Accessibility links

Тоқаев Иран президенті Раисиді "парасатты басшы" деп, ал Путин "Ресейдің нағыз досы болды" деп атады


Иран президенті Ибрахим Раиси мен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. АҚШ, 19 қыркүйек, 2023 жыл.
Иран президенті Ибрахим Раиси мен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. АҚШ, 19 қыркүйек, 2023 жыл.

Израиль Иран президенті Ибрахим Раисидің қазасына қатысы жоғын айтты. "Біз емеспіз" дейді аты-жөні аталмаған Израиль шенеунігі Reuters агенттігіне.

Раиси Израильге қарсы қатаң саясат ұстанған ресми тұлға ретінде танымал еді, Иран Израильмен соғысып жатқан исламшыл радикал топтарға қолдау көрсетеді. Сәуірде Иран жоғары дәрежелі әскери қызметкерінің өліміне жауап ретінде Израильге бұрын-соңды болмаған соққы жасап, жүздеген дрон мен зымыран атқан. Олардың басым бөлігін Израиль мен оның одақтастары атып түсірді.

Израильмен соғысып жатқан палестиналық ХАМАС тобы (АҚШ пен Еуроодақта террористік ұйым деп танылған), Ливанның "Хезболла" радикал тобы, Йемен астанасын бақылайтын хуситтер мен Таяу Шығыстағы басқа да ираншыл топтар Иран президенті Ибрахим Раиси мен сол елдің сыртқы істер министрі және өзге де билік өкілдерінің өліміне көңіл айтты. "Хезболла" күші басым Ливанда үш күндік аза тұту күні жарияланды. Пәкістан мен Иранда да қаралы күн болды.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Раисидің қазасына көңіл айып, жеделхат жолдады. Бұл туралы Ақорда жазды. Тоқаев "суыт хабарды терең күйзеліспен қабыл алдым" деген.

"Ибрахим Раиси – Иран мемлекеті мен халқының әл-ауқатын арттыруға, мүддесінің мұқалмауына, аймақтағы тұрақтылықты сақтауға өз өмірін риясыз арнаған көрнекті мемлекет қайраткері. Оның қолға алған бастамалары мен жетістіктері халықаралық қауымдастық тарапынан жоғары бағаланғаны баршаға мәлім. Қазақстандықтар Ибрахим Раисиді парасатты басшы, халықаралық деңгейдегі беделді саясаткер, екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға зор еңбек сіңірген тұлға ретінде әрдайым есінде сақтайды" деп жазылған жеделхатта.

Ресей президенті Владимир Путин Раисидің "жарқын бейнесін есінде мәңгі сақтайтынын" мәлімдеді және оны "Ресейдің нағыз досы" деп атады. Ресей СІМ басшысы Сергей Лавров Иран президенті мен сол елдің сыртқы істер министрін Ресейде нағыз достар деп танитын деді.

Беларусь елінің авторитар лидері Александр Лукашенко да Раисиді "дос" деп атады. Халықаралық аренада Иранмен жақын позицияда тұратын Сирия мен Венесуэла сияқты елдердің басшылары да көңіл айтты. Қытай СІМ басшысы Ван И "қайғыра көңіл айтты".

Иранның көршілері — Түркия, Әзербайжан, Армения, Ирак та көңіл айтты.

Еуропа кеңесінің жетекшісі Шарль Мишель Еуропа Одағы атынан Иран президенті мен тікұшақта болған 8 адамның қазасына көңіл айтып, Х желісінде "қаза тапқандардың отбасыларымен біргеміз" деп жазды. Иранмен дипломатиялық қатынасы жоқ АҚШ Раисидің өлімі жайлы ресми түрде пікір білдірмеді.

Ибрахим Раиси Иран президенті лауазымын 2021 жылдан бері атқарып келді. Ол осы қызметке дейін бас прокурор болып істеді, жоғарғы сотқа жетекшілік етті.

Ол Ресейге бірнеше рет барған, Владимир Путин де Тегеранға сапар жасаған. Ресей Украинаға соғыс бастағаннан кейін Иран Мәскеуге "Шахед" дрондарын жеткізе бастады. Иран билігі мұны ресми түрде жоққа шығарады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG