наразылық танытушылар Қазақстан үкіметінен 29 өзбек босқынын еліне қайтармауға шақырды. Ал Алматыда қамауда отырған өзбек босқындар кеше адвокаттарымен кездесті.


Қыркүйектің 17-і Украина, Швейцария, Дания, Швеция, Германия, Чехия, Голландия және АҚШ-тағы наразылық шарасын ұйымдастырғандар Қазақстаннан 29 Өзбекстан азаматына босқын мәртебесін беріп, оларды еліне қайтармауды талап етіп отыр деп хабарлайды осы елдерде тұрып жатқан өзбек диаспораларының белсенділері.


ПИКЕТШІЛЕР ТАЛАБЫ

Интернетте жариялаған баспасөз мәлімдемесінде пикетшілер мұның саясатқа қатысы бар болғандықтан, Қазақстан бұл азаматтарға босқын мәртебесін бермей қойды деп жазады.

«2010 жылы тамыздың 11-і мен 27-де босқын мәртебесін анықтау жөніндегі Республикалық орталықтанған комиссияның жиыны өтті. Нәтижесінде қамауға алынған босқындар Қазақстаннан саяси баспана ала алмады. Комиссияның шешімі саясиланған және тапсырыс бойынша шығарылған деп ойлаймыз» деп жазылған мәлімдемеде.
Өзбек диаспорасының Қазақстан елшілігі алдында өткізген пикеті. Женева, 17 қыркүйек 2010 жыл

«Босқындарға қатысты халықаралық нормаларды орындамай отыр» деп Қазақстанды сынға алған мәлімдеме авторлары халықаралық ұйымдарды осы жайтқа назар аударуға шақырды.


АДВОКАТПЕН КЕЗДЕСУ

Дәл осы күні Алматыда үш айдан бері қамауда жатқан өзбек азаматтарының адвокаттарымен кездескені мәлім болды. Бұл жайлы радиомызға Адам құқығын қорғау бюросының қызметкері Денис Дживага хабарлады.

- Адвокаттар тергеу абақтыларына кіруге қол жеткізді. Әрине, бір күннің ішінде босқындардың барлығымен кездесе алмайды. Дегенмен адвокаттар олардың қолынан сенімхат алып келе жатыр. Осылайша сотқа шағымданбақшы, - деді Денис Дживага.

Естеріңізге сала кетейік, маусымның 9-ы мен 14-і аралығында Алматыда «Мигрант» операциясы барысында қазақ полициясы елу өзбек босқынын ұстап, олардың отызын тергеу абақтысына қамаған болатын. Үш айдан бері олар Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы қалалық және облыстық департаменті мен Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің тергеу изоляторында қамауда жатыр.


БОСҚЫНДАР ІСІ ҚАЙ МЕКЕМЕГЕ БЕРІЛМЕК?

Тамыз айында ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев елдегі құқық қорғау жүйесін түбегейлі реформалау туралы жарлыққа қол қойған болатын. Оған сәйкес, елдегі тергеу органдары, сот, прокуратура, әділет министрлігі мен ішкі істер министрліктерінде қайта құрылу жұмыстары жүргізілмек.

Кейбір ақпаратқа сүйенсек, осы жарлыққа сәйкес, елдегі босқындар ісімен енді жергілікті көші-қон комитеттері емес, Ішкі істер министрлігі тікелей айналыспақ.

Әйтсе де, бұл ақпаратты Алматы қалалық көші-қон департаментінің жетекшісі Гүлсара Алтынбекова растамайды.

- Бүгінгі таңда президенттің жарлығына сәйкес жұмыстар жүріп жатыр. Бірақ, нақты шешім қабылданған жоқ. Сондықтан әзірге, бұрынғы режиммен жұмыс істеп жатырмыз, - деді Гүлсара Алтынбекова Азаттық радиосына.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG