Accessibility links

C5 еді, C8 бола ма? Трамп әкімшілігінің Орталық Азияға қатысты саясаты қандай болмақ?


АҚШ-тың келесі президенті болып сайланған Дональд Трамп
АҚШ-тың келесі президенті болып сайланған Дональд Трамп

Ақ үйге Дональд Трамптың қайтып оралуы әлемдік державалар арасындағы тепе-теңдікті сақтауға үйреніп қалған Орталық Азия елдері үшін бетбұрыс сәт болуы мүмкін.

АҚШ-тың жаңа президенті Вашингтонның аймақтағы стратегиясын өзгерте ме, әлде әдеттегідей бизнес пен энергетика мүддесін бірінші орынға қоя ма дегенге сарапшылардың өзі біржақты жауап бере алмай отыр. Үйреншікті жолмен жүрмейтін Дональд Трамп Орталық Азияға бюрократиясы аз, мейлінше жеке көзқарасқа құрылған және мәміле мен пайдаға бағытталған жаңа қарым-қатынас түрін ұсынуы мүмкін. Аймақ экономикалық келіссөзді тәуелсіздігін нығайту тетігі ретінде пайдалана ала ма? Трамп Орталық Азиядан Қытай мен Ресейге қарсы одақтас іздей ме, әлде аймақ Ақ үйдің жоспарынан сырт қала ма?

Азаттықтың Орталық Азия бойынша шолушысы Брюс Панниердің Majlis подкастына:

  • АҚШ-тағы Бостон Солтүстік-батыс университетінің профессоры, Қырғызстан парламентінің экс-депутаты және Үндістандағы бұрынғы елші Бақыт Бешімов;
  • Вашингтондағы "Каспий саясаты орталығының" сарапшысы, АҚШ-тың Қазақстандағы және Тәжікстандағы бұрынғы елшісі, сонымен бірге Түркіменстандағы уақытша сенімді өкіл Ричард Хогланд;
  • Трамп бірінші рет президент болғанда да, қазір президенттіктен кетіп жатқан Джо Байденнің кезінде де АҚШ-тың Ұлттық қауіпсіздік кеңесінде Орталық Азия жөніндегі директор қызметін атқарған Эрик Руденшольд қатысты.

"ІСКЕР" ТРАМП ПЕН ОНЫҢ КАСПИЙ МАҢЫ АЙМАҒЫНДАҒЫ ЫҚТИМАЛ МҮДДЕСІ

Брюс Панниер
Брюс Панниер

Брюс Панниер Трамп бірінші рет президент болғаннан бергі төрт жыл ішінде Орталық Азияда үлкен өзгерістер болды деп санайды.

"Америка әскері Ауғанстаннан кетті, Ресей Украинаға жаппай басып кіргеннен кейін Орталық Азия елдерінің онымен қарым-қатынасы өзгерді. Аймақ арқылы өтетін сауда жолдары кеңейді, жаңа қиындықтар пайда болды, соның ішінде энергетика ресурсы мен [басқа да] маңызды пайдалы қазбаларға қол жеткізу бар", – дейді Панниер.

Оның пікірінше, 2001 жылғы 11 қыркүйек оқиғасынан кейін Орталық Азия мен АҚШ арасындағы қарым-қатынас ұзақ уақыт бойы қауіпсіздік мәселесіне негізделіп келсе, енді, шамасы, іскерлік мүддеге қарай бұрылатын сыңайы бар.

"Іскер адам" болғандықтан, Трамп президент болып отырғанда Орталық Азия белгілі бір деңгейде оның назарында болады деп санайтын Эрик Руденшольд Панниердің пікірімен келіседі. Сарапшы АҚШ-тың жаңа президенті Орталық Азияны "екінші қатарға" ысырып қоймайды деген жорамал айтады.

Эрик Руденшольд
Эрик Руденшольд

"[Трамп] бірінші рет президент болған кезінде Қазақстан мен Өзбекстанның президенттерін қабылдады. АҚШ-тың Орталық Азия аймағына арналған ұзақ мерзімді ұлттық қауіпсіздік стратегиясын ұсынды, онда аймақпен өзара қарым-қатынасты жан-жақты қамтитын жеті жылдық жұмыс ұсынылды. Әрі қазір Орталық Азия "бизнеске ашық". Орта дәліз аймақтың Батыс елдерінің сауда жолына шығу үшін тиісті байланыс орнатуға мүмкіндік берді", – деп есептейді сарапшы.

Оның айтуынша, қазір Қазақстан Каспий мұнайын тікелей тасымалдайды, ал Орта дәліздің арқасында стратегиялық пайдалы қазбаларға қол жеткізу жеңілдей түсті, мұның бәрі жинала келіп, "Ақ үйдің жаңа әкімшілігінің назарын аудартады".

"Бұл баяғы шалғайдағы аймақ емес. Каспий теңізі арқылы өтетін тасымал жолы аймақты Түркияға, Еуропаға және жаһандық сауда жолдарына жақындата түсті. Бұрын теория жүзінде ғана болса, енді шындыққа айналған мұндай мүмкіндіктер Трамптың назарынан тыс қалмайды. Соның ішінде бәрінен бұрын Каспий теңізі арқылы Түркіменстанның газын Еуропаға жеткізіп, сол арқылы отын тапшылығын жеңілдетуді айтып отырмын", – дейді Руденшольд.

Ол АҚШ-тың қолында "қорғаныс өнеркәсібі, технология мен жартылай өткізгіштер өндірісі саласында бәсекеге түсе алатындай барлық ресурс жоқ" екенін еске салды.

"Сондықтан олар осы материалдардың кейбіріне қол жеткізу үшін серіктестеріне иек артады. Бұл Трамптың жаңа әкімшілігі үшін ғана емес, Орталық Азия елдерінің басшылары үшін де жақсы мүмкіндік", – дейді сарапшы.

Транскаспий халықаралық көлік бағыты

Транскаспий халықаралық көлік бағыты (ТХКБ) немесе Орта дәліз Каспий теңізі, Кавказ және Түркия арқылы Орталық Азия мен Еуропаның арасын жалғайды. Автокөлік жолы, теміржол және теңіз жолынан тұратын көлік инфрақұрылымы Ресей аумағымен өтетін қалыптасқан сауда жолдарының негізгі баламасы. Бұл аймақ елдеріне ресейлік бағытты пайдаланудан туындайтын геосаяси қатерге ұрынбай, тауарларын экспортқа шығаруға немесе инвестиция тартуға берілген мүмкіндік. Бұл дәліз жаңа нарыққа жол ашу арқылы Орталық Азия елдерінің экономикалық тәуелсіздігін нығайтып қана қоймай, аймақ субъектілерінің көлік шығынын да азайтады.

Ричард Хогланд та АҚШ-тың жаңа әкімшілігі геосаяси себептерге орай аймаққа назар аудармай тұра алмайды деп санайды.

Ричард Хогланд
Ричард Хогланд

"Орталық Азия ғана емес, Оңтүстік Кавказ да бар. Мәселе аталған елдермен көршілес елдерде болып тұр. Солтүстігінде Украинаға қарсы қырғын соғыс ашқан Ресей жатыр. Шығысында әлемдегі ірі державаның біріне айналған Қытай орналасқан. Оңтүстігінде – Ауғанстан, мұнда кейінгі уақытта ірі [әскери] дағдарыс болмағанымен, "Талибан" режиміне орай АҚШ соңғы жылдары сырт қалып келеді. Сонымен қатар Сирия сияқты Таяу Шығыстағы серіктесінен айырылып қалуына орай да өте үлкен қиындыққа тап болып отырған Иран бар. Аймақта болып жатқан өзгерістер Вашингтонның оған назар аудармасына қоймайды", – дейді экс-елші.

АҚШ-тың бизнестегі мүддесіне келсек, Хогландтың пікірінше, Орталық Азияда "нарықтық экономиканың қалай жұмыс істейтінін шамалы түсінбеу" байқалады.

"Аймақтағы көшбасшылар, соның ішінде министрлер немесе президенттердің кеңесшілері компанияларыңыз біздің аймаққа көбірек инвестиция тартса екен деген өтініш айтуы жиі кездеседі. Алайда нарықтық экономика бұлай жұмыс істемейді. АҚШ үкіметі, мәселен, ExxonMobil компаниясына барып, әлдебір елге көбірек инвестиция тартқандарыңызды қалаймыз деп айта алмайды. Әр ел компанияларды қызықтырып, түпкілікті шешімге келуге итермелейтін жағдай жасауы керек. Инвестиция тартудың болашағы бар ма, елдің құқықтық жүйесіне арқа сүйей ала ма, соны білу маңызды. Инвестиция процесін бұлайша бұрмалауды біржола жою керек", – дейді дипломат.

ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ЕЛДЕРІНІҢ САЯСАТЫ: "ЕШКІМНІҢ ОЙЫНЫНА ҚОСЫЛМАУ"

Бақыт Бешімов Орталық Азия елдері "АҚШ-қа Ресеймен және Қытаймен қарым-қатынасты қыстырып, үштаған тұрғысынан қарауды қоюы керек" деп санайды.

Бақыт Бешімов
Бақыт Бешімов

"Орталық Азия елдері көшбасшыларының жуырда сөйлеген сөзіне сүйенсек, тәуелсіздік алғанына 30 жылдан астам уақыт өткенде не өзгерді? Олар не үйренді? Біріншіден, АҚШ, Ресей және Қытай арасындағы бәсекеге құрылған қауіпті ойындардан аулақ болуды үйренді. Екіншіден, осы елдер арасында амалдай жүріп, мұндай державалармен қарым-қатынастың тиімділігі мен пайдасын ұмытпай, мейлінше пайдаға кенелу. Ресеймен байланыста "украиналануға" жол бермеу, тепе-теңдікті сақтауға тырысу, ал Ресеймен жағымды қарым-қатынас құруға Украинаны кедергі деп санамау", – деп санайды Қырғызстанның экс-елшісі.

Әйтсе де, дипломаттың ойынша, АҚШ "инвестиция мен сауда тұрғысынан Орталық Азия үшін әлі де аса маңызды серіктес емес", себебі аймақтағы басты серіктестер мен инвестиция салушылар Қытай мен Ресей болып қалып отыр.

"Орталық Азияның көшбасшылары мен саясаткерлері отыз жылдан кейін АҚШ үшін аймақтың айтарлықтай маңызы жоқ екенін нақты түсініп отыр. Аймақ Ресей мен Қытайға жақын болғаны үшін ғана маңызды. Сол себепті де аймақтағы елдер ерекшелігін сақтап, тәуелсіз болып, ешкімнің ойынына қосылмауы керек. АҚШ Ресейге немесе Қытайға қарсы ма, Қытайдың ойыны ма, Ресей АҚШ-қа қарсы ма, бәрібір. Аймақ елдері түркі тілдес елдермен серіктес болып, әріптестік орнату арқылы тәуелсіздігін нығайта түсуге талпынады, сондықтан да қазір Түркиямен қарым-қатынас маңызды.

Трамп әкімшілігінің Түркиямен қарым-қатынасы қандай болады, мәселе сонда. Олар Қытайға қалай қарайды? Серіктес бола ма, текетіреске түсе ме? [Трамп АҚШ Мемлекеттік департаментінің басшылығы ұсынған] Марко Рубионың сөзі бәріміздің есімізде. Ол АҚШ үшін Ресей шамамен 5-10 жылдық мәселе болса, Қытай 100 жылға созылатын проблема екенін айтқан. Қытайды Құрама Штаттардың "ата жауы" деп атаған. АҚШ пен Ресейдің өзара қарым-қатынасына келсек, Құрама Штаттар Ресеймен келісімге келіп, ықпал ету аймағын бөліп алса ше? Мұндай жағдайда Орталық Азия не істейді? Осы төңіректе ойлану маңызды", – дейді Бешімов.

АҚШ-ТЫҢ "АДАМ ҚҰҚЫҒЫ ИНДУСТРИЯСЫ" МЕН ОА КӨШБАСШЫЛАРЫНЫҢ НЕМҚҰРАЙЛЫҒЫ

Брюс Панниер экономикалық және саяси мүддеден бөлек, АҚШ-тың Орталық Азиядағы адам құқығы мен негізгі еркіндіктерге баса көңіл бөлгенін еске салады.

"Кейінгі бірнеше жылда бірқатар атышулы оқиға болды: Қазақстандағы Қанды Қаңтар оқиғасы, Тәжікстанның автономиялық облысы Таулы Бадахшандағы тәртіпсіздік, Өзбекстандағы қарақалпақтардың бас көтеруі. Ал Қырғызстан 2020 жылы кезекті төңкерісті бастан өткерді. АҚШ бүгінде кері кетіп бара жатқан аймақтағы демократиялық реформалардың жүруіне ықпал ете ала ма?" – дейді шолушы.

Ричард Хогланд адам құқығы мәселесі президент Трамп әкімшілігінің аймаққа қатысты саясатына ықпал ететініне сенімді.

"Трамптың командасы мұны күн тәртібіндегі негізгі мәселе деп санағаннан емес, Вашингтонда "адам құқығы индустриясы" деген идея өте жақсы тарағаннан және Капитолий төбесіне ықпал ете алатындықтан", – дейді ол.

АҚШ-тың Орталық Азия аймағында адам құқығының сақталуына қатысты көзқарасына келсек, экс-елші Вашингтонның көп жағдайда "тезистер ұсынумен" шектелетінін айтады.

"Бізге Орталық Азия елдерінің үкіметтеріне беруге тиіс ұсыныстарды жіберетін. Олармен бір үстел басында отырып, мәтінді оқып шығатынбыз да, қол алысып тарқасатынбыз. Сонымен жұмыс біттіге саналатын. Алайда ұсыныс айтқаннан жағдай өзгеріп кетпейді. Аса танымал болмаса да, "саусақ безеу" деген тағы бір тәсіл бар, яки әшкерелеу және ұялту әдісі. Қайсыбір елде адам құқығы аяққа тапталып, шулы оқиға болған кезде Вашингтондағы АҚШ әкімшілігі нақты сол іс-әрекетті сынға алатын баспасөз хабарламасын тарататын. Аймақ елдері мұндайды жарата бермейді", – дейді бұрынғы дипломат.

Хогландтың айтуынша, аймақтағы елдердің ықпалды тұлғаларымен бетпе-бет әңгімелесу әлдеқайда тиімді тәсіл.

"Жағдайды түсіндіру керек: нақты бір адамды бостандыққа шығарғаннан билік ауыспайды, АҚШ-та ол елдің беделі артады, екіжақты қарым-қатынас жақсарады. Құрама Штаттар әлі де әлемдік держава болып қалып отырғандықтан және көптеген ел онымен жақсы қарым-қатынаста болғысы келетіндіктен, ақыр соңында АҚШ-тың айтқанына құлақ асады", – дейді Хогланд.

Профессор Бешімовтың ойынша, мұндай әдіс тиімсіз.

"Адам құқығын бұзды деп талқылау мен айыптауды аймақ көшбасшылары жарата қоймайды. Олар мұны дұрыс қабылдамайды да. Үнсіз қалуы немесе мүлдем қабылдамауы мүмкін, мәселен, жыл бұрын АҚШ-тың елде адам құқығы бұзылып жатыр деген сынына Қырғызстан билігі солай үн қатты", – дейді бұрынғы елші.

Ол сондай-ақ АҚШ-тың аймаққа көмегі негізінен қауіпсіздікпен байланысты екенін еске салады.

"Бұл Құрама Штаттар белгілі бір дәрежеде бұл елдердегі авторитар режимдердің күшеюіне көмектесіп отырғанын көрсетеді. Менің пайымдауым бойынша, Трамп әкімшілігі адам құқығының сақталуына назар аудармайды немесе бұл мәселені геосаяси пайда үшін Орталық Азия елдеріне қысым жасауға қолданады", – дейді экс-дипломат.

Ол Трамптың Орталық Азияға келу ықтималдығы туралы да пікір білдірді. Бешімовтің ойынша, сапар "АҚШ Ресеймен келісімге келіп, Қытаймен өткір текетіреске барса ғана" болуы мүмкін.

"Ол аймақтағы парадигманы өзгерту үшін осындай сапар жасауға жол ашады. Егер Қытаймен қарым-қатынас бірде текетіреске, енді бірде әріптестікке негізделсе, ал Ресеймен қарым-қатынас жағымды сипатта жалғасса, жеке сапармен келудің мәні де жоқ", – дейді Бешімов.

С5 БОЛАШАҒЫ МЕН АҚШ-ТЫҢ РӨЛІ

Ричард Хогланд Трамп Орталық Азияға келе қалған күнде де оның сапары ешқандай радикал өзгеріске әкелмейді деп есептейді.

"АҚШ-тың Орталық Азияға қатысты саясатында айтарлықтай маңызды әрі ұзақ мерзімге арналған өзгеріс болып қалмаса, аймақта ықпалын жүргізіп отырған ірі державалар Трамптың сапарын ойын ережесін өзгертетіндей маңызды деп қабылдамайды", – дейді экс-елші.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен мен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. Астана, 2023 жылғы ақпан.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен мен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. Астана, 2023 жылғы ақпан.

Оның ойынша, АҚШ Вашингтонның бастамасымен құрылып, біртіндеп өз бетінше әрекет ете бастаған C5 форматын нығайтуға назар аударса, аймақтың геосаяси өмірінде ұзақ мерзімді тұрақты өзгеріске қол жеткізе алады.

"C5+1 форматын Барак Обама әкімшілігі енгізгенін еске алайық, қазір ол әртүрлі нұсқада көрініс тауып жүр, айталық C5+Оңтүстік Корея, C5+Еуроодақ, C5+Жапония және тағысын тағы. Шын мәнінде назар аударатын бір мәселе, кейінгі жылдары аймақ елдері өз арасында C5 кездесулерін жүйелі өткізе бастады және халықаралық бірлестік деңгейінде дәл осы топты қалыптастыру идеясын қарастыра бастады. Әзірге бұл бағытта алға жылжу жоқ, дегенмен, менің ұсынысым, Трамптың кезінде АҚШ-тың саясаты басынан-ақ мейлінше ашық болғаны жөн: C5 халықаралық ұйымға айналуы керек. [Бұған қоса] кейінгі уақытта олар Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевті де шақырып жүр. Соған қарағанда, C6 болудың уақыты жеткен сияқты немесе Оңтүстік Кавказ бен Орталық Азияны біртұтас бірлестікке біріктіретін, Оңтүстік-Шығыс Азиядағы АСЕАН-ға ұқсас C8 ұйымын қалыптастыру керек шығар. Күш біріктірсе, олар әлдеқайда күшті бола түседі: тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын сақтап қалады. Сонымен бірге әлемдік аренада біртұтас сап түзейтін халықаралық ұйым бола алады", – деп қорытады Хогланд.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG