Accessibility links

Ресей биыл мемлекеттік ақпарат құралдарына көп қаражат құйды


Украинамен соғыс басталғалы бері Ресей мемлекеттік БАҚ-қа бөлетін қаражатын едәуір арттырды. Бұл туралы The Moscow Times басылымы федерацияның қаржы министрлігіне сілтеме жасай отырып хабарлады.

Статистикаға сәйкес, биыл алғашқы тоқсанда бұқаралық ақпарат құралдарына шамамен 17,5 миллиард рубль аударылды. Бұл - былтырғы үш айдағы көрсеткіштен үш есе артық. Қаражаттың шамамен 12 миллиард рублі наурыз айында бөлінген. Бұл тоқсанда армия шығыны 11 пайызға артқан.

The Moscow Times басылымының хабарлауынша, 2022 жылы БАҚ-ты қаржыландыруға шамамен 115 миллиард рубль бөлінуі тиіс. Қаражаттың шамамен 29 миллиарды автономды коммерциялық емес "ТВ-Новости" ұйымына аударылады. Бұл ұйым RT мемлекеттік телеарнасын басқарады. 25 миллиардтан астам рубль Жалпыресейлік мемлекеттік телевизиялық және радиотаралым компаниясына (ВГТРК) бөлінеді.

Ресей 24 ақпанда Украинаға басып кіргелі бері елде цензура күшейді. Соғыстың алғашқы күндері-ақ "Роскомнадзор" БАҚ-тарға армияның әскери қимылдары туралы материалдарды өшіру қажеттігі туралы ескерту таратты. Билік отандық және шетелдік тәуелсіз басылымдардың барлық дерлік сайттарын бұғаттады. Олардың арасында Азаттық радиосы мен оның жобалары, DW, Би-би-си, "Медуза" секілді ақпарат құралдары бар. "Дождь" телеарнасы билік бұғатынан соң жұмысты тоқтатқанын жарияласа, "Эхо Москвы" радиосы жабылып қалды. "Новая газета" "Роскомнадзордың" екі ескертуінен соң жұмысын уақытша тоқтатты.

Ресей билігі бірнеше журналиске қарсы қылмыстық іс қозғады. Журналистер "Ресей армиясының әрекеті туралы жалған ақпарат таратты" деген күдікке ілінді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG