УЕФА Түркия құрамасының футболшысы Мерих Демиралды Еуро-2024 додасында қолымен "Көк бөрінің" белгісін көрсеткені үшін екі матчтан шеттетті. Демирал бұл ишараны доданың 1/8 финалында Австрия қақпасына гол салған соң көрсеткен еді (Түркия жеңіске жетіп, ширек финалға шыққан).
Демирал көрсеткен "көк бөрі" - Түркияда ұлтшылдығымен танылған "Түркия ұлттық қозғалысы партиясының" жастар қанатының ("Көк бөрілер") белгісі. Бұл ұйымға әлем елдерінің біразы "радикализмді, расизмді насихаттайды" деп тыйым салған. Ал Түркияда "көк бөрі" ұлттың белгісі ретінде де қарастырылады.
Осылайша Демирал ертең, 6 шілдеде Еуроның ширек финалындағы Түркия-Нидерланд ойынына, егер Түркия жартылай финалға шықса ол матчқа да қатыспайды.
УЕФА Демиралды жарыстан шеттету себебін ресми түрде "спорт жарысында спортқа сай келмейтін ерсі қылық көрсету арқылы футболдың репутациясын бұзды" деді.
Демиралдың ишарасы Германия мен Түркия арасындағы дипломатиялық шуға да түрткі болды. Екі елдің сыртқы істер министрлігі бір-бірінің елшілерін шақыртқан. Түркия сыртқы істер министрлігі Берлинді ксенофобияға айыптады. Ал Германия сыртқы істер министрлігі "Еуропа чемпионатын расизм белгісін көрсететін жерге айналдыруға жол жоқ" деді.
ПІКІРЛЕР