Accessibility links

Украина күштері Ресейдің мина іздегіш "Ковровец" кемесін жойғанын хабарлады


Севастополь аймағы (бұрынғы сурет).
Севастополь аймағы (бұрынғы сурет).

Украина әскери-теңіз күштері жексенбіге қараған түні Ресей Қара теңіз флотының 266М жобасындағы мина іздегіш "Ковровец" кемесі жойылды деп мәлімдеді. Бұл жөнінде Украина әскери-теңіз күштері баспасөз қызметінің ресми хабарламасында айтылған, бірақ егжей-тегжейлі ақпарат жоқ.

Бұл ақпаратты Украина қарулы күштерінің бас штабы да растады. Ресей әскери күштері ешқандай түсініктеме бермеді.

Ресей қорғаныс министрлігі аннексияланған Қырым аспанында Украина әскери күштері қолданған 9 ATACMS ракетасын атып түсіргенін мәлімдеді. Қорғаныс министрлігіне жақын "Рыбарь" телеграм-арнасы шабуыл нысанасына Севастополь айлағы алынған деп жазды. Ақпаратта жалпы 12 дрон болған, Ресей әскері тоғызын атып түсірген, қалған үшеуі "бір кеме тұрған айлақ орындарының біріне түсті" деп жазылған.

Украинаның "Крымский ветер" телеграм-арнасы бұған дейін Севастополь аймағындағы ракета шабуылы кезінде түсірілген видео жариялаған.

"Настоящее Время" арнасының ақпараты бойынша, "Ковровец" кемесі 266М "Аквамарин-М" жобасына тиесілі, ондай кемелер Ресей, Сирия және Йемен әскери-теңіз күштерінде бар. Арнайы мақсаттағы бұл кемелердің міндеті – теңізде мина іздеу, табу, жою және кемелерді мина орнатылған аумақтан өткізу. "Ковровец" кемесі 2016 жылы Ресейдің Сириядағы операцияларына қатысқан. Ұзындығы 61 метр кеменің экипажында 70-ке жуық адам бар. Украинаның да, Ресейдің де ақпарат көздері экипаждағы адамдар туралы әлі нақты ештеңе айтпады.

  • Ресей Украинаға соғыс ашқалы бері украин әскери күштері Ресейдің Қара теңіз флотына, соның ішінде аннексияланған Қырым түбегіндегі порттарға ракетамен шабуылдағанда Ресейдің бірқатар кемесіне зақым келтірді немесе жойды. Бұған дейін Ресейдің Қара теңіз флотының бір бөлігі қауіп-қатерге байланысты Севастопольден Новороссийскіге көшкен деген ақпарат жарияланған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG