Accessibility links

Дағыстанда бір топ адам шіркеу мен синагогаға шабуылдады. Қаза тапқандар бар


Дағыстандағы Дербент қаласында белгісіз біреулер автомат қаруымен шіркеу мен синагоганы атқылады. Бұл туралы Дағыстан ішкі істер министрлігіне сілтей отырып ТАСС агенттігі хабарлады. Шабуылдан соң синагога өртке оранды.

Шабуылдағандардың кім екені белгісіз, олар көлікке мініп қашып кеткен. Әзірге бір полицейдің қаза тапқаны, бір адамның жарақат алғаны хабарланып отыр.

Дағыстан астанасы Махачкала қаласында да белгісіз адамдар жол полициясы қызметіне шабуылдаған. Салдарынан бір полицей мерт болып, алты адам жарақат алған.

112 телеграм-каналы өз дереккөзіне сілтеп, Дербент пен Махачкаладағы шабуылдан бес адам опат болып, 23 адам жараланғанын хабарлады. Бұл дерек әлі ресми түрде расталған жоқ.

Дағыстан қоғамдық бақылау комиссиясының жетекшісі Шәміл Хадулаевтың сөзінше, Дербентте шіркеу қызметкері өлтірілген, Махачкалада шіркеу күзетшісі қаза тапқан.

"Маған түскен ақпаратқа қарағанда, Дербент шіркеуіндегі Николай әкейді бауыздап өлтіріп кеткен. 66 жаста болатын, дімкәстігі бар еді. Махачкала-1 шіркеуінің газ тапаншасымен ғана қаруланған күзетшісі Михаилді атып тастаған. Дін қызметкерлері шіркеуде бекініп алған, көмек күтіп отыр" дейді ол телеграм-арнасында.

Терроризмге қарсы ұлттық комитеттің мәліметінше, жексенбі күні Дербент пен Махачкалада екі шіркеуге, бір синагогаға және жол полициясы қызметіне шабуыл жасалған. Тергеу комитеті теракт жөнінде қылмыстық іс қозғаған.

Ішкі істер министрлігінің кейінгі дерегіне қарағанда, Махачкалада шабуылдаған екі адам өлтірілген, кемінде екі адам "Березка" жағажайының аумағында ұсталған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG