Accessibility links

Қазақстан ұлттық банкі: бір айда теңге долларға шаққанда 5,5 пайыз әлсіреді


Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

Маусым айының қорытындысы бойынша, теңге бағамы 1 АҚШ доллары үшін 471,84 теңгеге дейін жетіп, 5,5%-ға әлсіреді.

Қазақстан Ұлттық банкінің тұжырымы бойынша, теңгенің құнсыздануына "ішкі факторлар" әсер еткен. Оның ішінде жазда демалысқа кететіндер көбейіп, шетелдік валютаға сұраныстың артуы, импорттың өсуі және компаниялардың көптеп дивиденд төлеуі факторлары бар.

Ұлттық банк маусымда валюталық интервенция жүргізбеген.

Ұлттық банк зейнетақы активтерінің валюталық үлесін 30% деңгейінде ұстап тұру үшін маусымда биржалық сауда-саттықта шетел валютасын сатып алуды жалғастырған. Оның жалпы сомасы 293 млн АҚШ долларын немесе нарықтың жалпы көлемінің шамамен 8%-ын құрады.

2024 жылғы шілдеде Ұлттық банк Ұлттық қордан 450 млн АҚШ долларынан 550 млн АҚШ долларына дейінгі мөлшерде валюта сатылады деп болжап отыр. Шілдеде зейнетақы активтерінің валюталық үлесін ұстап тұру үшін 250 млн АҚШ долларынан 350 млн АҚШ долларына дейінгі мөлшерде валюта сатып алмақ.

Сарапшылар теңгенің әлсіреуіне Қазақстан қор биржасы акцияларының бір бөлігіне иелік ететін Мәскеу биржасына салынған санкцияның әсері болуы мүмкін деп болжаған.

Kurs.kz сайтының мәліметше, Алматы мен Астанадағы ақша айырбастау пункттерінде бір доллар 474 — 477, 471 — 476 теңгеге сатылып жатыр. Ал Қазақстан қор биржасында 1 шілдеде АҚШ долларының орташа бағамы 474,96 теңге болды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG