Accessibility links

Еуроодақ Беларусьқа қарсы санкциялар енгізді


Беларусьтің Мозырь қаласындағы мұнай өңдеу зауыты. 19 сәуір, 2021 жыл.
Беларусьтің Мозырь қаласындағы мұнай өңдеу зауыты. 19 сәуір, 2021 жыл.

Еуропа одағы кеңесі Беларуське қарсы сауда-саттық, қызмет көрсету, көлік салаларында және осы елге бұрын салынған санкцияларды айналып өтуге жол бермеуге бағытталған жаңа санкциялар енгізді. Мұндай ақпарат Еуроодақ кеңесінің сайтында жарияланды.

Еуропа одағы, мысалы, Беларуське қарсы бұрын енгізілген қосарлы мақсаттағы тауарлар мен озық технологиялар экспортын шектеу мерзімін ұзартты, бұған қоса Еуроодақтан бұл елге сәнді тауарларды, сондай-ақ теңіз тасымалымен байланысты тауарлар мен технологияларды экспорттауға қосымша тыйым салынды.

Жаңа санкциялар Еуропа одағы елдеріне Беларусьтен гауһар, алтын, көмір, шикі мұнай әкелуге тыйым салады. Сонымен қатар, Еуроодақ елдерінен Беларуське мұнай өңдеу және табиғи газды сұйылту саласында пайдаланылатын тауарлар мен технологияларды экспорттауға болмайды.

Тауарлар импорты мен экспортына салынатын санкциялардан басқа, Еуроодақ Беларуське бірқатар қызметтерді, соның ішінде бухгалтерлік, аудиторлық, салық, сәулет, инженерлік, заңгерлік, сондай-ақ ақпараттық технологиялар мен жарнама бойынша кеңестер ұсынуды шектеді.

Еуроодақ бұған қоса Беларусь аумағы арқылы қос мақсаттағы тауарлар мен технологиялар, сондай-ақ оның қорғаныс және қауіпсіздік секторының дамуына ықпал ететін тауарлар транзитіне де тыйым салды.

Сондай-ақ, Еуропа одағы өз аумағында Беларусьте тіркелген көлік тіркемелері мен жартылай тіркемелермен жүк тасымалдауға шектеу енгізді, тіпті ол елден тыс жерде тіркелген трактормен де тасымалдауға болмайды.

2022 жылдың қазан айының басында Беларусьтің авторитар басшысы Александр Лукашенко әскери қауіпсіздік мәселелері жөніндегі кеңесте Беларусьтің Украинадағы Ресейдің "арнайы әскери операциясына" (Ресей билігі Украина қарсы бастаған соғысты осылай атайды – ред.) қатысатынын мойындаған.

Ресми түрде Беларусь армиясы Ресейдің Украинаға қарсы бастаған кең ауқымды соғысына қатыспайды, бірақ Лукашенко Ресей әскеріне Беларусь жері арқылы өтуіне және уақытша орналасуына рұқсат берді, ал Беларусь аумағынан Украинаға шабуыл жасалды. АҚШ, Еуроодақ пен Ұлыбритания Украинаға қарсы соғыс бастаған Ресейге болысқаны және халықты жаппай қуғын-сүргінге салғаны үшін Беларусьқа санкциялар енгізген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG