Accessibility links

Арон Атабек Қазақстандағы жүйесі қатал түрмелердің біріне ауыстырылды


Арон Атабектің Алматыдағы тергеу абақтысында (СИЗО) тығылып түсірілген суреті. Ақпан, 2007 жыл.
Арон Атабектің Алматыдағы тергеу абақтысында (СИЗО) тығылып түсірілген суреті. Ақпан, 2007 жыл.

«Шаңырақ ісі» бойынша 18 жылға сотталған ақын Атабек Қарағандыдағы түзеу мекемесінен Арқалықтағы аса қауіпті қылмыскерлер отыратын түрмеге жөнелтілді. Колония әкімшілігі ол тәртіп бұзғаны үшін ауыстырылды десе, құқық қорғаушылар мұның басқа себебі барын айтады.


ҚАРАЖАЛ МЕН АРҚАЛЫҚТЫҢ АРАСЫ

Арон Атабектің Қарағанды облысының Қаражал қалашығындағы түзеу мекемесінен Арқалықтағы қатаң тәртіптегі түрмеге ауыстырылып жатқанын алдымен Азаттық радиосына оның әйелі Жайнагүл Айдархан хабарлады.

– Ол қазір жолда. Этаппен Арқалыққа кетіп барады. Оны Қаражалдан Қарағандыға, одан кейін Астанаға апарды, қазір Арқалыққа бара жетіп қалған болар. Ол енді лагерь емес, аса қауіпті қылмыскерлерге арналған жабық түрме. Мендегі мәліметтің барлығы ресми емес. Бірақ оның сонда кеткендігін мен нақты білемін, – деді Жайнагүл Айдархан.
Жайнагүл Айдархан, ақын Арон Атабектің зайыбы

Қаражалдағы 159/22 түзету колониясы бастығының орынбасары Шыңғыс Кәдірсізов радиомызға берген түсініктемесінде бұл ақпаратты растап отыр.

– Арқалықтың түрмесіне ол кісі Қаражал қалалық сотының шешімімен ауыстырылды. Колониядан қатаң режимдегі түрмеге ауыстырылу – тек қана соттың шешімімен жүзеге асырылады. Ол сонда екі жыл отыруы тиіс, – деді Шыңғыс Кәдірсізов.

Арон Атабектің ісінің сотта қаралуына не себеп болды деген сұрағымызға ол:

– Жаза мерзімін өтеушінің алғашқы күннен бастап тәртіп бұзушылығы тым көп болса, сот шешімімен жазасын өтеу мекемесін ауыстыру құқы бар, – деген Шыңғыс Кәдірсізов Арон Атабектің қанша рет, қандай тәртіп бұзғандығын атап беруден бас тартты.

АСТАРЛЫ БІР СЕБЕБІ БАР

Адам құқы мен заңдылықты сақтау жөніндегі қазақстандық бюроның Қарағанды облысындағы бөлімшесінің директоры Юрий Гусаковтың айтуынша, 2007 жылдан бері Қаражал түзету колониясында жазасын өтеп келген Арон Атабектің Арқалыққа ауыстырылуының өзге де себебі бар.

– Заңдық жағынан алғанда ешқандай кінәрат таба алмайсыз. Себеп – сот шешімі бар, олар сол шешімді жүзеге асыруы керек. Дегенмен, бұл жерде бірнеше түсініксіз жайттарға жауап іздеу керек. Біріншіден, сот шешіміне қатысты Атабек сот билігіне наразылық білдіру құқын пайдалана алды ма? Белгісіз. Екіншіден, мен колонияда ақпан айында болған кезімде сотталған Арон Атабек пен колония бастығының орынбасары екеуінің арасында кикілжіңнің бар екендігіне көзім жетті. Сондықтан, Арон Атабектің Арқалыққа ауыстырылуының негізгі себебі – колония басшылығы мен тұтқынның қарым-қатынасының нашарлауынан деп ойлаймын, – деді құқық қорғаушы.

Алайда колония бастығының орынбасары Шыңғыс Кәдірсізов бұл болжамды жоққа шығарды.

– Жоқ, ол өтірік айтады. Бізде мысалы мың адам отыр мен олардың барлығының тағдырын шеше алмаймын ғой. Кикілжің деген ол жеке қарым-қатынас, мүмкін Аронның өзі солай ойласа, мен таласа алмаймын. Ал менің оған тағар ешқандай айыбым да, кінәм да жоқ! – деді колония бастығының орынбасары.

АРОННЫҢ ӘЙЕЛІНЕ ЖЕТПЕГЕН ӨСИЕТ-ХАТЫ

Жайнагүл Айдархан, күйеуінің осы жылдың басынан бері үш хат жазғандығы жайлы айтады. Оның бірінде ақынның өсиеті жазылған.

Атабектің қауіпсіздігіне алаңдаған әйелі түрмедегі күйеуіне қатысты ақпараттың өзіне қалай жететіндігін айта алмаймын дейді.

– Ол бірнеше хат жіберген екен, оның бірде- бірін мен алмадым. Оның бірінде ол өсиет-хатын жазыпты. Онда Арон: «мен қайтыс болған жағдайда мені тәңіршілдік рәсімімен жерлеулеріңізді сұраймын» депті. Және Қаражал колониясының әкімшілігінен тартылып алынған заттары: Шаңырақ бойынша құжаттарды, әдеби шығармалары және өзге де жеке заттарын міндетті түрде қайтарып алуымды міндеттепті. Мен енді не істерімді, кімге хат жазып, хабарласарымды білмей отырмын, – деді Жайнагүл Айдархан.

Арон Атабек, 2006 жылы шілде айында Шаңырақта болған жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырды, тұрғындар мен полицияның қақтығысында полиция қызметкерінің қаза табуына айыпты деп табылып, 18 жылға сотталған. Жалпы "Шаңырақ ісі" бойынша 24 адам жауапқа тартылып, түрлі мерзімдерге бас бостандықтарынаан айырылған болатын.
XS
SM
MD
LG