Солтүстік Корея арасындағы стратегиялық әріптестік келісіміне қол қойған Ресей президенті Владимир Путин Батыс мүдделеріне бұрын-соңды болмаған деңгейде қауіп төндіріп отыр дейді америкалық Associated Press ақпарат агенттігі.
Келісім аясында екі елдің біріне шабуыл жасалса, Мәскеу мен Пхеньян бір-біріне әскери көмек көрсетеді. Бұл қадам Корей түбегін тұрақсыздыққа әкелуі мүмкін деп жазды агенттік.
Путин бұл қадам НАТО елдері Украинаға қару беріп, Ресейді атқылауға рұқсат бергеніне жауап деген.
Осыған ұқсас келісім 1961 жылы Совет Одағы мен Солтүстік Корея арасында жасалған. Совет Одағы құлаған соң, бұл келісімнің күші жойылған. 2000 жылы Пхеньянның алғашқы сапарында Путин ол келісімнен әлсіздеу серіктестікке қол қойған.
Associated Press мақаласында америкалық Сыртқы қатынастар жөніндегі кеңестің (CFR) зерттеушісі Стивен Сестанович Совет Одағының басшысы Никит Хрущев 1961 жылғы келісімге қандай жағдайда қол қойғанына назар аударады. Оның айтуынша, Хрущев бұл қадамға әлемдегі ең қуатты атом бомбасын сынап, Берлин қабырғасын тұрғызған соң барған, 1962 жылғы Куба дағдарысын сол кезден бастап ойластыра бастаған болуы мүмкін.
Путин Солтүстік Кореяда сөйлеген сөзінде АҚШ-ты "әлемдік неоколониялық диктатура" деп айыптағанына қарағанда, Путин Хрущевтің "есерсоқтығын" қайталауға бел буған болуы мүмкін дейді зерттеуші.
Бұл келісім Оңтүстік Кореяны алаңдатып қойды. Мәскеу Пхеньянға қару беруі мүмкін деген үрей Сеул саясатына әсер етпей қоймады. Осы күнге дейін Украинаға гуманитарлық көмек жолдап келген Оңтүстік Корея енді Киевке қару беру мүмкіндігін қарастырып отыр.
Путин Сеулде алаңдауға себеп жоқ, жаңа келісім тек агрессия кезінде ғана қару беруді қарастырады деп сендіріп, Оңтүстік Кореяны Украинаға қару бермеуге шақырды.
"[Сеул Киевке қару берсе], біз соған сәйкес шешім қабылдаймыз, ол Оңтүстік Корея басшылығына ұнай қоймас" деді Ресей басшысы.
Associated Press Путиннің өткен айдағы мәлімдемесін еске салады. НАТО Украинаға Ресейдің шекаралас аймақтарына Батыс қаруымен шабуылдауға рұқсат берген соң, Путин өзге елдерге Батыс нысаналарын атқылауға жол ашатын қару беруі мүмкін екенін айтты.
Бұл сөзін ол Солтүстік Кореяда да қайталады.
"Біз жай ғана біреуге бір нәрсе беріп, одан кейін ол нәрсенің қалай пайдаға жарайтынын бақылай алмаймыз дей аламыз" деді Путин.
Сыртқы қатынастар жөніндегі кеңестің Корея жөніндегі зерттеушісі Сью Ми Терри Мәскеу Пхеньянға әскери технология беріп, оның баллистикалық ракеталарын күшейтуі мүмкін дейді. Зерттеушінің сөзінше, көмек қазірдің өзінде көрсетіліп отырғанның белгілері бар. Ол былтыр қарашада Солтүстік Кореяның спутникті сәтті ұшырғанын мысал етеді. Содан екі ай бұрын Ким Чен Ын Мәскеуде Путинмен кездескен.
"Бұл – алаңдайтын жағдай. Өйткені ғарышқа ұшу және континентаралық баллистикалық ракета технологиялары бір-біріне қатты қабысып жатыр" дейді Терри Associated Press агенттігіне.
Сарапшының сөзінше, Солтүстік Корея су астынан баллистикалық ракета ұшыруда әлі кенже қалып отыр, Ресей соған көмектесуі мүмкін.
ПІКІРЛЕР