Қаңтар оқиғасы кезінде жақындарынан айырылған бір топ адам 5 қаңтарда Алматыдағы "Тағзым" мемориалына барып, құран бағыштап, марқұмдарды еске алды.
Олар мемориалға Қаңтар құрбандарының аты-жөнін жазуды, марқұмдарға арнайы статус беруді талап етті.
Бұдан кейін олар Алматы әкімдігіне барып, әкім Ерболат Досаевпен кездесуді талап етті. Алайда әкім көрінбеді.
"15 ата-ана Астана қаласына Ақорданың алдына барды. Не істедіңіздер, айтыңыздаршы? Автозакқа салып, 70-80 мың теңге айыппұл салды. Мен оны қалай төлеймін? Әкем пневмония болып жатты былтыр баласының сотына барамын деп. Шешем қолын сындырды. Мені сүйреп алып кетті. Енді айыппұл келіп тұр.... Оны уақытында төлемедің деп тағы 20 мың қосқан. Қашанғы шыдаймыз? Бұл не?...Атып атып өлтірді, соттады, [талап-мұңды еститін] бір әкім, бір қара жоқ қой... Не істеймін? Кімге айтамын, халқым?" деп айқайлап жылады әкімдіктің фойесінде тұрған кезде Қаңтарда жақынынан айырылған адамдардың бірі.
Марқұмдардың туыстары әкімдіктен қаза болғандарды еске алып, мемориалға гүл қойып, құран бағыштауды сұрады. Қанды оқиғаға үш жыл толған уақытта олар билік өкілдерінен ешкімнің қарапайым азаматтардың қайғыларына ортақтаспағанына назаланды.
"Үш жыл болды қанды оқиғаға. Бір еске алса болады ғой. Бір гүл шоғын қойып. Басқа қалаларда еске алып жатыр..." деді жиналған әйелдердің бірі.
Жексенбі күні түстен кейін әкімдіктен шыққан ата-аналар "Власть" басылымына өздерін қала әкімі емес, әкімнің орынбасары қабылдағанын айтты. Айтуларынша, олар шенеуніктермен марқұмдардың статусы мәселесін талқылаған, бірақ ешқандай шешімге келмеген.
Қаңтар оқиғасы құрбандарына арналған "Тағзым" мемориалы 2022 жылы желтоқсанда ашылған еді. Бұған дейін Қаңтарда туысынан айырылғандардың кейбірі ежелгі дәуірден совет заманына дейінгі кезеңде өмір сүрген танымал тұлғалардың сөзі жазылған ескерткіште Қаңтар құрбандарының аты-жөні аталмай қалғанына наразы болған.
- 2022 жылы Қаңтар оқиғасы Қазақстанның батысында сұйылтылған газ бағасының көтерілуіне байланысты наразылықтан басталған. Көп ұзамай халықтың әл-ауқатының төмендеуіне қарсы бейбіт наразылық саяси сипат алып, Қазақстанның басқа қалаларына да тарады.
- Наразылар барлық деңгейдегі билікті ауыстыруды талап ете бастады. Кей қалада митингілер аяғы полициямен қақтығысқа, әкімшілік ғимараттарды басып алып, дүние-мүлікті қиратып, өртеуге, азаматтарды жаппай ұстауға ұласып, кісі өліміне әкеліп соқты.
- Наразылықты басу үшін биліктің сұрауымен сырттан Ұжымдық қауіпсіздік шарт туралы ұйымның әскері шақырылып, елге енгізілді. Ресми дерек бойынша, Қаңтар оқиғасы кезінде кемінде 238 адам қаза болған, арасында балалар да бар.
- Қанды оқиғаға үш жыл толған уақытта да құқық қорғаушылар мен сарапшылар Қаңтардың басты сұрақтарына жауап табылған жоқ деп санайды. Азаттық ақпарат құралдарында шыққан Қаңтар соттарына шолу жасап, Қаңтарда қаза болған кемінде 238 адамның тек кемінде 15-інің өліміне қатысты сот өткенін анықтады. Адам өліміне қатысты көп қылмыстық іс жабылған. Оқиға кезінде ұсталып, азапталған азаматтардың көбінің шағымы қаралмаған. БҰҰ арнайы баяндамашыларының 2024 жылы 9 мамырда Қазақстан билігіне жолдаған сауалында Қаңтарға қатысты азаптау немесе билік өкілетін асыра пайдалану бойынша ашылған 329 қылмыстық істің 236 жабылып қалғаны жазылған. Былтыр қазан айында халықаралық ұйымдар Астананы Қаңтар оқиғасына байланысты азаптау шағымдарын қайта тергеуге үндеген еді. Осыған дейін ресми Астана Қаңтарды халықаралық сарапшыларды тарта отырып, тәуелсіз тергеу туралы ұсыныстан бас тартқан. Бұған дейін Қазақстан билік өкілдері халықаралық сарапшыларды тартуға қажеттілік жоқ деп мәлімдеген.
ПІКІРЛЕР