Accessibility links

 
Қазақстан сот жүйесінен жапа шеккендер бірігіп, реформаға үндеп жүр. Олар кімдер?

Қазақстан сот жүйесінен жапа шеккендер бірігіп, реформаға үндеп жүр. Олар кімдер?


Қаңтар оқиғасы кезінде "Алматы әуежайын басып алу" ісін қараған сот ғимаратының алдында наразылық білдіріп тұрған әйел. Алматы, 11 шілде 2023 жыл.
Қаңтар оқиғасы кезінде "Алматы әуежайын басып алу" ісін қараған сот ғимаратының алдында наразылық білдіріп тұрған әйел. Алматы, 11 шілде 2023 жыл.

Қазақстанда әділетсіз сот үкімінен зардап шеккен азаматтар қозғалысы істерін қайта қарау үшін арнайы комиссия құруды талап етіп отыр. Олар президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Әділетті Қазақстан" құруға уәде берсе де, қазіргі сот жүйесі іске жарамайтынын айтады.

Рүстем Амангелдінің иығынан көлденең өткен тыртық іздері ол түрмеде жаза өтегенін еске салады. Қамаудағы жылдар Рүстемді түбегейлі өзгертіп, оны жемқорлыққа қарсы белсендіге айналдырған.

"Әділетсіздікке көндіге алмадым. Олар мені ұры деп айыптады, бірақ бұл жалған еді. Маған қарсы шындыққа жанасатын айғақ та ұсынған жоқ" дейді Рүстем. Ол ақша жымқыру бабымен тергеуге алынғанға дейін құрылыс компаниясын басқарған.

Рүстем 2012 жылы өзіне қол салған, бірақ аман қалған. Түрмеде төрт жыл отырған ол 2016 жылы бостандыққа шыққан.

Бостандыққа шыққан алғашқы жылы түрмеде қалыптасқан әдетімен көзін жартылай жұмып, шала ұйықтайтын.

Бірақ Қазақстандағы сот жүйесі жайлы сөз болғанда, Рүстем қалғып, бей-жай отыра алмайды. Оның үстіне, бұл мәселе жалғыз оны ғана толғандырмайды.

Рүстем — даулы сот үкімдерін қайта қарап, сот жүйесін реформалау үшін арнайы комиссия құруды талап етіп жүрген жүздеген қазақтың бірі.

Әртүрлі айыппен сотталған, әкімшілік іс бойынша сотта жеңілген азаматтар тобы жақында "Жаңа Қазақстан – Әділетті Қазақстан" қоғамдық бірлестігін құрған.

"Жаңа Қазақстан – Әділетті Қазақстан" қоғамдық бірлестігінің төрт мүшесі.
"Жаңа Қазақстан – Әділетті Қазақстан" қоғамдық бірлестігінің төрт мүшесі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың мұрасын біржола жою үшін осындай ұрандар ұсынды.

"Қазір шынайылықтан алыс болса да, аталған мақсаттарды қолдағымыз келеді" дейді Рүстем. Ол қазір "АлтынБас" Youtube-арнасын жүргізеді. Ол онда жемқорлық, мемлекеттік саясат және құрылыс саласындағы заңсыздықтар туралы айтады.

"БӘРІ ПАРА АЛҒАН"

Алматылық Рүстем "Жаңа Қазақстан – Әділетті Қазақстан" ұйымына ресми түрде мүше емес. Өйткені құқықтық шектеулер оған азаматтық ұйымдарға кіруге жол бермейді.

Бірақ ол ұйымның WhatsApp желісіндегі тобына қосылған. Топта кемі 300 адам бар. Ұйым өкілдері мессенджерді ұйымдасу платформасы ретінде қолданады.

Топқа әртүрлі азамат жиналған.

Ең белсенді азаматтардың бірі – бұрынғы полковник Мұхтар Қарабеков. Ол өзін жемқор деп шығарған сот үкімін өзгертіп, 200 офицерді жұмыстан шығару және соттау туралы шешімді өзгерткісі келеді.

Экс-полковниктің сөзінше, 10 офицердің үкімі өзгеріп, олар қызметіне оралған.

"Әділетсіздікке көндіге алмадым" дейді Рүстем Амангелді.
"Әділетсіздікке көндіге алмадым" дейді Рүстем Амангелді.

Топ өкілдері Астанада Азаттық тілшісімен кездесті. Кездесуге келгендер арасында азаматтық істердің салдарынан мүлкінен айырылған әйелдер де болды.

Әлия Мамедова екі жыл бойы сот шешімімен тәркіленген, 100 мың доллар тұратын үйінің ақшасын қайтара алмай келеді.

Ол шағын топпен бірге Астанадағы Жоғарғы сот пен үкімет ғимаратының алдында лагерь құрып, істерін қайта қарауды талап етіп жатыр.

Бірде Әлияны полиция ұстап әкетіп, бір аптаға әкімшілік қамауға алған.

Азаттық тілшісі осы топтың мәселесін қозғағалы отырғанын естіген Павлодар тұрғыны Анжелика Глинская журналиске өзі хабарласты. Оның айтуынша, күйеуі ажырасқан кезде судьяға ақша беріп, әйелінің бар дүние-мүлкін тартып алған. Ол аздай, Анжелика күйеуіне қарыз болып қалған.

Глинская Тоқаев әкімшілігі мен жемқорлықпен күрес агенттігінен араша сұрап, нәтиже шығара алмаған.

"Жаңа Қазақстан – Әділетті Қазақстан" мүшелерін ортақ мақсат біріктіреді. Олардың бәрі Қазақстанның жоғарғы апелляциялық сотына ісін қайта қарата алмай жүр. Топ өкілдері мұны конституциялық құқықтан айыру деп санайды.

Бәрінің қолында жергілікті деңгейде шығарылған (аудандық, қалалық сот) шешім бар. Қарабеков билік органдарының ым-жымы бір болғаны жемқорлықты нығайтып отыр дейді.

"Алға, Қазақстан" тіркелмеген оппозициялық партияның жетекшісі Марат Жыланбаевтың соты. Астана, 30 қазан 2023 жыл.
"Алға, Қазақстан" тіркелмеген оппозициялық партияның жетекшісі Марат Жыланбаевтың соты. Астана, 30 қазан 2023 жыл.

"Жоғарғы сот ісімізге араласқысы келмейді. Өйткені бәрі пара алып қойған. Мұны мойындаса, кей судьялар мен тергеушілер жауапқа тартылады. Ондайлар көп", — дейді ол.

АЛҚАБИЛЕР СОТЫ

Құқық қорғаушы, Liberty үкіметтік емес ұйымының директоры Ғалым Ағелеуов екінші инстанциядағы соттар істі егжей-тегжейлі қарай бермейді дейді. Сарапшының сөзінше, олар ақтау үкімінің көбеюіне ықпал етпейді, қылмыстық соттарда ақтау үкімінің үлесі — 5 пайыздан төмен.

Жоғарғы сотқа түсетін істер тиісті құқықтық процедурадан өтпейді, соттар дайын үкімді шығара салады деп түсіндіреді Ағелеуов.

Оның айтуынша, пара берушілердің сот шешіміне ықпал етуінің бірнеше жолы бар: судьямен тікелей байланыса алмаса, қалалық әкімшіліктегі шенеуніктермен сөйлеседі. Олар өз кезегінде судьяларға қысым көрсетеді.

Тоқаев пен әкімшілігі әлі күнге дейін люстрация жүргізуге тырыспады. Люстрация — жүйелі немқұрайлық және жемқорлыққа қатысы бар өкілетті тұлғалар мен судьяларды жаппай қызметінен шеттетуді білдіретін ежелгі Рим дәуірінен қалған процесс.

Тоқаев Жоғарғы сот төрағасы Асламбек Мерғалиевпен кездескеннен кейін наурызда президент әкімшілігі алқабилердің қатысуымен өтетін сот процестері көбейді деп хабарлады.

Ағелеуовтың сөзінше, алқабилер сотын көбейту, әсіресе, оларды азаматтық істерге жиі қатыстыру халықтың қолдауына ие болып отыр. Бірақ бұл жүйенің өзін қайта қарап, алқабилерді таңдау кезінде ашықтық принципін қамтамасыз ету керек. Судьялар алқабилердің талқылауына қатыспауға тиіс.

"Қазір судьялар алқабилердің пікіріне әсер етеді. Ал судья саяси тұрғыда тәуелді", — дейді ол.

Азаматтық журналиске айналған кәсіпкер Рүстем Амангелді он жылдан бері өз ісі бойынша күресіп келеді.

Бір кездері миллионер болған кісі енді жылдық жалақысының үлкен бөлігін сот шығындарына жұмсап жүр. Ол өзіне жазықсыз жала жабылғанын дәлелдеп, іскерлік беделін қалпына келтіріп, отбасы активтерін қайтарғысы келеді. Сот процесінен кейін елдегі ең ірі банк кәсіпкердің бар дүние-мүлкін тартып алған. Рүстем сот заңбұзушылықтармен өтті дейді.

Жыл басында ол кішкентай жеңіске жеткен. Бас прокурордың орынбасары оның ісі бойынша тыңдалымға қатысып, істі қайта қарау керек екенін мойындаған.

Енді прокурор протест беруі мүмкін. Қазақстанда көп адам осы әдіс көмегімен сот үкімінің күшін жояды.

Прокуратурадағы мұндай кездесу бәріне бірдей бұйыра бермейді.

"Мен сияқты адамдар бар ресурсын пайдаланып, өз мәселесін құқықтық жолмен шешуге тырысады. Кей адамдардың ондай мүмкіндігі жоқ. Олар радикалға айналып, өзін өртеп немесе одан да қорқыныштырқынышты қадамдарға баруы мүмкін. Өйткені жүйе оларды естімейді" дейді Рүстем Амангелді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG