Accessibility links

Астанада белсенді Айдар Сыздықовты арнайы жасақ ұстап әкетті


Арнайы жасақ белсенді Айдар Сыздықовты әкетіп бара жатыр. Астана, 16 мамыр, 2024 жыл. Видеодан скриншот.
Арнайы жасақ белсенді Айдар Сыздықовты әкетіп бара жатыр. Астана, 16 мамыр, 2024 жыл. Видеодан скриншот.

16 мамырда Астанада қауіпсіздік қызметкерлері белсенді Айдар Сыздықовты ұстағанын оның әйелі Айгүл Тоқпаева хабарлады. My_city_astana instagram парақшасында жарияланған видеода әскери киім киген адамдар (бірінің арқасында "арнайы жасақ" деген жазуы бар) Сыздықовты көпқабатты үйдің ауласында қолтықтап, шағын автобусқа отырғызғаны көрінеді.

Айгүл Тоқпаева күйеуім заңсыз қудалауға түсті дейді. "Айдар Сыздықовты ешқандай дәлел келтірмей әкетіп бара жатыр. Олар ештеңе таба алмады. Ұстауға ешқандай себеп жоқ. Бұл – саяси астары бар қудалау, бұл - қысым", – дейді Тоқпаева видеода.

Видеода үстіне жай киген адамдар мен полиция көлігі көрінеді.

Тоқпаева болған жайтты түсіріп тұрған кезінде әлгі адамдар оның смартфонын қолынан жұлып алуға тырысқанын айтты.

Мұның алдында Айгүл Тоқпаева әлеуметтік желілерде Айдар Сыздықовты Республика даңғылы, 50 мекенжайында бейсенбі күні сағат 9:15 шамасында ұстап, белгісіз жаққа алып кеткенін хабарлаған. Ол күйеуін іздеп Байқоңыр аудандық полиция басқармасына барған. Бұрын бірнеше рет Сыздықовты полиция ұстап әкеткен кезде сол жерге апарыпты. Айгүл полиция учаскесінде отырған кезде өзі тұратын үйдің тұрғындары ашқан чаттан "Пушкин көшесі, 25/3 үйдің 32-пәтерінде тінту жүріп жатыр, "жігіт ұсталды, жедел уәкілдер куәгер болатын адам іздейді"деген хабарды оқиды.

Тоқпаева Сыздықовқа қарсы арандату жасалауы мүмкін деп қауіптенеді. Оның сөзінше, пәтерде ешкім болмаған жоқ, тінту туралы ақпаратты оқыған кезде өзі баласымен бірге полицияда отырған.

Видеода көпқабатты тұрғын үйдің ауласында үстіне арнайы киген және жай киім киіп, көзілдірік пен маска таққан белгісіз адамдар жүргені көрінеді. Сипаттамада бұлар есірткіге қарсы бөлім мен экстремизмге қарсы күрес бөлімінің қызметкерлері деп айтылған.

"Пәтерде тінту жүріп жатыр. Олар бір нәрсені тықпақшы. Қоғамнан назар аударуын сұраймын", – дейді Тоқпаева видеода. Ол үйге кіретін есікке жақындағанда видео көрінбей қалады. Осыдан кейін әйелдің айқайы естіледі, ол телефонын тартып алған әлдекімдерге ашуланып, оны қайтарып беруді талап етеді. Бір уақытта өздерін суретке түсірмеуді талап еткен ер адамдардың дауысы естіледі. Олардың бірі: "Бикеш, бізді түсірудің қажеті жоқ, біз есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасынанбыз" дейді.

Астана қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі Азаттыққа Айдар Сыздықовтың ұсталуы жөнінде "кейінірек ақпарат беретінін" айтып, түсініктеме бермеді.

Астана қаласының тұрғыны Айдар Сыздықов бұған дейін бірнеше рет әкімшілік қамауда отырып шыққан.

[осы жаңалық келесі деректермен толықтырылды:] 2021 жылы маусымда астанадағы №2 Cарыарқа аудандық соты Айдар Сыздықовты "экстремистік ұйымның жұмысын ұйымдастырды, қатысты" деп айыптап, үш жылға бостандығын шектеген. Сыздықов тағылған айыпты мойындамайтынын мәлімдеп, өзін толық ақтауды талап еткен. Тергеу және сот кезінде қамауда болған Айдар Сыздықовты қазақстандық құқық қорғаушылар саяси тұтқындар тізіміне қосқан.

2023 жылы "Ашық диалог" қоры Қазақстандағы адам құқығының ахуалы жөнінде әзірлеген есепте "қоғамдық қызметі мен азаматтық белсенділігіне бола қудаланған" бірнеше құқық қорғаушының арасында Айдар Сыздықовтың да аты-жөні аталған.

Биыл 24 сәуірде Астанадағы әділет министрлігі алдынан Facebook әлеуметтік желісінде тікелей эфирге шыққан кезде Сыздықов "бір топ азаматтың саяси партияны тіркетуге құжат тапсыруға келген сәтін құқық қорғаушы ретінде бақылап, еріп жүргені үшін" жыл басынан бері 35 күн қамауда отырып шыққанын мәлімдеген.

24 сәуірде "Алға, Қазақстан" оппозициялық партиясын құру жөніндегі бастамашыл топ ұйымды ресми тіркетуге кезекті рет құжат тапсыруға тырысқан. 2022 жылдың мамыр айынан бері бастамашыл топ партия тіркетуге жиырмадан аса рет талпынғанымен, әділет министрлігі "құжаттар заңға сай емес" деген уәжбен кері қайтарған. Тіркелмеген "Алға, Қазақстан" партиясының лидері, әйгілі марафоншы Марат Жыланбаев "экстремистік" айыптар тағылып, былтыр қарашада жеті жылға сотталған. Жыланбаев пен жақтастары тағылған айыпты жоққа шығарып, оның саяси астары бар деп мәлімдеген. Қазақстандық және шетелдік құқық қорғау ұйымдары Жыланбаевтың үкімі "Қазақстан билігінің демократиялық реформалар жасауға құлықсыз екенін көрсетті" деп сын айтқан.

Ресми Астана елде саяси тұтқын жоқ, ешкім саяси ой-пікіріне бола қудаланбайды, "Алға, Қазақстан!" партиясы тіркеле алмай жүргенінен саяси астар іздеудің қажеті жоқ дейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG