Accessibility links

Израиль министрі Бенни Ганц қызметтен кететінін хабарлады


Бенни Ганц
Бенни Ганц

Израиль оппозициялық саясаткері Бенни Ганц Биньямин Нетаньяху басқаратын үкімет құрамынан кететінін айтты. Ол премьер-министрді Газа секторында жеңіске жету және соғыстан кейін сол аймақтың тұрмысын түзеуге байланысты нақты жоспар ұсына алмады деп сынады. Ганц – Нетаньяхудың саяси бәсекелесі. Ол 7 қазандағы ХАМАС тобының шабуылынан кейін әскери кабинет құрамына қосылуға келіскен. Көп ұзамай Израиль үкіметі Газада әскери операция бастаған. Кейінгі күндері Ганц премьерді жиі сынап жүр.

ХАМАС радикал тобы АҚШ пен Еуроодақта "террористік ұйым" деп танылған.

Ганцтың қызметтен кеткені Нетаньяхуды көпшілік дауыстан айырмайды, себебі оның үкіметі бастапқыда Ганцтың жақтастарынсыз құрылған және әлі күнге дейін Израиль парламенті – Кнессеттегі көпшілік дауысына ие. Алайда Газадағы атысты тоқтату мәселесі бойынша Израильге халықаралық қысым артып жатқан тұста мұндай саясаткердің қызметтен кеткені ауыр саяси салдарға әкелуі мүмкін деп санайтындар бар.

Бұған дейін Ганц Нетаньяхуды 8 маусымға қарай оның кеңсесі алда Газада не істейтінін айтып беруге шақырды. Жауап алмаған министр қызметтен кететінін хабарлады. Ол АҚШ президенті Джо Байден ұсынған бейбітшілік жоспарын қолдайтынын айтып, кепілдегі адамдарды "билікті сақтаудан жоғары" қоятынын мәлімдеді. Тағы Ганц кезектен тыс сайлау өткізуге шақырды.

Биньямин Нетаньяху Ганцтың шешіміне байланысты "Бени, қазір шайқастан кететін мезгіл емес — қазір күш біріктіретін уақыт" деді. Ол тағы да Израиль соғысты "жеңіске дейін, барлық мақсатына жеткенше" жалғастыратынын айтты, олардың арасында кепілдегі адамдарды босату және ХАМАС-ты жою жоспары бар.

7 қазанда ХАМАС тобы Израильден кепілге алып кеткен 100-ден аса адам әлі тұтқында отыр. Олардың кейбірі қаза тапқан болуы мүмкін. 8 маусымда Газа секторындағы арнайы операция нәтижесінде кепілдегі төрт адам босатылды. Палестина өкілдері Израиль армиясы рейд жүргізгеннен кейін 200-ден астам адам қаза болды, көбі – бейбіт тұрғындар деп хабарлады. Жексенбі, 9 маусымда ХАМАС тобы операция кезінде тағы үш адам, соның ішінде АҚШ азаматы да қаза тапты деп мәлімдеді. Бұл ақпаратты растайтын тәуелсіз дерек көздері болмай тұр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG