Қырғызстанның Нарын облыстық соты осы елдің азаматы Бекназар Бөріғұлды "Вагнер" әскери компаниясының құрамында Украинадағы соғысқа қатысқаны үшін бес жылға соттады. "7 желтоқсанда шыққан үкімді Нарын соты 4 қаңтарда хабарлады" деп жазады Азаттықтың Қырғыз қызметі.
Нарын қалалық соты бұған дейін де осыған ұқсас үкім шығарған.
Бекназар Бөріғұлдың ұсталғаны 2023 жылы тамызда белгілі болған. Ресей түрмесінде отырған ол "Вагнер" құрамына кірген. Қырғызстанға оралған соң үш айдан кейін қамауға алынған.
2023 жылы мамырда Қырғызстанның 31 жастағы азаматы Асқар Қуанышбекұлы да "Вагнерге" қосылғаны үшін 10 жылға түрмеге кесілген, бірақ Жоғарғы сот істі қайта қарауға жіберген.
Ресейдің жекеменшік "Вагнер" әскери компаниясы түрмедегі тұтқындарды Украинадағы соғысқа баруға үгіттей бастағаны 2022 жылы мәлім болған. Азаттықтың Қырғыз редакциясы Ресей түрмесінен "Вагнер" қатарына қосылып, соғыста өлген ондаған қырғыз азаматы туралы жазған.
ПІКІРЛЕР