Accessibility links

Наразы үлескерлер ЕҚЫҰ саммитін аштық жариялап қарсы алмақ


Астана қаласының бір көрінісі. Көрнекі сурет.
Астана қаласының бір көрінісі. Көрнекі сурет.

Алматы мен Астанада баспана мәселесін шеше алмаған бір топ азамат аштық жариялап жатыр. Алматыдағы наразылық 10 күн бойы жалғасып жатса, Астанадағы үлескерлердің ас-судан бас тартқанына 3 ай болды. Билік өкілдері екі топқа да қатысты немқұрайдылық танытып, тұрғындар мәселесін шешуге асығар емес.


Алматыдағы Бақай ықшам ауданының бір топ тұрғындары аштық жариялап жатқанына бейсенбі 10 күн толды. Наразылық акциясын 10 адам бастағанмен, денсаулығы сыр берген үш адам шараны тоқтатуға мәжбүр болған.

ЖЕР ДАУЫ

Наразы топ өздеріне тиесілі жерлерді заңдастырып берудің орнына шенеуніктер басқа біреулерге беріп жібергендігін айтады. Дегенмен олар кезінде бұл жерді басып алу арқылы иеленгенін де жасырмайды.

- Шыны керек біз кезінде басып алған едік. Кейін әкімшілік рұқсат бергендей болып, баспана тұрғыза бастадық. 2006-шы жылы ешқандай соттың шешімінсіз, еш ескертпестен біздің үйлерімізді күреп кетті. Бірқатар наразылық акцияларынан кейін билік бізге тағы да баспана салуға рұқсат берді. Бірақ сол кезден бері баспаналарымызды заңдастырмай келеді, - дейді наразылық білдірушілердің бірі Нұрлан Боқыбаев.

Билік Бақайдағы жерді заңдастыруға көшкенде, Бақайда ешқашан тұрмаса да жері де, үйі де болған 113 адам «пайда» болды, дейді сұхбаттасымыз.

- Көп ұзамай сол сырттан келген адамдар ақша беріп, жерлерді заңдастырып алды. Ал біздер қалып қалдық, - дейді ол.

Аштық жариялап жатқан 10 күннің ішінде бірде бір билік өкілі төбе көрсетпегендігін айтқан сұхбаттасымыз, өздерінің алған бетінен қайтпайтындығын жеткізді.

ЖАРЫМ БАСПАНА

Баспана мәселесін аштық акциясы арқылы шешуді жөн деп тапқан ендігі бір топ Астанада үш айдан бері наразылық білдіріп жатыр. Астаналық үлескерлердің саны қазір 100-ден асты.

Олар екі және одан да көп пәтер үшін ақша беріп, соңында үкіметтің биыл 1 сәуірдегі қаулысының негізінде тек бір ғана пәтерге ие болған азаматтар. Олар өздеріне тиесілі үйдің берілуін немесе қаржысының қайтарылуын талап етіп отыр. Осы уақытқа дейін билік өкілдерінен еш хабар алмаған үлескерлер бас прокуратураға арнайы хат тапсырған.

- Біз бұған дейін «Жаңақұрылыс» компаниясының бастығының заңсыз әрекеттерін әшкерелейтін бірқатар құжаттар алып барып бергенбіз. Алайда тиісті тергеу жүргізіліп, құрылыс компаниясының бастығына қатысты шара қолданудың орнына біз оның осы күндері жұмысқа шыққандығын естідік. Осыған наразылық ретінде бүгін бас прокуратураға барып, 200 адамның атынан жазылған хатты табыс еттік, - дейді «Лайықты баспана үшін» қоғамдық компаниясының үйлестірушісі Ардақ Бижігітов Азаттыққа.

Олардың пікірінше өздерін алдап соққан құрылыс компанияларының басшылары қызметінен кетуі тиіс.

Үлескерлер жазда бастаған аштығын Астанада осы жылдың желтоқсан айында өтетін ЕҚЫҰ саммитіне дейін жалғастыратындығын мәлімдеген еді. Ондағы ойлары сол кезге дейін жағдай өзгерер деп үміттенген.

- Ешқандай реакция болмаған соң, біз енді қарашаның 26-сынан бастап 300 адам жаппай аштық акциясын бастамақпыз, - деді Ардақ Бижігітов.

Біз алданған үлескерлер мен баспана мәселесіне қатысты Алматы мен Астана қалаларының әкімшіліктері мен жер қатынастары департаментіне хабарласқанымызбен, бұл мәселеге қатысты жауап беретін бір де бір шенеунік шықпады.
XS
SM
MD
LG