Accessibility links

Бизнесмен Әбілғазин Грекиядағы өртті тергеуге қатысуға дайын


Грекияның Гидра аралындағы өрт
Грекияның Гидра аралындағы өрт

Қазақстандық бизнесмен Данияр Әбілғазин Грекияда "Персефони 1" яхтасын жалға алғанын растады. Бұл яхтаның экипажы 21 маусымда грекиялық Гидра аралындағы өртке байланысты ұсталған еді. Ақпаратқа қарағанда, яхтадан атылған отшашу өртке себеп болған.

Бизнесменнің мәлімдемесін Forbes Kazakhstan журналы жариялады. Онда Әбілғазин Грекия аралындағы өртке байланысты "өкінішін білдірген". Ол Грекия аралында қонақтарына круиз ұйымдастыру үшін яхтаны 15-22 маусымда жалға алғанын айтқан.

"22 маусымда Грекиядан қайтар кезінде сол елдің билік өкілдері бізбен сөйлесті, бірақ маған я менің қонақтарыма ешқандай айып тақпады. Сондықтан біз жоспарымызбен сапарымызды жалғастырдық" деп жазды Әбілғазин.

Бизнесмен "елге оралған соң басылымдарда бізді қаралаған ақпараттар мен үшін күтпеген жағдай болды. Мен мұның бәрін жоққа шығарамын, ешқандай да заң бұзбадым" деді. Әділғазин яхтада "өрт қауіпсіздігін толық сақтағандарын" айтады. Ол егер қажет болса Грекия билігімен өртті тергеуге қатысуға дайын екенін мәлімдеді.

Грекияның Гидра аралында өрт 21 маусымда басталып, қайың орманының біраз бөлігін жалмаған. Грек тарабы 54 метрлік "Персефони 1" яхтасында демалушылар отшашу атқанын, сол отшашудың салдарынан орманда өрт шыққанын меңзеген. Өрт сөндірушілер жалын шыққан жерде отшашудың қалдықтарын тапқанын айтқан. 22 маусымда Грекия өрт сөндіру қызметі "Персефони 1" яхтасының 13 экипажы ұсталғанын хабарлаған.

Кейін шетелдік, грекиялық және қазақстандық басылымдар бірігіп, яхтада жеті қазақстандық болғанын анықтаған.

27 маусымда грекиялық басылымдар ел прокуратурасы өртке байланысты яхтада болған сегіз қонаққа да айып таққанын жазады. Бортта Қазақстанның азаматтарынан бөлек, Польшаның екі, Ұлыбританияның бір азаматы болғаны айтылады.

24 маусымда Қазақстан сыртқы істер министрлігі Грекиядағы өртке байланысты қазақстандықтарға қандай да бір айып тағылмағанын, олардың ұсталмағанын мәлімдеген еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG