Accessibility links

Шаңырақта қаза тапқан Әсет Бейсенов тірі болғанда биыл 27 жасқа толар еді


Жеде жәрдем қызметі қатты күйіп қалған полиция офицері Әсет Бейсеновты ауруханаға апарғалы жатыр. Шаңырақ, 14 шілде 20006 жыл.
Жеде жәрдем қызметі қатты күйіп қалған полиция офицері Әсет Бейсеновты ауруханаға апарғалы жатыр. Шаңырақ, 14 шілде 20006 жыл.

Үш жыл бұрын Шаңырақта болған қақтығыста полицияның аға лейтенанты Әсет Бейсеновтің үстіне жанармай құйып, өртеп жіберді. Көзі тірі болғанда ол биыл 27 жасқа толар еді. Әке-шешесінің жалғыз ұлы Әсет шаңырақ құрып үлгерген жоқ-тын.

Үш жыл бұрын, 2006 жылдың 14 маусымында аға лейтенант Бейсеновке өзге де полицейлермен бірге Алматының Әуезов ауданына қарасты Шаңырақ шағын ауданындағы заңсыз құрылыстарды жойып, жер телімдерін босату шарасын атқару міндеттелді.

Алматылық полицей Алмас Алпамысов аталмыш шара басталғанда Әсеттің жанында болғанын айтады.

Полиция қызметкерлері жолдарын бөгемек болған әйелдердің шебін бұза-жара алға жылжыды. Шаңырақ, 14 шілде 2006 жыл.
– Біз сап түзеп бара жаттық, Әсет алға озып кетіп, үйлердің арасында қалып қойды. Біз оған жәрдем бере алмадық, өйткені, өзіміз әрең дегенде қашып құтылдық, ал, Әсет сол жерде қалып қойды деп ойламадық та, – деді Азаттық радиосына Алмас Алпамысов.

Әсетпен бірге жұмыс істегендердің сөзі бойынша, ол ішкі істер органына қызметке қаза табардан екі жыл бұрын ғана орналасқан екен. Жас әрі болашағы бар Әсет Бейсенов бір жыл жасөспірімдер ісі жөніндегі инспектор қызметін атқарғаннан кейін тергеуші болып ауысқан. Басшылық оның талдап ойлау қабілеті мен тәртіпке беріктігін бағалады, ал, әріптестерінің арасында беделі биік болды.

Әсет үйінің жалғыз баласы ғана емес, сонымен қатар ол үйінің жалғыз асыраушысы да еді. Оның өліміне туыстары ешкімді де кінәлағысы келмейді: аға лейтенант Бейсенов бұйрықты орындады. Бүгінде Әсеттің әкесі Қуат Бейсенов – мүгедек, анасының да денсаулығы мәз емес.

Әсеттің қазасынан кейін Алматы қалалық ішкі істер департаментінің басшылығы оның артында қалған отбасына пәтер беріп, марапат көрсетуге уәде еткен. 2006 жылдың аяғында Әсет Бейсеновке екінші дәрежелі «Айбын» ордені берілді.

Әсеттің көкесі Қуаныш Бейсенов Азаттық радиосының тілшісімен әңгімесінде үй ішінің қайғысын жеткізді.

Дәрігерлер қатты күйген полиция офицері Әсет Бейсеновты жедел жәрдем көлігіне салып жатыр. Шаңырақ, 14 шілде 2006 жыл.
– Біздің тамырымыз үзілді. Енді, ұрпақты жалғайтын ешкім жоқ. Сөз жоқ, біз ауыр қайғыға, жазылмас жараға душар болдық. Біз ешқашан дүниенің соңына түсіп, байлық қуған емес едік, бізге пәтердің керегі жоқ. Сол оқиға есімізге түссе болды, қалайша адамды тірідей өртеп жіберуге болады деп жағамызды ұстаймыз. Қалайша, соғыс жоқ, бейбіт өмірде осындай іс болады? Бірақ, біз ешкімді кінәламаймыз, өйткені, қызметтік борышты өтеу барысында әркім де қазаға ұшырау мүмкін және ұшырап та жатыр. Оның ауру-сырқау ата-анасын Әсеттің қазасы одан сайын нашарлатып жіберді, - деді Қуаныш Бейсенов.

Әсет Шаңырақтағы оқиғадан бірнеше күн өткенде ауруханада жан тапсырды. Әсеттің қаза болған күні, шілденің 26-сында оның туыстары мен әке-шешесі ас беріп, еске алады. Туыстарының айтуынша, Әсет жан-жақты жігіт еді: спортпен шұғылданатын, екі бірдей жоғары білімі бар болатын.

Айтпақшы, Шаңырақтағы оқиғаның қатысушылары да 14 шілдеде Әсет Бейсеновты еске алып, ас берді. Ол күні олар Әсетті ғана емес, темір тордың арғы жағында отырғандарды да еске алды.

Еске сала кетейік, Шаңырақ трагедиясынан кейін қылмыстық іс бойынша сотқа тартылған 24 адамға айып тағылған еді. 2007 жылғы қазан айында Алматы қалалық сотының үкімімен олардың төртеуі ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.
XS
SM
MD
LG