Accessibility links

Кит Келлог: Украиндар келіссөз үстелінде отыратыны анық, еуропалықтардың қатысуы екіталай


АҚШ президентінің Украина жөніндегі арнайы уәкілі Кит Келлог.
АҚШ президентінің Украина жөніндегі арнайы уәкілі Кит Келлог.

АҚШ президентінің Украина жөніндегі арнайы уәкілі Кит Келлог Мюнхендегі қауіпсіздік конференциясында журналистердің Ресей мен Украина арасындағы бітім келісімі туралы сұрағына жауап бере отырып Украина келіссөз үстелінде отыратыны анық деп мәлімдеді.

Кейінгі күндері Киевте және Еуроодақ елдерінде АҚШ пен Ресей бітім жөнінде екіжақты келіссөз жүргізіп, Украина мен Еуроодақтың қатысуынсыз келісімге келе ме деген алаң күшейген.

"Әрине, украиндар келіссөз үстелінде болады" деді Келлог. Оның сөзіне қарағанда, келіссөзге Еуроодақ өкілдерінің тікелей қатысуы қарастырылмаған. Бірақ Келлог Еуропа лидерлерімен сөйлесіп, олардың ұсыныстарын сұрап жатқанын, Еуропа мүдделері ескерілетінін мәлімдеді.

Бұған дейін Еуроодақ лидерлері де, Украина президенті Владимир Зеленский де бейбітшілік келісіміне Еуроодақ өкілдері тікелей қатысуы керек деген. Бірақ бұл келіссөздердің формуласы әлі анықталмаған. Келлог келіссөзге Ресей мен Украина және араағайын ретінде АҚШ анық қатысады деп мәлімдеді. Келлог бұл келіссөзді 180 күн ішінде ұйымдастыруды өз мойнына алғанын айтты. Оның сөзінше, соғыс осы жылдың аяғына дейін тоқтауға тиіс.

Арнайы уәкілдің сөзінше, ол өз жұмысының нәтижесі санаулы аптадан кейін-ақ көрінетіндей етіп қызмет етуге барын салып жатыр. Бұл президент Трамптың талабы деді ол.

Келлог алдағы аптада Украинаға баратынын растап, Мәскеуге сапарлау қарастырылмағанын айтты. Оның сөзінше, Трамп Ресеймен сөйлесуді басқа арнайы уәкіл Стивен Уиткоффқа тапсырған.

Келлог АҚШ Украинаға қауіпсіздік кепілдігін берудің түрлі жолдарын қарастырып жатыр деді. Оның сөзінше, жай ғана атыстың тоқтауы мен бітім келісімі Украина үшін жетістік болмайды, жетістіктің өлшемі – бітім келісімін бұзуға жол бермейтін қуатты кепілдік.

РЕСЕЙ МӘМІЛЕГЕ БАРУЫ ҚАЖЕТ

Келлогтың сөзінше, Ресей өз күшін сарқып жатқанымен санаспай, жауды ұрып аламын деп жүріп жетістікке жете алмайды. Украинамен соғысты аяқтау үшін Мәскеуге мәмілеге келіп, кей мәселеде жол беруге тиіс деді ол Ресей кей жерлерден бас тартуы қажет екенін меңзеп.

Арнайы уәкіл сондай-ақ Вашингтон Мәскеудің Солтүстік Корея, Иран және Қытай елдерімен одақ құруын доғарғанын қалайды деді. Бұл елдер АҚШ-тың қарсыласы саналады.

Келлогтың айтуынша, Мәскеу АҚШ айтқан талаптарға көнбесе, қосымша санкциялар жариялайды және бір бөлігі Ресей мұнайына бағытталады. Ол сондай-ақ АҚШ басшысының Ресей президенті Владимир Путинмен сөйлескені жөнінде де пікір білдірді.

"Қаласақ та, қаламасақ та, қарсыласпен сөйлесу керек" деді ол.

  • Дональд Трамп Украинадағы соғысты аяқтайтынын бірталай мәрте мәлімдеген. Бұл оның басты мақсаттарының бірі екенін айтқан. Санаулы күн бұрын Трамп Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесіп, Ресей президенті бейбітшілік жөнінде келіссөз жүргізуді құптайды деді. Осыдан кейін ол Украина президенті Владимир Зеленскиймен де телефон арқылы сөйлесті. Трамп бейбітшілік жолында үлкен жетістікке қол жеткізгенін айтып отыр. Бірақ әзірге соғысушы елдер бітім келіссөзі жөнінде қандай да бір келісім барын растамады. Соғыс әлі жалғасып жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG