Ресей сыртқы істер министрлігі сенбіде мәлімдеме жасап, 15 ақпан күні АҚШ-тың бастамасы бойынша сол елдің мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен телефон арқылы сөйлескен. Кейінірек бұл сөйлесуді АҚШ мемлекеттік департаменті растады.
Ресей сыртқы істер министрлігінің мәлімдеуінше, әңгіме барысында өзекті халықаралық мәселелер бойынша, соның ішінде Украинадағы жағдайды реттеу бойынша тығыз қарым-қатынаста болу қажеттілігі атап өтілген, екі жақ Ресей-АҚШ қарым-қатынасындағы күрделі мәселелерді шешу үшін коммуникация каналын жандандыруға келіскен. Министрлік хабарламасына сәйкес, бұл әңгімеде екі елдің дипломатиялық өкілдіктерінің жұмысы да талқыланған.
АҚШ мемлекеттік департаментінің хабарлауынша, Рубио әңгіме кезінде АҚШ президенті Дональд Трамптың Украинадағы соғысты аяқтау жолдарын қарастырып жатқанын атап өткен.
Ресей 2022 жылы Украинаға басып кіргелі АҚШ пен Ресей президенттері сөйлеспеген еді. Алайда 2025 жылғы 12 ақпанда қызметіне жаңа кіріскен АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлескен. Рубиоға дейінгі мемлекеттік хатшы Энтони Блинкен де Лавровпен сирек сөйлесетін, бірақ халықаралық форумдарда екеуі кездесіп жүрді.
Сенбі күні бірқатар басылым өз дереккөзіне сілтеп алдағы аптада Сауд Арабиясында АҚШ пен Ресей өкілдері кездесіп, келіссөз жүргізетінін хабарлады. Кей деректерге қарағанда, бұл кездесуге Украина өкілдері де қатысуы мүмкін. Бірақ әзірге бұл ақпарат растала қойған жоқ. Рубио қазір мемлекеттік сапармен шетел аралап жүр. Сапар аясында ол Израильге, Сауд Арабиясына және БАӘ-ге бармақ. Оның Ресей өкілдерімен келіссөз жүргізетіні ресми хабарланған жоқ.
ПІКІРЛЕР