Accessibility links

"Тіліміз жойылудың алдында тұр". Қырым татарларының жетекшісімен сұхбат


Қырым татарларының жетекшісі Мустафа Джемилев
Қырым татарларының жетекшісі Мустафа Джемилев

Осыдан 80 жыл бұрын, 1944 жылы небәрі үш күннің ішінде 200 мыңнан астам Қырым татары туған жерінен жырақ мыңдаған шақырым жерге – Орта Азия мен Сібірге жер аударылды. Сталиннің бұйрығымен тұтас бір халыққа "нацистермен ауыз жаласты" деген айып тағылды. Депортация кезінде және ауыр қуғыннан Қырым татарларының шамамен 46 пайызы ажал құшқан. 1949 жылы совет демографтары соңғы бес жылда Қырым татарлары арасындағы өлім көрсеткіші 45 мың адамға жеткенін анықтаған. Ал Қырым татарлары арасындағы дереккөздер депортация жылдарындағы адам шығыны бұдан әлдеқайда көп дейді.

Совет Одағындағы басқа этникалық топтардың жер аударылуы сияқты Қырым татарларының депортациясы да – диктатор Иосиф Сталиннің бастамасымен жүзеге асқан. Бұйрықтың орындалуына құпия полиция басшысы Лаврентий Берия жауапты болған. Депортациядан кейін Қырымнан татарларды тықсыру науқаны басталды. Осының салдарынан Қырым түбегіндегі түркітілді, мұсылман халықтар мәдениеті толықтай жойылып кетті.

Қудалауға ұшыраған этникалық топтардың көбі Совет Одағының басшысы Никита Хрущев 1956 жылғы халықты күштеп көшіру науқанын сынағаннан кейін ғана туған жеріне оралуға рұқсат алды. Алайда олардың арасында Қырым татарлары болған жоқ. Совет Одағы 1980-жылдардың соңында ғана Қырым татарларының депортациясын қылмыс ретінде мойындап, этникалық топтың елге оралуына рұқсат етті.

Украина, Литва, Латвия мен Канада депортацияны "геноцид" деп айыптаған.

Азаттық атаулы күнге орай, Қырым татарларының жетекшісі, Украина парламентінің депутаты, 1999-2013 жылдары Қырым татарлары мәжілісінің төрағасы болған Мустафа Джемилевпен сөйлесті.

Джемилев 1943 жылы Қырымда туған, отбасымен бірге Өзбекстанға депортацияланып, туған елінен жырақта есейді. Жасөспірім кезінде "Жас Қырым татарлары" одағын құрған. Бұл – оның Қырым татарлары құқығын қорғауға жасаған алғашқы қадамы. Совет билігі Джемилевті 6 рет ұстаған, белсендінің 15 жыл өмірі абақты мен еңбек лагерлерінде өтті. 1970-жылдардың ортасында Мустафа 303 күндік аштық жариялап, күштеп тамақтандырудың арқасында ғана тірі қалған.

2014 жылы Ресей Қырымды аннексиялап алғаннан кейін Джемилевке Қырымға кіруге тыйым салынды. Ресей оны тұтқындауға ордер берген.

2023 жылы қазанда Джемилевтің 80 жылдық мерейтойына орай, Украина президенті Владимир Зеленский оны "Алтын жұлдыз" және "Украина қаһарманы" ордендерімен марапаттады.

– 1944 жылғы Қырым татарлары депортациясының 80 жылдығы қарсаңында бізге сұхбат беруге келіскеніңізге рақмет! Бұл трагедияның Қырым татарлары үшін қазіргі кездегі маңызы туралы айтып беріңізші.

– Бұл – апат ауқымы және оның салдары жағынан Қырым татарлары тарихындағы екінші үлкен трагедия. Біріншісі 1783 жылы сәуірде орыстар Қырымды бірінші рет басып алғанда болды. Билік Қырым татарларын туған жерін тастап, көрші Осман империясына көшуге мәжбүрледі. Қазір Түркияда әртүрлі есеп бойынша, 3-5 миллионға жуық Қырым татары тұрады. Бұл Қырымда тұратын татарлар санынан 10 есе көп. Алғашқы оккупация кезінде басқыншылардың мақсаты Қырым территориясын тазартып, орыстарға жер алып беру болды.

Қырым татарларының 1944 жылғы депортациясын еске алуға арнаған көрме. 17 мамыр 2024 жыл.
Қырым татарларының 1944 жылғы депортациясын еске алуға арнаған көрме. 17 мамыр 2024 жыл.

Екінші депортация мен геноцид ұлтымызды толықтай жойып жіберуге бағытталды. Мәселе Қырым татарларының жаппай қырылуында ғана емес. 1960-жылдардың ортасындағы адам шығынын есептеп көрдік. Сонда депортациядан кейінгі алғашқы екі жылда халықтың 46 пайызы қырылғанын анықтадық. Украина Жоғарғы Радасының [2015 жылы] депортацияны "геноцид" деп тануы өте әділетті шешім деп ойлаймын. 1944 жылғы депортациядан кейін Совет Одағы Қырым татарларын аяусыз қырып қана қойған жоқ, ұлтымызға қатысты дүниенің бәрін жойып жіберді.

Қазір Қырым татарларының тілі жойылу алдында тұр. ЮНЕСКО оны жойылып кетуі мүмкін тілдер тізіміне қосты. Олай болмайды деп үміттенемін. Украина тілімізді сақтап қалуға барын салып жатыр.

– Оккупацияланған Қырымда немесе Украинаның бақылауындағы аудандарда тұратын жастардың көбі туған тілінде сөйлемейді. Бұл мәселені қалай шешуге болады?

– Біз шынымен де тіл дағдарысын бастан кешіріп отырмыз. Депортациядан кейін [Қырым татарларының тілін оқытатын] мектеп болмады. Тілді ата-анамыздан үйрендік. Қырымда туып-өстім деп айтуға келетіндей ересек адаммын. Бұрын ата-анамыз үйде тек туған тілімізде сөйлейтін. Орыс мектебіне барсақ та, әкем үйде орысша сөйлеуге рұқсат бермейтін. Дегенмен балалар бір-бірімізбен орысша сөйлесетінбіз. Бірақ әкем "Бәрі түсінетіндей адамша тілде сөйлеңдерші" деп ұрысатын.

Бізден кейін туған елінен жырақта дүниеге келген ұрпақ туып өсті. Олардың ана тілін білу деңгейі өте төмен. Ата-аналарында балаларына тіл үйретуге мүмкіндік болмады. Әртүрлі зерттеулер бойынша, Қырым татарларының 20 пайызы ғана туған тілін біледі. Кейбірі еркін сөйлейді, басқалары не мүлде білмейді, не нашар меңгерген.

– Қырым татарларының бастан кешкен сол азабы мен 2022 жылғы Ресей басқыншылығынан кейінгі украин азаматтарының қасіреті арасында ұқсастық бар ма? Қазір көптеген украин азаматы шетелде тұруға мәжбүр. Олар барған елінде ассимиляцияға ұшырау, балаларын украин тілінде оқыту мәселесіне тап болып отыр.

– Соғыс басталғаннан кейін украин азаматтарының көбі бас сауғалап, шетелге кетті. Бұл әрине, үлкен апат. Олардың көбі, әсіресе, жақсы елге көшкендер туған еліне оралмай ма деп қорқамын. Қырым татарларының да жағдайы осыған ұқсас. Ресей Украинаға басып кірмей тұрып, Қырымнан кеткен Қырым татарларының 99 пайызы Киевтің бақылауындағы Украина территориясына көшті. Бірақ соғыс басталғаннан кейін бұл дәліздер жабылып қалды, Қырым татарлары Грузия, Қазақстан, Балтық елдері арқылы басқа елдерге өтіп кетті. Олар Украинаның азат аудандарына жете алмады. Қазір Қырымнан басқа аумақтарда 50 мың Қырым татары тұрып жатыр. Аз болып көрінуі мүмкін, бірақ бұл – бүкіл халықтың төрттен бір бөлігі.

Украина да туған тілінде сөйлейтін адамдарынан айырылып жатыр. Шетелде тұратын украин азаматтарының балаларына алаңдаймын.

– Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін көбі тіл мәселесін көтере бастады. Қырым татарлары, украин және басқа тілдер үшін орыс тілін қауіп көресіз бе?

– Қырым татарлары мен Украинаға орыс тілі ғана емес, орыстармен байланысты дүниенің бәрі қауіпті. Ресей саясатын, оның ішінде тілдік саясатын бәріміз жақсы білеміз: украиндар мен Қырым татарларына қарсы орыстандыру саясаты жүргізілді. Украин азаматтары депортацияланған жоқ, сондықтан олардың жағдайы тәуірлеу. Қырым татарлары қатты зардап шекті. Қазір Украина өз тілін дамытып, украин орта қалыптастыруға көп күш салып жатыр, бұл талпынысын қуана қолдаймыз.

– Қуғында жүріп мәдени болмысыңызды қалай сақтап қалдыңыз? Бала күніңізде отбасыңызбен бірге Қырымнан депортацияландыңыз. Қырым татары екеніңізді, туған тіліңіз барын қашан түсіндіңіз?

– Қырым татарларының дүниетанымы көбіне отбасында қалыптасады. Осы себептен советтік пропаганда Қырым татарларына қатты әсер ете қойған жоқ. Бар шындықты ата-анамыздан естіп өстік.

Сталин өлген күні [1953 жылы наурыз] бәрі жылады. Мектептегі Қырым татарларынан құралған шағын тобымыз ғана әзілдеп, күліп жүрдік. Ешқайсымыз жылаған жоқпыз. Тек бір қыз ғана жылады, сол кезде оның отбасы нашар екен деп ойлағаным есімде.

Дауыс зорайтқышпен "барлық дәуір мен барша халықтың ұлы көсемі" өлді деп хабарлағанда, әкем "иттің ақыры келген екен ғой" деді. Мектепте мұғалімдер мен оқушылар жылап жатқанда мен де солай ойладым. Жиналыста "барлық дәуір мен барша халықтың ұлы көсемінің" қазасына байланысты үш күн аза тұтамыз, сабақ болмайды" дегенде "алақай" деп айқайлап жіберуге шақ қалдым. Олай жасасам, ата-анама сөз келер еді.

Қырым туралы әке-шешемізден білдік. Бәріміз бір бөлмеде қатар ұйықтайтынбыз. Балалар ұйықтап қалған соң, ата-анамыз салмақты әңгімелер айтатын. Ояу жатқанымызда Совет Одағына қарсы әңгіме бастала қалса, шешем "Түш! Тыныш! Балалар…." деп әкемнің аузын басатын. Бұл біз олардың ойын құптамайды деген күдік емес. Олар бізді балалығын жасап, үйдегі әңгімені көшеде айтып қоя ма деп қорқатын. Мен ұйықтап жатқан сыңай танытып, әңгіме тыңдайтынмын, бұл тақырып мені қатты қызықтыратын.

– Демек өз жолыңызды табуға үйдегі әңгімелер әсер етті ме?

– Әрине. Әкем "Ұлым, заман сондай, әке-шеше баласына жол нұсқай алмайды. Жақында 14-ке келесің, комсомол болуға тура келеді. Жолын тауып, партияға қосылмасаң, қуанар едім" деді.

Комсомолға қосылған жоқпын. 1965 жылы институттан қуылдым [Джемилевті Ташкенттегі ауыл шаруашылық техникумындағы оқуынан шығарып жіберген]. Сол кезде факультет өкілі мен сияқты "жолдан тайған" адамға советтік университетте орын жоқ деді.

Отандастарымыз қазір де балаларын солай тәрбиелейді деп ойлаймын. Қырымдағы үйлерде осындай әңгімелер бар. Сондықтан адамдар ресейлік пропаганда, кейінгі ұрпақ туралы айтқанда, 70 жылға созылған Совет пропагандасы бізді өзгертпегенін еске саламын. Қайта құрудың 2-3 жылында бұл пропаганда жойылды. Қырым деоккупациясынан кейін де дәл солай болады.

– Ресей Қырымды басып алғалы 10 жылдан асты. Қырым татарларының көбі көшіп кетті, кей азаматтарды Ресей әскеріне қосылуға мәжбүрледі, біразын өлтірді. Қырым татарлары ұлт ретінде сақталып қала ала ма?

– Қырым деоккупацияланбаса, Қырым татарларының болашағы жоқ. Әлемде зымыран мен бомба жарылып жатқан жерде бақытты өмір сүріп жатқан халық бар ма? Қырымдағы жағдай осындай. Онда украин бомбасы жарылса, Киев бізді ұмытпаған екен деп ойлайды. Бұл оккупантпен Қырым және Ресейдің қол астындағы басқа да өңірлер жайлы ешқандай келіссөз болмайтынын білдіреді. Адамдар азат болмай, болашағы болмайтынын түсініп отыр.

– Деоккупацияны қалай елестетесіз? Бұл мәселе әскери жолмен шешіле ме, әлде дипломатиялық әдіспен бе?

– 2014 жылдан бері Қырымды дипломатиялық жолмен деоккупациялау керек деп айтып келемін. Әйтпесе ол да Мариуполь сияқты өмір сүруге жарамсыз түбекке айналады.

Бірақ Мәскеу "Қырым тақырыбы талқыланбайды, Конституция бойынша бұл – Ресей территориясы" деп отыр. Ресей Украинаға басып кіргенде, қос тарап арасында келіссөз болды. Кездесу соңында тараптар өз позициясын білдірді. Біз соғысты тоқтату шарты ретінде Ресейден 2022 жылы 23 ақпандағы шекараға оралуын талап еттік. Осыдан кейін Қырым мен Донбасс жайлы келіссөздер бастауға келістік. Келіссөз барысында тараптардың ешқайсысы бұл территорияларды бақылауына алу үшін күш қолданбауы керек.

Мәлімдеме оқылғанда, келіссөзге 15 жыл деген сөз қосты. Камералардың бәрі маған қарай бұрылып, пікір сұрады. Түрік, украин ақпарат құралдары ғана емес, бүкіл әлем журналистері. 15 жыл туралы естігенде Рүстемге [Умеров, келіссөздегі украин делегациясының мүшесі, қазір Украинаның қорғаныс министрі]: "Болмайды. Әйтпесе жұрттың сынына қаламыз!" дедім. Бұл цифрды мәлімдемеге қоспайды деп ойладым.

Менен пікір сұрағанда, бұл сөзге түбегейлі қарсымын деген жоқпын.

"Ресей Қырым мәртебесі туралы келіссөз жүргізуге келіссе, бұл Қырым Ресей территориясы емесін, уақытша оккупацияланғанын білдіреді. 1949 жылғы Женева конвенциясына сәйкес, Қырымда Украин заңдары мен демократиялық құқықтары жүреді. Солай болса және әр тарап қалауын ашық айтса, Қырым деоккупациясына 15 жыл емес, 6 ай ғана уақыт кетеді" дедім.

Бірақ бұл пікірім сыннан құтқарып қала алмады…. [Украина президенті әкімшілігінің басшысы Андрей] Ермакқа хабарласып, "Не істедіңдер? 30 жылдан бері халықтың осылай ашуланғанын көрмедім! 15 жыл туралы неге айтасыздар?" дедім. Ол күліп: "Сабыр сақтаңыз. Олар бұл шартты да қабылдамайды" деп жауап берді.

Шынымен ертеңіне Путиннің баспасөз хатшысы [Дмитрий] Песков Қырым мәртебесі жайлы келіссөз болмайтынын айтты.

Сондықтан қазір Қырымды әскери жолмен азат ету туралы ғана айта аламыз. Украин әскері Қырым мен Украинаның құрлық бөлігі арасындағы аймаққа кіргенде, қайтадан келіссөз ұсынамыз. Мәселе Ресей әскерін соғыссыз, Қырымнан аман-есен қайтару жайлы болады. Басқа жолы жоқ.

XS
SM
MD
LG