Accessibility links

Министр шетелден қандай ғалымдарды қайтармақшы?


Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов шетте жүрген қазақ ғалымдарын елге қайтару жөнінде бастама көтерді. Алайда бүгін қарашаның 22-і күні министрліктің баспасөз қызметі министр айтқан ғалымдардың тізімі әлі бекітілмегенін хабарлады.


Бақытжан Жұмағұлов шет елдерде еңбек етіп жүрген қазақ ғалымдарын елге қайтару жөнінде мәжіліс депутаттары алдында бастама көтеріп, олардың нақты санын да айтып қалған. Оның пікірінше сыртта жүрген 125 ғалымның Қазақстанға пайдасы қажет болып тұр.

Дүйсенбі, қарашаның 22-і күні білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі Азаттық радиосына берген мәлімдемесінде тізімнің әлі бекітілмегенін жасырмады.

- Ол тізім жұмыс барысындағы тізім. Әлі бекітілген жоқ. Мәжілісте айтылғанымен оны жариялауға арналмаған, - дейді білім және ғылым министрлігі баспасөз қызметінің жетекшісі Майра Балғымбаева.

ЕКІНШІ РЕТ КӨТЕРІЛІП ОТЫРҒАН БАСТАМА

«Шетте жүрген ғалымдарды елге қайтару идеясы дұрыс. Бұл бастаманы бұрын да президент ұсынған болатын», дейді философия ғылымдарының профессоры Амангелді Айталы. Оның айтуынша шет елде жүрген кейбір ғалымдармен Қазақстан президенті бұрын да кездесулер өткізген. «Бірақ ол ғалымдар елге оралмады» дейді, ғалым Амангелді Айталы.

Бұл ұсыныс Назарбаев университетіне мамандардың жетіспеушілігінен туындап отыр деген пікірде Амангелді Айталы. Өйткені басқа елден келген мамандардың Астананың ауа райына бейімделіп жұмыс жасап кетуі екіталай.

Бұрынғы депутаттың пікірінше шет елдегі Қазақстандық ғалымдарды отанына қайтару үшін сол жақта көріп отырған күн көрістерінен артық жағдай жасау қажет.

ЫНТАЛАНДЫРУ ТҮРІ

Мәжіліс депутаты Қамал Бұрхановтың пікірінше Назарбаев университетінің статусы бөлек, қаржы-қаражаты да басқаша. Сондықтан ол бұл жолы шеттегі қазақ ғалымдары отандарына оралады деген ойда.

- Бүгінгі таңда біз ол ғалымдарымызды, қазақ ғалымдарының әлеуметтік жағдайын жасап, ол жақта алатын жалақысынан кем ақша төлемейтіндей мүмкіндігіміз бар. Бұл қазір тәжірибе жүзінде іске асқалы тұр, - дейді депутат Қамал Бұрханов.

Философия ғылымдарының профессоры Амангелді Айталының айтуынша, сыртта жүрген қазақ ғалымдарының саны 125-тен көп. Алайда олардың бірқатары Қазақстаннан үркіп кеткен адамдар, сондықтан келе қоймайды деген пікірде.

- Ал келетіндерге әлеуметтік жағдай жасауға Қазақстан әлі дайын емес, - дейді Амангелді Айталы.
XS
SM
MD
LG