Accessibility links

Болмай қалған митинг. Қазақстанда 1 мамыр қалай өтті?


Алматыда наразылық жиынына келгендерді ұстап әкетті. 1 мамыр, 2021 жыл,
Алматыда наразылық жиынына келгендерді ұстап әкетті. 1 мамыр, 2021 жыл,

Шетелде тұратын оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов наразылық митингісіне шығуға шақырған 1 мамыр күні Алматы мен Шымкентте бірнеше адам ұсталды. Наразылық жиындары өтпей қалды: Әблязов жиын болатын жер деп белгілеген орындар жабылып, маңайда полицейлер торуылдап жүрді. Митинг болады деген жерлерге бірді-екілі адам келді. Екі жыл бұрын мұндай шараларға жұрт әлдеқайда көп жиналатын.

Бұлтты күні Алматыдағы Орталық саябақ маңында жүргінші жоқтың қасы. Нөсер жауын астында су-су болып полицейлер тұр. Саябақ маңындағы жолдарда автозактар байқалады. Маңайдағы аудандарда мобильді интернет жұмыс істемейді, кей жерлерде ұялы байланыстың өзі жоқ.

Сенбі күні "дезинфекцияға" жабылған Алматыдағы Орталық саябақ. 1 мамыр, 2021 жыл.
Сенбі күні "дезинфекцияға" жабылған Алматыдағы Орталық саябақ. 1 мамыр, 2021 жыл.

"Экстремистік" деп танылып, елде жұмыс істеуіне тыйым салынған, Еуропа парламенті бейбіт ұйым деп атаған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысының басшысы, Францияда тұратын, сол елде саяси баспана алған оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов осы саябақта жиналып, содан соң жаяулар жүретін Жібек жолы көшесіне қарай шерулетуге шақырған.

"ЕРКІНДІГІМІЗДІ ТАПТАП ЖАТЫР!"

Жергілікті уақытпен сағат 13-те саябақ маңына бес адам келді.

"Саяси тұтқындарға бостандық!" деп айқайлады олар.

Полиция ұстап әкеткенге дейін олар ұрандарын айтып үлгерді. Жиналғандар саяси тұтқындарды босатуды, Қазақстандағы адам құқықтары туралы Еуропа парламентінің қарарын орындауды, бағаның өсуін бақылауды және "мәжбүрлеп вакцина салуды тоқтатуды" талап етті. Көп ұзамай бұл адамдарды автозакқа алып кетті. Ұстау кезін түсіріп жатқан журналистерге белгісіз адамдар кедергі жасап, камераны қолшатырмен көлегейлей берді.

— Сүйреме! Еркін митингіге шыққан халықты ұстап жатыр. Сүйрелеп жатыр. Зорлық қылып, біздің еркіндігімізді таптап жатыр. Біздің митингіге шығуға құқығымыз бар, — деді ұсталғандардың бірі.

Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі халықаралық бюро Жібек жолы көшесінде полицияның бір адамды ұстаған сәтін видеоға жазып алған. Тәртіп сақшылары ер адамды микроавтобусқа күштеп апарып салды.

Әблязов әлеуметтік желіде "бүкіл елде митинг өткізуге" шақырған соң Алматының санитарлық дәрігерлері Covid індетінің өршуіне байланысты "Арбат" аталып кеткен Жібек жолы көшесімен демалыс күндері жаяу адамдардың жүруіне тыйым салды. Қала әкімдігі қоғамдық көліктің бағыты өзгеретінін, "кабельдік жүйе линияларын жөндеп жатқандықтан", 1 мамырда автобустар мен троллейбустар Орталық саябақ маңына бармайтынын хабарлады, ал саябақ басшылығы "дезинфекция" жасау үшін жабылатынын айтты.

ЖОЛ ЖӨНДЕУ ЖӘНЕ "ДЕЗИНФЕКЦИЯ"

Ақтөбе әкімдігі де маңында митинг болады деген Орталық базарды жауып, оған апартын жолды жөндеп, шарбақты сырлай бастады. Бұл жұмысты полиция бақылап тұрды.

Митинг болады деген күні жабылған Ақтөбедегі Орталық базардың кіреберісі. 1 мамыр, 2021 жыл.
Митинг болады деген күні жабылған Ақтөбедегі Орталық базардың кіреберісі. 1 мамыр, 2021 жыл.

Астанадада да осыған ұқсас жағдай болды. Әблязов жиналуға шақырған теннис федерациясы ғимаратының маңына таңертеңнен полицей көп жиналды. Жұмысшылар асфальтқа жол белгілерін салып, тәртіп сақшылары олардың жұмысын бақылап тұрды. Жұмысшылардың айтуынша, бұрын полицейлер бұлай көмектеспейтін. Полицейлер болса ешқандай митинг туралы естімегенін, бұл қауіпсіздік шараларының Әблязов айтқан үндеуге еш қатысы жоқ екенін айтты.

"Арнайы бояу. Ешкім өтпеуі үшін көмектесеміз" деді жолды күзетіп, жұртты өткізбей тұрған полиция қызметкері.

Наразылық өтеді деген орынға апартын жолға жұмысшылар белгі салып жатыр, ал полицейлер оларды бақылап тұр. Нұр-Сұлтан, 1 мамыр, 2021 жыл.
Наразылық өтеді деген орынға апартын жолға жұмысшылар белгі салып жатыр, ал полицейлер оларды бақылап тұр. Нұр-Сұлтан, 1 мамыр, 2021 жыл.

Шымкентте "Қиыл әлемі" саябағының маңында кемінде төрт адамды ұстап әкетті. Әблязов жұртты осы жерге жиналуға шақырған еді. Полицейлер мен жай киімдегі адамдар жұртты неге ұстап жатқанын түсіндірмеді. Белгісіз адамдар Шымкенттегі Азаттық тілшісінің оқиғаны түсіруіне кедергі жасады.

Шымкентте наразылық өтеді деген маңда жүрген полицейлер. 1 мамыр, 2021 жыл.
Шымкентте наразылық өтеді деген маңда жүрген полицейлер. 1 мамыр, 2021 жыл.

Азаттық полициядан 1 мамыр күні ұсталғандардың нақты санын анықтай алмады. Осы аптада аймақтарда бірнеше белсенді ұсталып, бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзғаны үшін әкімшілік қамауға алынған. Әдетте митинг өтетін күннің қарсаңында мұндай жазалау жаралары жиілеп кетеді.

МИТИНГІГЕ КЕЛГЕНДЕР ЕКІ ЖЫЛ БҰРЫНҒЫДАН ӘЛДЕҚАЙДА АЗ

Сенбі күні жиын өтеді деген орындарға әрі кетсе оншақты адамнан ғана жиналды. Бұл – Әблязов шақырған митингілердің ішіндегі кісі ең аз қатысқан жиындардың бірі. Facebook парақшасында ол "жақсы өмір үшін жұрт өзі күреспесе, ол күн ешқашан тумайды" деп жазды.

Екі жыл бұрын 1 мамырда Әблязов шақырған митингіге Алматыда бірнеше жүз адам, ал басқа қалаларда ондаған адам келген.

Ол кезде наразылық Назарбаев мемлекет басшысы қызметінен кеткелі алғаш өтіп жатқан президент сайлауына бойкот жариялау ұранымен өткен. Назарбаев өзі орнына ұсынған Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауда жеңіске жетті. 2019 жылы өткен президент сайлауын батыс бақылаушылары еркін әрі әділ сайлау талаптарына сай емес деп сынға алды. Отставкаға кеткенімен, экс-президент биліктің біраз тетігін бақылауында ұстап отыр. Ол биліктегі "Нұр Отан" партиясының төрағасы әрі ықпалы күшті Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы қызметін атқарады.

Көп сарапшының айтуынша, 2019 жыл Қазақстанда халық наразылығы өршіген жыл болды. Шетел басылымдары Қазақстанда азаматтық қоғамның "оянғаны", өз құқығын қорғауға ниетті жастардың күш алғаны туралы жиі жазды. 2020 жылы наразылыққа шыққандардың үстінен іс қозғалып, азаматтық белсенділерге қысым жасалды.

Қазақстан құқық қорғаушыларының айтуынша, елде 28 саяси тұтқын бар, ал саяси себеппен қуғындалып жатқандар саны 265 адамға жеткен. Қазақстан билігі елде саяси тұтқын жоқ деумен келеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG