РҮСТЕМ ТҰЯҚОВ ҚЫЗЫЛОРДА ТҮРМЕСІНДЕ ОТЫР
2006 жылы шілденің 14-і күні Алматыдағы Шаңырақ тұрғындары мен полиция арасындағы қанды қақтығысқа қатысты қозғалған қылмыстық іс бойынша ұзақ мерзімге сотталған төрт азаматтың ең жасы – Рүстем Тұяқов. Істі болғанда ол 23-те еді.
14 жылға сотталған Тұяқов қазір Қызылорда қаласындағы ЗК-169/5 қатаң режимдегі түрмеде отыр.
Рүстемнің анасы Райхан Тұяқова «Шаңырақ оқиғасының» төрт жылдығы қарсаңында ұлының кіндік қаны тамған Ұзынбұлақ ауылында "құдайы тамақ" берді.
«Мен әділ соттың болмағанына күйінемін. Менің балам ақтай күйіп отыр. Рүстемнің өзі: «Халық не дейді? Мен ақпын ғой» деп күйінеді», - дейді ол.
Шаңырақ оқиғасына қатысты іс бойынша іздеуге түскен ондаған шаңырақтықтардың тізіміне енген Рүстем Тұяқов құқыққорғау органдарына өзі барып берілді
«Әкесі жоқ демесін деп жеті баланы жетектеп жүріп өсірдім. Менің балаларымды қалай тәрбиелегенімді бүкіл аудан біледі», - дейді Рүстемнің анасы.
Райхан Тұяқованың айтуынша, орта мектепті бітірген соң Рүстем қалаға келіп құрылыс компаниясында сылақшы болып істеген. Кейін сол мекеменің нұсқауымен 2007 жылы жазда құрылыс институтына сырттай оқуға түскен.
«Оқуға түскен кезде мына жағдайға ұрынды. Ол жерді мен басып алған жоқпын, баламның атына несие туралап ақшаға сатып алдым. Үйдің іргетасы ғана құйылғанда балам сотталып кете барды».
2006 жылы Шаңырақ оқиғасына қатысты қылмыстық іс бойынша іздеуге түскен ондаған шаңырақтықтардың тізіміне енген Рүстем Тұяқов құқыққорғау органдарына өзі барып берілді. Анасының айтуынша, ақ екендігіне сенімді Рүстемнің тергеу барысында-ақ ақталып шығарына күмәні болмаған-ды. Бірақ ол өз еркімен полиция табалдырығын аттағаннан кейін бостандыққа қайта шыққан жоқ; сотқа дейін Алматыдағы тергеу абақтысында отырды.
«Алматыдағы абақтыда баламның көрмегені жоқ: қолын кісенмен «паровойға» таңып ұрып-соққан, зорлаған, аяғына от қойған», - дейді Тұяқова.
Рүстем Тұяқов пен басқа да айыпталушылар «Шаңырақ ісін» қараған Алматыдағы қалалық сотта тергеушілер зорлық-зомбылық көрсетті деп мәлімдеді. Бірақ сот бұл жағдайды ескерусіз қалдырды.
Райхан Тұяқова тергеу абақтысындағы баласы ауыр халде жатыр деген хабарды кеш естігендігін, соның өзінде бір ай бойы кездесе алмай жүргендігін, Рүстемді емдеуге қажетті дәрі-дәрмектер алып бергендігін айтады.
«Қазір баламның денсаулығы жоқ: тісі түскен, бүйрегі, қуығы және басы ауырады», - дейді ол.
Жақында Райхан Тұяқова Қызылордаға барып, түрмедегі баласының қасында үш күн болып қайтты. Райхан апайдың айтуынша баласы Алла жолына түсіп, намаз оқи бастаған. Рүстем Тұяқов өзіне тағылған айыптармен келіспейтіндігін айтыпты. Райхан Тұяқова баласының жазықсыз екендігіне сенімді.
«Балалар маған келіп, кешірім сұрады, «сіздердің көз жастарыңыз жібермеді» деп айтты. Мен ағалы-інілі Ибрагимовтардың айтқандарын, сотта сөйлегендерін газеттен қиып алып, үйде сақтап отырмын», - дейді Тұяқова.
Апелляциялық шағым Жоғарғы сотта қаралар қарсаңында «Шаңырақ ісі» бойынша айыптаушы жақтың екі куәгері – Айбатыр және Бауыржан Ибрагимовтер тергеу барысында жалған мәлімет бергендерін мойындаған еді. Бірақ Жоғарғы сот үкімді өзгеріссіз қалдырды.
ҚҰРМАНҒАЗЫ ӨТЕГЕНОВ ПАВЛОДАР ТҮРМЕСІНДЕ ОТЫР
«Шаңырақ ісі» бойынша 16 жылға сотталған Құрманғазы Өтегенов қазір Павлодардағы қатаң режимдегі түрмеде отыр. Құрманғазының жұбайы Гүлжан Құрманованың айтуынша, Шаңырақ оқиғасы қарсаңында жас отбасыда үшінші бала – Мирас дүниеге келген екен. Мирас қазір төрт жаста.
«Бала әкесін танымайды. Бір жасқа жақындағанда әкесін көрсетейік деп сотқа алып бардық. Ортамызда – тор. Бала қатты шыңғырып жылап жіберді. Қалай қойдыру керектігін білмедік. Арон отыр екен, «әне, ата» деп еді, соған жалт қарады да, жылағанын қоя салды», - дейді Мирастың анасы.
Гүлжан Құрманова күйеуі түрмедегі қиыншылықтар туралы жасырады деп есептейді. Бірақ ол Құрманғазының Павлодар түрмесіне түскеннен кейін қатты науқастанып қалғандығын жақсы біледі. Өтегенов менингитпен ауырды.
«Түрмеде берген дәрілердің мерзімі өтіп кеткен екен. Біз дәрі-дәрмек сатып алып бердік. Толық емнен өту керек еді, бірақ ол бір апта ғана дәрі қабылдады. Құрманғазының өзі жазылып кетем деп бізді жұбатады», - дейді Құрманова.
Құрманғазы Өтегеновтың өзі Азаттық радиосына берген сұхбатында түрме өмірі туралы ашып ештеме айтпады, бірақ абақтыда көрген қорлығын жасырған жоқ. Өтегенов Алматыдағы тергеу абақтысында зорлық-зомбылық көргендігін, атап айтқанда аяғын шоқпармен үш жерден сындырды деп сотта айтқан-тын. Дұрыс бітпегендіктен бе, сол аяқ әлі күнге дейін қақсайды дейді ол.
Құрманғазы осыдан төрт жыл бұрын көпшілікпен бірге үй қорғауға шыққаны үшін өкінбейді, ақшаға сатып алған заңды баспанасын қолдан бере салғысы келмегендігін айтады.
«Айыптармен келіспеймін. Кісі өлтірдің деп отыр. Қолдан жасамаған нәрсені қалай мойындаймын? Сол жерде болғаным рас», - дейді Өтегенов.
Өтегенов біраз уақыттан бері өзін отбасына жақын басқа бір түрмеге ауыстыруын сұрағандығын, бірақ оның бұл өтінішін орындамай отырғандығын айтты.
«Заң орындалмайды. Бұл жерде де бірдеме алсаң немесе кіргізсең де ақша сұрайды», - деді Өтегенов.
Құрманғазының бұл сөзін түрмедегі көршісі Ербосын Есқұлов та растайды. Оның айтуынша, түрмедегілердің арыз-шағымдары, артық сөздері түрме қабырғасынан ары аспайды.
«Құрманғазының осы айтқандарын мен толықтай растаймын. Қысымшылық жасау арқылы мұндағылар ақша істейді. Мысалы, кездесу алудың парасы 10 мың теңгеге дейін барады», - дейді сотталушы.
ЕРҒАНАТ ТАРАНШИЕВ СТЕПНОГОРСК ТҮРМЕСІНДЕ ОТЫР
15 жылға сотталған Ерғанат Тараншиев Степногорск қаласындағы ЕЦ-166/18 түрмесінде отыр. Әпкесі Шолпан Әбдібақастың айтуынша, биыл мамыр айында үш туысы Степногорскіге барған, бірақ Ерғанатты оның ағасы ғана көре алған. Түрмедегі кездесу бар болғаны бір сағатқа созылған, Ерғанаттың тістері мен шаштары түсіп қалғанын көріп, суықтан бүйрегі ісігенін білген.
«Түрмеге дейін Ерғанат бір жылдан астам уақыт Алматыдағы абақтыда отырды. Сонда көрген зорлық-зомбылықтарының зардабы енді көрініп жатыр. Оның үстіне солтүстіктің табиғаты Ерғанатқа жақпайды», - дейді Әбдібақас.
Өткен жылы жазда түрмеде жазған хатында Тараншиев зорлық-зомбылыққа шыдамай күре тамырын кескендігі туралы баяндаған еді.
«...2009 жылдың май айының ортасында түрме бастығы Шайгөзовтың орнына Д.Ахметов келді. Әкем кездесуге келіп кеткеннен кейін Ахметов маған кездесуге тыйым салып, қысым көрсетті. Сол кезде мен тамырымды кестім, қолымдағы тамырды кестім. Себебі, ол қысымға төзу мүмкін емес еді...» делінген бұл хатта.
Бұған қоса Тараншиев түрме қызметкерлері басын «дәретхана суына тығып тұншықтырып», «жалаңаш шешіндіріп» ұрғандығы туралы хабарлады.
«Содан кейін изоляторға әкеліп, төрт жаққа тарта отырып, жіппен керіп, табанымызды соққылады. Аузымызға әр нәрсені тыққылап, қызыл шүберек байлап, қатты қинады. Бұл азаптау таңға дейін жалғасты, таңертең әрқайсымызды бір-бірден қамады. Матрац ешнәрсе, жоқ, цементте жаттық...».
Ерғанаттың туған-туыстары оны Степногорск түрмесінен басқа жаққа ауыстыруға тырысып көргендіктерін, бірақ бұл әрекеттерінен ешқандай пайда болмағандығын айтып отыр.
Шолпан Әбдібақастың айтуынша, інісі айына бір мәрте қалалық телефонға хабарласады екен, бірақ әңгіме үш минуттан аспайды.
Ерғанат түрмеде өлең жазады. Оның бауырларына жазған хаттарындағы өлеңдер сағыныш, өкініш және болашаққа сенім туралы екен.
«Ерғанат күзде үйленемін деп отырғанда осындай жағдай болды. Ол өмірдің қызығын көрген жоқ, түрме азабын жақысыз тартып жатыр», - дейді бауыры.
Түрмеде жазған хаттарының бірінде Ерғанат кітапханаға көп баратындығын, мешітке барып намазға жығылғандығын жазған екен.
АРОН АТАБЕК АРҚАЛЫҚ ТҮРМЕСІНДЕ ОТЫР
18 жылға сотталып, Арқалықтағы УК-161/12 түрмесінде жазасын өтеп жатқан диссидент Арон Атабек туралы жаңалық соңғы мәрте осыдан үш ай бұрын келді. Аронның сәуірдің 23-і күні жазған хаты маусым айында ғана оның жұбайы Жайнагүл Айдарханның қолына тиді.
Ол әуелі Қаражалдағы түрмеге түскен еді. Сол түрмеде тәртіпке мойынсұнбаған дейін айыппен мерзіміне тағы екі жыл қосылып, Арон Арқалықтағы аса қатаң режимдегі түрмеге ауыстырылды.
Араға ай салып жеткен хатта автор Арқалық түрмесіндегі азаптаулар туралы жазады.
«Мені мұнда ең қатаң инструкциямен қарсы алды. Жалғыз адамдық камерада бейне бақылау орнатылған. Телефон соғуға болмайды. Төсекке күндіз екі сағат қана жатуға болады, қалған уақытта жантайып жатуға тыйым салынған. Сталиннің өзі шайға деген ыстық суды аямаушы еді» делінген хатта.
Диссидент бұл хатында асқазанының ескі жаралары қайта сыр бере бастағандығын айтып өтіпті. Жайнагүл Айдархан болса қатты уайымдамасын деген ниетпен Арон өзінен және балаларынан түрмедегі шындықтың бірсыпырасын жасырып қалып отыр деп есептейді. Оның пікірінше, Аронның жағдайы хатта жазылғандағыдан әлдеқайда ауыр болуы мүмкін.
Хаттың Арқалықтан Алматыға дейін бір айдан асқанда әрең жеткендігінен секем алған ол бұл хат Аронның дәл қазіргі жағдайын толық сипаттай алмайды деп есептейді. Бұған қоса, Жайнагүл Айдархан сәуірдегі хаттан кейін Арон тағы да хабарсыз кетті деп одан сайын алаңдап отыр.
Басып алған жерлерден кетуді талап еткен жергілікті билікке қарсылық білдірген Алматыдағы «Шаңырақ» шағын ауданының тұрғындары 2006 жылы шілденің 14-і күні құқық қызметкерлерімен қақтығысып қалған еді.
Жаппай қақтығыс кезінде Алматы қаласының Бостандық аудандық ішкі істер басқармасының 24 жастағы тергеушісі Әсет Бейсеновтің үстіне белгісіз біреулер бензин құйып өртеп жіберген болатын. Денесінің 70 пайызы күйіп кеткен ол, 12 күннен кейін Алматыдағы №12 ауруханада көз жұмды.
Бұл оқиға бойынша қозғалған қылмыстық істі қараған Алматы қалалық соты 2007 жылы қазанда 24 адамға сот үкімін шығарды. Төрт адам Қазақстанның төрт тарапындағы түрмелерге ұзақ мерзімге тоғытылып кете барды. Олар үшін қазір қарапайым күнкөрістің өзі олжаға айналған. Қазақстанның саяси өмірінде осы төртеу турасында жақ ашқандар да жоққа тән.