Accessibility links

Кешірім жөніндегі комиссия төрағасы: Мәсімовтің өтініші әлі түспеді


Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов.
Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов.

ҰҚК-ның бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовтің Тоқаевтан кешірім беруді сұраған өтініші президент жанындағы кешірім жасау мәселелері жөніндегі комиссияға әлі жетпеді. Комиссия төрағасы, мәжіліс депутаты Марат Башимов 10 маусымда Азаттыққа осылай деп мәлімдеді.

Мәсімовтің кешірім сұрап, өтініш бергенін Informburo.kz сайты ҰҚК жауабына сүйеніп хабарлаған еді.

"Комиссияға өтініші жеткеннен кейін ол нақты түрде қаралады. Конституция бойынша, әр азаматтың комиссияға арыздануға құқығы бар. Бірақ оның өз жүйесі бар. Бірінші арыз түседі, кейін оны Жоғарғы сотқа, бас прокуратураға, ішкі істер министрлігіне, өзінің отырған жеріне жібереді. Себебі ақпарат жинау керек. Кейін оны комиссия отырысында қарайды. Содан соң оған дауыс беріп, шешім шығарып, президентке жібереді" деді Башимов Азаттыққа.

Ол бұдан басқа басқа пікір бере алмайтынын айтты. ҰҚК жауабы бойынша, Мәсімов өтінішті 2024 жылы наурызда жолдаған.

"Құқық органдарына да бір ай беріледі. Уақыттың өз реті бар" дейді Башимов.

Қазақстандағы адам құқықтары бюросының жетекшісі, құқық қорғаушы Евгений Жовтис "Мәсімов тікелей Тоқаевқа емес, президент жанындағы кешірім беру кеңесіне қайырылып отыр" дейді.

"Іс сол комиссияның қарауына түседі. Комиссияға қоғам белсенділері мен мемлекеттік орган мүшелері кіреді. Мәселен, кешірім беру комиссиясына Бас прокурордың орынбасары, Адам құқығы жөніндегі уәкіл, қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы кіреді. Ең маңыздысы, комиссияға президенттің заң мәселелері бойынша кеңесшісі кіреді. Ол осы кешірім беру комиссиясында президент билігінің өкілі ретінде қатысады. Кешірім беру-бермеу мәселесі дауыс беру арқылы шешіледі. Бірақ комиссия қандай шешім қабылдаса да, Тоқаевтікі шешуші сөз болмақ" деді Жовтис Азаттыққа.

Мәсімов 2022 жылы Қаңтар оқиғасы кезінде қамауға алынған. Былтыр 24 сәуірде Астана қаласы қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімовті "мемлекетке опасыздық жасады", "билікті басып алуға оқталды" және "қызмет өкілетін асыра пайдаланды" деп айыптап, 18 жылға қамауға үкім шығарды.

ҰҚК ақпаратынша, Мәсімовтің үстінен Қылмыстық кодекстің "Қылмыстық жолмен алынған ақша мен өзге де мүлікті заңдастыру" және "Аса ірі мөлшерде пара алу" баптары бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG