Accessibility links

Гаага сотының судьялары Нетаньяху мен ХАМАС басшыларын тұтқындау туралы өтінішті қарайды


Биньямин Нетаньяху.
Биньямин Нетаньяху.

Гаагадағы Халықаралық қылмыстық сот Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху мен сол елдің қорғаныс министрі Йоав Галантты, ХАМАС радикал тобының жетекшісі Исмаил Ханияны, ұйымның әскери қолбасшысы Мұхаммед Дейфті және Газа секторындағы топ жетекшісі Яхья Синварды тұтқындауға ордер беруді қарастырады.

Оларды тұтқындауды Халықаралық қылмыстық сот прокуроры Кәрім Хан талап етті. Бұл жөнінде соттың сайтында жазған. Ханның өзі мұны CNN-ге берген сұхбатында мәлімдеді.

Прокурор сот сайтындағы хабарламасында Нетаньяху мен Галанттың, АҚШ пен Еуропа одағы террор ұйым деп таныған ХАМАС жетекшілерінің Газа секторы мен Израильдегі әскери және адамзатқа қарсы қылмыстарға қатысы болды деп айтуға толық негіз бар деп мәлімдеді.

Халықаралық қылмыстық сот әлемнің көп елі ратификациялаған Рим статуты негізінде жұмыс істейді. Оған геноцидке, әскери және адамзатқа қарсы қылмыстарға жауапты адамдарды қудалау кіреді. Израиль АҚШ пен Ресей сияқты Рим статутын ратификациялаған жоқ, сондықтан сот бұйрығын орындамайды.

Халықаралық қылмыстық сот ісіне қатысатын елдер олармен байланыста болуға, тұтқындауға ордер болса, ХҚС іздеп жүрген адамды ұстауға шара қабылдауға тиіс.

2023 жылы Гаагадағы Халықаралық қылмыстық сот Ресей президенті Владимир Путинді тұтқындауға ордер берді. Сот оны Украинаның оккупацияланған аймағынан халықты, соның ішінде балаларды күштеп көшіріп, әскери қылмыс жасады деп айыптаған. Содан бері Путин Рим статутын ратификациялаған елдерге, соның ішінде Ресейдің "дос" мемлекеттеріне барған жоқ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG