Accessibility links

Англия ойынды 30 секундта құтқарып қалды. Грузия Испаниядан жеңіліп, "ғажап" Еуроны аяқтады


Англия ойыншылары Харри Кейн (9-нөмер) мен Джут Веллингем (10) Словакия қақпасына гол салды. Гельзенкирхен, 30 маусым 2024 жыл.
Англия ойыншылары Харри Кейн (9-нөмер) мен Джут Веллингем (10) Словакия қақпасына гол салды. Гельзенкирхен, 30 маусым 2024 жыл.

Англия әупірімдеп жүріп, Еуропа чемпионатының ширек финалға шықты. Грузия Испаниядан жеңіліп, жарысты 1/8 финалдан аяқтады.

АНГЛИЯ ҮШІН ҚИЫН МАТЧ

Англия құрамасы үшін 1/8 финалдағы Словакиямен ойын қиынға соқты. Матчтың 25-минутында Иван Шранц есеп ашып, Словакияны алға шығарған еді. Бұдан кейін Словакияның барлық ойыншысы осы нәтижені сақтап қалу үшін қорғанысқа жатып алды. Бірақ ағылшындар ойын аяқталуға бір минут қалғанда есепті теңестіріп кетті.

Джут Веллингемнің (10) ойын соңындағы салған голы. Гельзенкирхен, 30 маусым 2024 жыл.
Джут Веллингемнің (10) ойын соңындағы салған голы. Гельзенкирхен, 30 маусым 2024 жыл.

Джут Беллингемнің айнала тепкен добы Словакия қақпасынан табылды. Негізгі уақытта есеп 1:1 болып, жеңімпазды анықтау үшін ойын 30 минут қосымша уақытқа ұласты. Қосымша уақыттың 4-минутында Харри Кейн баспен гол салып, Англияны алға шығарды. Матч соңына дейін осы есеп сақталды.

Ойын аяқталған соң Беллингем "Біз отыз секундтың ішінде гол салмағанда үйге қайтар едік. Елімізді ұятқа қалдырамыз деген ойды сезіндік, бір соққымен бәрін қайтардық. Мұндай қысылтаяң сәттер болғанын қаламас едім, бірақ есепті теңестіргенде керемет сезімде болдым. Англия құрамасында ойнау керемет, бір жағынан қысым" деді.

Ал Словакия сапынан гол салған Шранц "Жеңісті ұстап тұрғанда ғаламат болар еді. Бірақ бізге ашуланатындай ештеңе жоқ. Бұл жеңілісті де еңсерерміз, дегенмен жеңіліс үшін өмір бойы өкінеріміз анық" деп қорытындылады.

Кейннің баспен салған голы. Гельзенкирхен, 30 маусым 2024 жыл.
Кейннің баспен салған голы. Гельзенкирхен, 30 маусым 2024 жыл.

Англия ширек финалға шықса да, құраманың ойынына көңілі толмайтындар көп. Бас бапкер Гарет Саутгейт те қазір сынның астында қалып отыр. Англия топтан бірінші орынмен шықса да, сенімді жеңіске жете алған жоқ (Дания және Словения құрамаларымен тең түсті, Сербияны 1:0 есебімен жеңді). Бұл сынды Словакиямен қиын ойын тіпті күшейтті.

Англиялық журналист Джо Терри ойыннан кейін УЕФА сайтына "бүгінгі ойында жеңсек те, тактикаға қайта анализ жасау керек. Энергиясы мен дисциплинасы мықты Словакия Гарет Саутгейттің жігіттерін біраз шаршатты. Бірақ Англияның ширек финалға шыққанын соңғы сәтте есепті теңестіріп кеткен Беллингемнің жеңілмесек деген жанталасы мен Кейнің жеңіске деген ұмытылысымен түсіндіруге болады" деді.

Енді Англия 6 шілдеде ширек финалда Италияны жарыстан шығарған Швейцариямен ойнайды.

ГРУЗИЯ ЖАРЫСТЫ АЯҚТАДЫ

Грузия құрамасы алғаш қатысып жатқан Еуропа чемпионатында 1/8 финалда Испаниядан 1:4 есебімен жеңіліп, Еуро-2024 додасындағы жолын аяқтады.

Матчта 18-минутында испаниялық қорғаушы Ле Норман өз қақпасына гол салып алып, Грузия алға шыққан. Бірақ 39-минутта Испания есепті теңестіріп кетті. Ал екінші таймда Испания құрамасы шабуылды үдетіп, Грузия қақпасына үш гол салды. Осылайша Испания Еуро-2024 додасында қатарынан төртінші рет жеңіске жетті.

Грузия құрамасының ойыншысы Георгий Кочорашвили турнирді "келесі ұрпақ бізді көріп жатыр, сондықтан біз дамуды жалғастыруымыз керек. Командамыз бір отбасына айналды. Күш жинап, қайта ораламыз" деп қорытындылады.

Грузия құрамасы Испаниямен ойында. Кельн, 30 маусым 2024 жыл.
Грузия құрамасы Испаниямен ойында. Кельн, 30 маусым 2024 жыл.

Ойыннан соң грузиялық журналист Вахтанг Бзикадзе "құрама жарысты аяқтаса да, Грузия жанкүйерлері бұл ойыншылармен мақтанса болады. Испания мықты болғанын мойындау керек, бірақ біраз уақытқа дейін ойын сапасы бойынша есе жібермедік. Грузия үшін алғашқы Еуро ғажап болды" деді.

Испания 5 шілде күні ширек финалда Германиямен кездеседі. Бұл финалға бергісіз матч болмақ.

1/8 финалда 1 шілдеде Португалия - Словения, Франция - Бельгия; ал 2 шілдеде Румыния - Нидерланды, Австрия - Түркия ойнайды.

Финал 14 шілдеде Берлинде өтеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG