Израиль палестиналық ХАМАС радикал тобы (АҚШ пен Еуроодақта "террористік ұйым" деп танылған) кепілге алған адамдарды босату бойынша келісім жасасуға "бұрынғыдан да жақындап" қалды. Бұл туралы Израиль қорғаныс министрі Йоав Галант мәлімдеді деп хабарлады елдің ақпарат құралдары. Министр мұны ХАМАС кепілге алған адамдардың туыстарымен бейресми кездесуде айтқан.
Бұған дейін "Моссад" барлау қызметінің басшысы Давид Барнеа бастаған Израиль делегациясы ХАМАС-пен байланыста отырған араағайын елдер – Катар, Египет және АҚШ өкілдерімен келіссөздердің кезекті отырысына баратыны белгілі болды. Reuters агенттігіне аты аталмаған Израиль шенеуніктері келіссөздерде "прогресс" болады деген.
Мұны Ақ үйдің хабарламасы жанама түрде растап отыр. АҚШ президенті Джо Байден бейсенбіде Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен телефонмен сөйлескен. Ақ үй олардың "қақтығысты тоқтату және кепілдегі адамдарды босату туралы келісімге түпкілікті қол жеткізу" жайын талқылағанын хабарлады.
Ақ үй Байден мен Нетаньяху ХАМАС тобынан жақында алған ұсыныстарға жауапты талқылаған дейді, Нетаньяху араағайын елдермен келіссөздер жүргізуге делегациясын жіберуді шешкен.
Бұған дейін ХАМАС топ жетекшісі Исмаил Хания Египет және Катармен келіссөздердің жаңа кезеңін өткізгенін хабарлаған. Топтың ақпараты бойынша, келіссөздер процесіне Түркия да қосылған. Бірнеше хабарламаға сәйкес, ХАМАС Израиль топқа қарсы соғысты аяқтауға келісуі керек деген талабынан бас тартқан.
ХАМАС енді тек "атысты тұрақты тоқтатуды" талап етіп жатыр, келісімнің бірінші кезеңі бұл шартсыз жүзеге асуы мүмкін. Израиль кабинеті Нетаньяху соғысты бар мақсатына (оның ішінде ХАМАС-ты жою бар) жеткенде ғана тоқтататынын айтқан.
Былтыр күзде Израиль елдің оңтүстігіне шабуыл жасаған ХАМАС тобының әрекетіне қарымта ретінде Газа секторында әскери операция бастаған. ХАМАС шабуылынан 1200-ден аса адам қаза тапқан, ал ХАМАС 250-ден астам адамды Газа секторына күштеп алып кеткен.
ХАМАС бақылауындағы Газаның денсаулық сақтау министрлігі бірнеше айға созылған соғыста 35 мыңнан астам палестиналық қаза тапты деп мәлімдеді. Жүздеген мың адам үй-жайын тастап босып кетуге мәжбүр болған.
10 маусымда БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі АҚШ ұсынған Газа секторындағы ахуалды реттеу жоспарын қолдаған. Бұл жоспар Газа секторында атысты тоқтатуды, кепілдегі адамдарды кезең-кезеңімен босатуды және сектордан Израиль әскерін шығаруды көздейді.
ПІКІРЛЕР