Accessibility links

"Ешнәрседен қорықпады". Киевте Айдос Садықовтың жаназасы өтті


Айдос Садықовтың жаназасы. Мәйіт жанында тұрған – қырым татарларының лидері Мұстафа Жемилев. Киев, 5 шілде 2024 жыл. Бәсе Youtube-арнасының трансляциясынан скриншот.
Айдос Садықовтың жаназасы. Мәйіт жанында тұрған – қырым татарларының лидері Мұстафа Жемилев. Киев, 5 шілде 2024 жыл. Бәсе Youtube-арнасының трансляциясынан скриншот.

Киевте оппозициялық журналист, белсенді, "Бәсе" Youtube-арнасының авторы Айдос Садықовты ақтық сапарға шығарып салды. Қастандыққа ұшырап, екі апта жан сақтау бөлімінде жатқан Садықов 2 шілде күні көз жұмды. Садықов кейінгі 10 жыл паналаған Украинада құқық қорғау органдары кісі өлтіру күдігіне Қазақстан азаматтары ілінгенін мәлімдеген.

КИЕВТЕГІ ЖАНАЗА, АҚТӨБЕДЕГІ ҚҰРАН БАҒЫШТАУ

Айдос Садықовты ақтық сапарға шығарып салуға оның туыстары, достары және оның өліміне бейжай қарамайтын өзге де адамдар келді. Жаназа Қырым мұсылмандарының діни басқармасы орналасқан "Бірлік" мешітінде өтті.

Жаназаға келгендердің қатарында қырым татарларының лидері Мұстафа Жемилев пен қырым халқы мәжілісінің төрағасы Рефат Чубаров болды.

Айдосты өлтіргені – ескерту жасағаны. Бұл – қазақ халқына ескерту. Бұл – агрессор елмен күресіп жүргеннің бәріне ескерту. Олар өздерін біреу өлтіргенше тоқтамайды. Бұған ешкімнің күмәні болмасын. Бұл соғыс бізді айналып өтеді дегеннің бәрі ойлануы керек. Айналып өтпейді. Айдос мұны түсінгендердің бірі еді, – деді жаназа намазының алдында Рефат Чубаров. – Ол өзінің серіктерімен бірге Украинада тұрып Қазақстанға шындықты жеткізгісі келді, адамдар қандай қауіп төніп тұрғанын түсінсін деді. Белгілі бір уақыт өткен соң, Айдостың есімі Қазақстанның өзге патриоттарымен бірге қатар аталады. Бірақ ол біздің де тізімде болады. Украин патриоттарының, қырым татарлары достарының тізімінде болады. Кімнен айрылғанымызды сөзбен жеткізу мүмкін емес.

Жаназаға келгендер Айдос Садықовты жерлеуге алып бара жатыр. Киев, 5 шілде 2024 жыл.
Жаназаға келгендер Айдос Садықовты жерлеуге алып бара жатыр. Киев, 5 шілде 2024 жыл.

Жерлеуге Украинадаға қазақ диаспорасының өкілі Марат Дәрменов пен Киевте тұратын қазақстандық оппозиция саясаткері Владимир Козлов та келді.

– Айдос Қазақстан билігі жасырғысы келгенді әшкере етумен болды. Оған бірнеше қайтара қатер төндірді. Қазір сол қатерді іске асырып отыр. Сірә бұл – Айдостың жолын қуған өзгелерді қорқыту, – деді Владимир Козлов.

Марат Дәрменов Айдос Садықовтың өлімін орны толмас қаза деп атады.

– Ол шындықты жақсы көретін адам еді. Ешнәрседен қорықпады, шындықты айтты, тек алға деп жүрді, – деп еске Дәрменов киллер қолына опат болған оппозициялық белсендіні.

Марқұмның досы Игорь Гаврилов қынжылып отырғанын айтты.

– Керемет адамнан, өз елінің досы әрі патриоты, әлемдегі демократияның патриотынан айырылғанымыз үшін кейіп отырмын.

Белсенді Садықовтың қазасына қоғамның реакциясы мен биліктің үнсіздігі
please wait

No media source currently available

0:00 0:09:38 0:00

Айдос Садықовтың мәйітін Киевте мұсылман зиратына қойды. Ақтық сапарға шығарып салу рәсімін қырым татарлары қауымы ұйымдастырды.

Айдос Садықов Украинаға көшкенге дейін Ақтөбеде тұрған еді. Ол жерде бүгін қырыққа жуық адам жиналып, марқұмды еске алып, құран бағыштады. Таныстары мен бұрынғы әріптестері қала дәмханаларының бірінде ас берді.

Фархад Ғазиз Айдос Садықов отанына оралып, қоғамды өзгертуді армандағанын айтты. Ол марқұммен "Азат" жалпы-ұлттық социал демократиялық партиясының Ақтөбе филиалында бірге істеген.

"Ешкім күтпеген нәрсе болды. Тап осылай болады деп ойламаған едік. Бұл не деген сұмдық? Тоқаевтың құрып жатқан "жаңа Қазақстанының" түрі осындай болса, не айтуға болатынын білмеймін. Үш баланың әкесінің өмірін қиды. Бірнеше күн өтті, бірақ есімізді жинай алар емеспіз", – деді Ғазиз Садықовтың өліміне күдіктілерді Украинаға беруді талап етіп.

Айдос Садықовпен "Азат" партиясының Ақтөбе филиалында болған Әсия Абдуллина "арыстай азамат кетті, туған жерінен топырақ бұйырмағаны өкінішті" деді. Оның айтуынша, Ақтөбедегі еске алу шарасын белгісіз біреулер бақылап, суретке түсірген.

САМАЙДАН ТИГЕН ОҚ ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАННАН КЕЛГЕН КҮДІКТІЛЕР

55 жастағы Айдос Садықовты 18 маусым күні көлігінде отырған жерден атып кетті. Оқиға Киевтегі Шевченко ауданында, марқұм тұрған үйдің жанында болды. Көлікте Садықовпен бірге оның жары, "Бәсе" арнасының авторы Наталья да болған. Ол аман қалды.

Қастандықтан соң Наталья Садықова бірден Қазақстан билігін айыптады. Ол Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты кінәлай сөйлеп, марқұмның өлімі соған тиімді деді. Садықова "Бәсе" арнасы Ақорда үшін "көзге шыққан сүйелдей" болғанын айтты.

Қазақстан билігі қастандыққа қатысы жоғын мәлімдеді. Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Tengrinews онлайн басылымына айтқан сөзінде Тоқаев "Бәсе" арнасын ешқашан көрмеген, оған назар аудармаған деді.

Тоқаев Садықованың айыптауына тікелей жауап бермеді, бірақ қастандық жасалғанны күннің ертесіне Ақордада өткен шарада марқұмның атын атап, келіспеушіліктің бәрі құқықтық салада шешілуі керек деді. Ол Қазақстан ресми органдары "істің ақиқатына жетуге жәрдем беру үшін тергеу жұмысына қатысуға дайын екенін" айтты.

Украина бас прокуратурасы кісі өлтіру күдігіне Қазақстан азаматтары Мейрам Қаратаев пен Алтай Жақанбаев ілінгенін мәлімдеді. Украина полициясының дерегінше, Қаратаев пен Жақанбаев Киевке 2 маусым күні келіп, Садықовтарды аңдыған, "белгісіз біреуден" кісі өлтіру жөніндегі тапсырысты орындауға дайындалған. Күдіктілер қастандықтан кейін бірден Украинадан кетіп қалған.

21 маусымда Жақанбаев Қазақстанға полициясына берілген деді елдің бас прокуратурасы. Қосымша ақпарат айтылмады, Қаратаевтың қазір қайда екені белгісіз қалды.

Парламент сенатының спикері Мәулен Әшімбаев журналистерге берген брифингінде Қазақстан Жақанбаевты Украинаға бермейді деді. Ол Киевтегі қылмысқа Астананың қатысы бар деген сөзді "арандату" деп атады.

Күйеуіне жасалған қастандықтан кейін Наталья Садықова күдіктілердің бірі Мейрам Қаратаев полицияда жұмыс істегенін, ол күш құрылымдары арасында өткен ату жарысының жеңімпазы болғанын мәлімдеді.

Қазақстан ішкі істер министрлігі Қаратаев полициядағы қызметінен 2019 жылы кеткенін хабарлады.

Азаттық ашық көздердегі мәліметтерден күдіктілердің арнаулы қызметтерге қатысы болуы мүмкін екенін меңзейтін деректер тапты. Нақтырақ айтқанда, Getcontact қосымшасы Қаратаев пен Жақанбаевқа тиесілі деген телефон нөмірлері өзге абонементтердің телефонында ұлттық қауіпсіздік қызметіне қатысы бар тіркестермен сақталғанын көрсетті.

Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік комитеті Азаттық сауалына жауап беріп, Жақанбаев пен Қаратаев арнаулы қызметтерде жұмыс істемейтінін айтты. Бірақ олардың бұған дейін істеген-істемегені жайлы ақпарат бермеді.

"БАЛАЛАРЫМЫЗ АУЫР ХӘЛДЕ"

Айдос пен Наталья Садықовалар балаларымен бірге Ақтөбеден Киевке 2014 жылы көшкен. Журналист өз елінде саяси астармен қудалауға ұшырағанын айтқан. Ерлі-зайыпты Украинада босқын мәртебесін алған.

Былтыр күзде Қазақстан билігі Садықовтарға "алауыздық қоздырды" деген айыппен іздеу салған. Садықовтың өзі Азаттыққа айтқан пікірінде бұл істер саяси астар көретінін білдірген.

Садықовтар Youtube және Telegram платформаларындағы арнасында Қазақстан билігіне сын айтатын видеоларды жариялайтын. Сондай видеолардың кейінгілерінің бірінде олар Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты ресейшіл көзқараста деп айыптаған.

Марқұмды ақтық сапарға шығарып салған күні Наталья Садықова күйеуінің қазасы отбасына ауыр тигенін айтты.

– Қадамымды ақырын басатын күйдемін. Қазір мойнымда Айдосты лайықты деңгейде шығарып салу міндеті тұр. Қалғанын кейін ойластырармын. Балаларымыз ауыр күй кешіп отыр. Оларды қолдап, Айдосты ақтық сапарға аттандырып, оның қылмыстық ісімен айналысуым керек. Қазір тек орындаушылар ғана анықталып отыр. Осы қылмысқа тапсырыс берушілерді, арадағыларды табу керек.

Садықовтың қазасынан соң Украина прокуратурасы істі "Кісі өлтіруге оқталу" бабынан бір топ кісінің уағдаласуымен және тапсырысымен жасалған "Қасақана кісі өлтіру" бабына ауыстырғанын мәлімдеді.

Халықаралық ұйымдар журналистерге жасалған қастандықты айыптап, Киев пен Астананы қылмысты тергеуге шақырды.

ЕҚЫҰ-ның баспасөз бостандығы жөніндегі өкілі Тереза Рибейро 3 шілде күні X платформасындағы аккаунтында Айдос Садықовтың қазасын естіп, "есеңгіреп" қалғанын жазды.

"Бұқаралық ақпарат құралы қызметкерлерін өлтіру – БАҚ еркіндігіне шабуыл. Әділет орнауы қажет" деп жазды ол.

2 шілде күні "Шекарасыз тілшілер" халықаралық ұйымы Украина және Қазақстан билігін Айдос Садықовтың қазасына кінәлі адамдарды тезірек тауып, жазасын беруге шақырды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG