Accessibility links

Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан Мәскеуге сапарлап барды


Виктор Орбан.
Виктор Орбан.

Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан Мәскеуге сапарлап барды. Бұл туралы ТАСС агенттігі оның баспасөз хатшысы Берталан Хавашиге сүйеніп хабарлады.

БАҚ-тың жазуынша, Хаваши Орбанның Ресей астанасына "өзінің бітімгерлік миссиясы аясында" келгенін және президент Владимир Путинмен кездесуді жоспарлап отырғанын айтқан. Ақпаратқа қарағанда, Украинадағы соғысты аяқтау туралы әңгіме болмақ.

Апта басында Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан Киевке барған. Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездескен ол "Мәскеумен бейбіт келіссөз бастау үшін қақтығысты тоқтату керек" деген ұсыныс айтқан. Венгрия қазір Еуропа одағына төраға ел.

Зеленский Венгрия премьер-министрі Виктор Орбанның ұсынысын қабылдамағанын хабарлады.

4 шілдеде Венгрия үкіметіндегі Азат Еуропа/Азаттық радиосының дереккөзі Орбан жұмада Мәскеуде болады деп хабарлаған. Дереккөз оны Ресейге Венгрияның сыртқы істер министрі Петер Сийяртомен бірге барады деген.

BBC-дің жазуынша, Виктор Орбан – 2022 жылғы ақпанда Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Кремльмен жақын байланыста қалған Еуроодақтағы ел үкіметінің жалғыз басшысы. Содан бері Орбан Мәскеуде кем дегенде бес рет болған. Ол Украинаға соғыс басталғалы осы аптада алғаш рет сапарлап барды.

Венгрияның ЕО-ға төрағалығы Орбанның ресейшіл мәлімдемелеріне байланысты Еуроодақ өкілдерін алаңдатып қойған.

Еуропа кеңесінің жетекшісі Шарль Мишель X әлеуметтік желісінде "ЕО-ға ротация аясында төрағалық ету Венгрияға Ресей басшылығымен өзара байланысу мандатын бермейді" деп жазды. "Еуропа кеңесі "Ресей – агрессор, Украина – құрбан. Украина бойынша талқылау Украинасыз жүрмейді" деп мәлімдейді" деді Мишель.

Аты-жөнін атамағысы келмеген Еуроодақ өкілі Азаттық радиосына Орбан Брюссельге Ресейге баратыны туралы айтпағанын хабарлады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG