Accessibility links

Ресей қалай украин бидайын өзінікі деп экспорттап жатыр?


Ресей Украина жерінен меншіктеген астықты Ростовтағы порт арқылы экспорттайды.
Ресей Украина жерінен меншіктеген астықты Ростовтағы порт арқылы экспорттайды.

"Схемы" зерттеу жобасы мен оған серіктес ұйымдар жүргізген зерттеу Ресейдің Испания, Әзербайжан, Иран, Сирия мен Түркияға Украинаның оккупацияланған аудандарынан 34 мың тонна бидай, арпа, жүгері, бұршақ сатқанын анықтады.

2023 жылы ресейлік фирмалар Украинаның оккупацияланған аудандарынан Еуроодаққа мүше Испанияға, НАТО-ға мүше Түркияға және Әзербайжанға ондаған мың тонна бидай мен бұршақ экспорттаған. Бұл жайтты Азаттықтың Украина қызметі, "Схемы" журналистік зерттеу жобасы мен оған серіктес ұйымдар анықтады.

Мәскеудің одақтасы Иран мен Сирияға да осындай көлемде арпа мен жүгері жіберілген. Бұл елдер бұрыннан Украинадан бидай тасымалдайды. Енді Ресей Украина астығын иемденіп, табыс тауып отыр. "Схемы" жобасы, Украинаның KibOrg хакерлік тобы, Беларусь зерттеу орталығы және "Вёрстка" тәуелсіз ақпарат құралы Ресейдің ресми құжаттары мен басқа да ақпарат көздерінен алынған деректерді талдап, осындай қорытындыға келген.

NASA-ның азық-түлік қауіпсіздігіне төнген қатерді анықтайтын Harvest бағдарламасының дерегінше, 2023 жылы Ресей басып алған Қырым, Донецк, Херсон, Луганск, Запорожье облыстарынан кемі 6,4 млн тонна бидай жиналған. Ресейдің Украина жерінен заңсыз бидай тасымалдап отырғанын анықтаған SeaKrime үкіметтік емес жобасы Қырым порттарынан 2 млн тонна астық жіберілген деп хабарлады.

Мұндай заңсыз экспорт соғыстан зардап шеккен Украина экономикасына зиянын тигізеді. Өйткені астық саудасынан түскен пайда Мәскеудің қазынасын толтырып, Ресейдің Украинаға қарсы соғысын қаржыландыруға жұмсалады.

2023 жылы "Схемы" жобасы Ресейдің Херсон облысы мен Қырымнан төмендетілген кеден алымдары арқылы 35 мың тонна бидай, арпа, жүгері мен бұршақ сатқанын анықтады.

Херсондағы оккупациялық билік пен Ресейдің кеден қызметінің әшкере болған құжаттары, Import Genius онлайн сауда платформасының деректер базасынан алынған ақпараттар бұл транзакцияға төрт ресейлік компания – Agro-Fregat, Pallada, Sim-Trans Group және TD Fregat қатысқанын көрсетті.

Осы тізімде аталған Pallada компаниясының Қара теңіз жағалауындағы "Путин сарайы" деген атпен танымал үлкен тұрғын үй кешенін салған бас мердігермен байланысы бар.

Ресейдің кеден қызметі мен оккупациялық билік құжаттарында астықтың Ресейден емес, Херсон және Қырым аймағынан келгені анық жазылған. Бірақ сатып алушылар өнімнің қайдан келгенін сұрай ма, жоқ па – ол жағы белгісіз. Әзірге бірде-бір ел мұндай талқылау ашпады.

ЭКСПОРТ ҚАЛАЙ ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ?

2021 жылы Украинаның Херсон облысында 3,1 млн тонна бидай жиналды. Бұл рекордты көрсеткіш еді. Бұл көрші мемлекетті қызықтырса керек, 2022 жылы Ресей әскері Херсон облысының бір бөлігін жаулап алды.

2022 жылғы спутник деректері Ресей оккупациялаған Херсон мен Запорожье облысынан шыққан жүк көліктері астықты шетелге тасымалдау үшін Қырымға жеткізгенін көрсетті.

Астық таситын мына вагондар Қырымдағы Феодосия портында тұр. Вагон сыртында ресейлік "Агро-Фрегат" компаниясының аты жазылған.
Астық таситын мына вагондар Қырымдағы Феодосия портында тұр. Вагон сыртында ресейлік "Агро-Фрегат" компаниясының аты жазылған.

2023 жылы ресейлік компаниялар Херсон облысының ауыл шаруашылық өнімдерін кеден алымынсыз немесе төмендетілген кеден төлемдерін пайдаланып, 6,2 млн еуроға (6,7 млн доллар) сатқан.

Херсон қаласының бұрынғы мэрі, қазір оккупациялық биліктегі өкілетті тұлға Владимир Сальдо кәсіпкерлерге осындай жеңілдіктер беретін комиссия шешімін мақұлдап немесе күшін жою құқығына ие.

2023 жылы ондаған ресейлік компания жеңілдетілген кеден төлемдерін алуға өтініш берген.

"Схемы" жобасы мен оған серіктес ұйымдар комиссия шешіміне қарап, Херсон аймағында жиналған ауыл шаруашылық өнімдерінің шетелге қалай заңсыз сатылғанын бақылаған.

ЕУРООДАҚ

2022 жылы ақпанда Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін, Еуроодақ Мәскеуден келетін импорт көлемін 91,2 млн еуроға (97,6 млн долларға) қысқартты. Бірақ Еуропа елдері ресейлік азық-түлік өнімдері мен медициналық тауарлардан бас тартқан жоқ. Олар мұны "Бұл шектеулерден Ресей халқы жапа шеккенін қаламаймыз" деп түсіндірді.

Бұл әлемдік нарыққа ауыл шаруашылық өнімдерін шығаратын ресейлік экспортер Agro-Fregat компаниясына тиімді болды. Азаттықтың Украина қызметі компанияға тиесілі вагондарды Қырымнан көріп, суретке түсіріп алған. 2022 жылы жарияланған мақалада Украинаның санкциялар бойынша арнайы өкілі Алексей Макеев Ростов облысындағы Agro-Fregat компаниясы мен тағы 7 фирманы "Украинаның бидайын ұрлап, сатып жатыр" деп айыптады.

Шетелге осындай жолмен экспортталған тауарлар ішінде бұршақ та бар. Ресей экспорты жайлы деректерге сәйкес, 2023 жылы қыркүйекте Agro-Fregat компаниясы Испанияға 4500 тонна тауар жіберген. Оның ішінде Қырымның Севастополь портынан 2674 тонна бұршақ артылған. Ресейдің аккредитация бойынша федералды қызметі ұсынған ақпарат бойынша, Agro-Fregat компаниясы Қырым бұршағына сапа сертификатын 2022 жылы алған.

"Интерфакс" ақпараттық агенттігінің жазуынша, 2022–2023 жылдары Ресей экспорттаған бұршақты сатып алған елдер қатарында Испания екінші орында тұр. Бірінші орында Түркия.

ТҮРКИЯ

Agro-Fregat Херсон облысының тауарын жиі пайдаланады: 2023 жылы маусым-шілдеде компания комиссиядан арзан бағада 25 мың тонна бидай, бұршақ және өзге де астық дақылдарын экспорттауға рұқсат сұраған. Оккупациялық билік дерегінше, бұл астықты сатып алушы штаб пәтері Адана қаласында орналасқан Velar Tarim Sanayi ve Tic. A.S (Velar) түрік компаниясы болған.

Агробизнес бойынша кеңесші APK-Inform ұйымы Украинаға әскери техника жіберетін Түркия 2022-2023 жылдары Ресейден бидай сатып алудан көш бастады дейді.

ӘЗЕРБАЙЖАН

Түркияның Оңтүстік Кавказдағы одақтасы Әзербайжан – Мәскеумен тығыз байланысы бар мемлекет. Әзербайжан өзін "Украинаның адал досымыз" деп атайды. Бірақ Ресей Украина жерінен жинаған бидайдан бас тартпайды.

2022 жылы Әзербайжан Ресей иемденіп алған украин бидайын мұнайдан көп сатып алған. Елге Ресейден келетін мұнай импорты 294 миллион долларды құрайды.

Мәскеулік Sim-Trans Group – Әзербайжанға бидай тасымалдайтын ең ірі үш экспортердің бірі. Ресейдің сыртқы сауда бойынша ресми дерек базасына сәйкес, Sim-Trans Group Бакуде тіркелген Diba компаниясына 2023 жылы 410 мың долларға бидай сатқан.

Бұл бидайдың қайдан келгені белгісіз. 2023 жылы Sim-Trans Group Diba компаниясына Херсон облысынан 2200 тонна бидай жіберуге рұқсат алған.

Sim-Trans Group телефон қоңырауларына жауап берген жоқ. Diba компаниясынан да пікір алу мүмкін болмады.

ИРАН МЕН СИРИЯ

2023 жылы Херсоннан Ирандағы Бендер Имам Хомейни портына 15 400 тонна арпа жіберген Pallada компаниясының санкцияға ілінген хорват кәсіпкері Крешимир Филиповичпен байланысы бар. Ресейлік ақпарат құралдарының дерегінше, бизнесмен Геленджиктен Ресей президенті Владимир Путинге арнап зәулім үй салған.

Ресей Украинаға басып кірерден бірнеше апта бұрын Pallada компаниясы Ростов-на-Дону қаласында бидайды көтерме бағада сатушы ретінде тіркелген.

Ресейлік тағы бір экспортер – TD Fregat компаниясы 2023 жылы мамырда Қырымнан Сирияның Латакия портына 8 мың тонна жүгері жіберген. Компания Херсон жүгерісінің 3 мың тоннасына кеден алымдары бойынша жеңілдік алған.

Бидай өндірісіндегі кешенді операцияларға маманданған TD Fregat компаниясы да журналистер сұрағына жауап бермеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG