Accessibility links

Байден: Рафахқа шабуыл жасаса Израильге көмек азаяды


АҚШ президенті Джо Байден.
АҚШ президенті Джо Байден.

АҚШ президенті Джо Байден CNN телеарнасына берген сұхбатында Израиль премьері Биньямин Нетаньяху Газа секторындағы Рафах қаласына ірі шабуыл жасауға бұйрық берсе, Вашингтон Израильге кейбір қаруларды бермейтінін мәлімдеді.

Газа секторының оңтүстігінде орналасқан Рафах қаласы – ХАМАС радикал тобы (АҚШ, ЕО террорлық ұйым деп таныған) шоғырланған соңғы жер. Қазір бұл қалада Газаның басқа аймақтарынан қашқан босқындар да бар.

Байден сұхбатында Израильге жеткізілген америкалық бомбалар жеті айда Газа секторындағы бейбіт адамдардың өліміне себеп болғанын мойындады.

Былтыр 7 қазанда ХАМАС радикалдары Израильге шабуыл жасап, осыдан соң Таяу Шығыста соғыс тұтанып, Израиль Газа секторын жаппай ракета, бомбалармен атқылай бастаған.

Джо Байден АҚШ Израильге "Темір қалған" ракетадан қорғану жүйесіне қажетті зымырандар мен қорғаныс қаруларын бере беретінін мәлімдеді. Бірақ Израиль Рафахқа шабуыл жасаса, АҚШ Израильге артиллериялық снарядтар мен шабуыл жасауға арналған қарулар бермейді деді Байден. Reuters агенттігі Байденнің бұл сөзі соғыс басталғалы айтылған ең қатқыл мәлімдеме деп жазды.

Байден Израиль әзірге Рафахқа қатысты әрекетте "қызыл сызықтан" өтпегенін айтып, Тель-Авив Газадағы бейбіт тұрғындардың өмірін сақтауға көп күш салу керек деді.

CNN арнасына берген сұхбатында АҚШ президенті биыл қарашада болатын президент сайлауына қатысты да сұрақтарға жауап берген. Телеарна Байденнен сайлау нәтижесін қатысты қандай да бір алаңдау байқалмады дейді. Ал Байденнің өзі Дональд Трамп сайлауда жеңілсе, жеңілісті қабылдамайды деген.

АҚШ президенті сайлау алдындағы үгіт-насихат шараларына көңілі толатынын да айтқан.

"Мен және сіз көп адам күзге дейін ешқандай шешім қабылдамайтынын білеміз. Алда көп жұмыс күтіп тұр, сол кезде не болатын көрерміз" деді Байден.

  • АҚШ бұрыннан Израиль мемлекетіне әскери қолдау көрсетіп келеді. Былтыр қазан айындағы ХАМАС тобының шабуылынан кейін көмек көбейген.
  • Израиль премьері Биньямин Нетаньяху Рафахта радикалдар жасырынып отыр деп, бұл қалаға соққы жасалуы керек деп мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG