Accessibility links

Ағаділ, Атабек және өзгелер. АҚШ-тың 2020 жылдың адам құқығы есебі шықты. Онда Қазақстан да қамтылған


Патруль көлігі мен полицияның темір қоршауы. Алматы, 31 қазан 2020 жыл. Көрнекі сурет.
Патруль көлігі мен полицияның темір қоршауы. Алматы, 31 қазан 2020 жыл. Көрнекі сурет.

АҚШ мемлекеттік департаменті 2020 жылдың Адам құқықтары жөніндегі есебін жариялады. Әлем елдеріндегі ахуалды саралайтын бұл құжатта Қазақстан да қамтылған. Онда конституцияда көрсетілген құқықтар мен бостандықтардың бір жыл ішінде қалай бұзылғаны сипатталған. Азаттық көлемді құжатты шолып, негізгі ойларды оқырман назарына ұсынады.

АҚШ мемлекеттік департаментінің 30 наурызда жарияланған есебін осы мекемеге қарасты Демократия, адам құқықтары мен еңбек бюросы әзірлеген. 1977 жылдан бері жыл сайын жарияланып келетін бұл есепте әр елдегі адам құқығы ахуалы сараланған. Онда елдердің барлығына ортақ жеті өлшем ұсынылады:

  1. Жеке адам бостандығы;
  2. Азаматтық еркіндік;
  3. Саяси процеске қатысу еркіндігі;
  4. Үкіметтегі жемқорлық;
  5. Үкіметтің адам құқығын бұзу жөніндегі халықаралық және үкіметтік емес тергеулерге деген қарым-қатынасы
  6. Кемсіту, әлеуметтік қорлық және адам ұрлау;
  7. Жұмысшы құқығы.

Мемлекеттік департаменттің конгреске ұсынылатын 45-есебінде осы жеті тараудың әрқайсысына Қазақстаннан көптеген мысал келтірілген. Ғалы Бақтыбаев, Азамат Оразалы және Дулат Ағаділ секілді азаматтардың жұмбақ өлімінен бастап, Елена Семенова секілді құқық қорғаушылардың қысым көруі, Санавар Закирова мен Әлнұр Ильяшев секілді белсенділердің қылмыстық қудалануы айтылады.

Бұл оқиғалардың басым көпшілігі Азаттық сайтында жарияланып отырды. Бірақ олардың АҚШ мемлекеттік департаментінің осы бір есебінде аталуы жаңа бір меже іспетті. Себебі есепті дайындаушы бюро әрбір іс бойынша құқық қорғаушылармен, журналистермен және оқиғадан хабары бар өзге де мамандармен сөйлескен, сұхбат алған.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен мемлекеттік департаменттің "Әлем елдері бойынша адам құқықтарының есебі - 2020" баяндамасын жариялау жөніндегі баспасөз мәслихатында. Вашингтон, 30 наурыз 2021 жыл.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен мемлекеттік департаменттің "Әлем елдері бойынша адам құқықтарының есебі - 2020" баяндамасын жариялау жөніндегі баспасөз мәслихатында. Вашингтон, 30 наурыз 2021 жыл.

Есептің Қазақстан туралы бөлігінің кіріспесінде елдегі биліктің президенттің қолында шоғырланғаны, атқарушы биліктің дамыған елдерде тәуелсіз саналатын заң шығарушы және сот билігін қадағалайтыны жазылған. Авторлар Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттіктен кетсе де, билікке деген ықпалын сақтап қалғанын, ал Қасым-Жомарт Тоқаевтың құқықбұзушылыққа толы сайлауда президент атанғанын айтады.

Құжатта адам құқығының өрескел бұзылуына мысал келтірілген. Олар: үкіметтің не үкімет атынан әрекет еткендердің кісі өлтіруі; азаптау; саяси тұтқындардың болуы; сот билігінің тәуелсіз болмауы; интернет, баспасөз және пікір білдіру еркіндігінің шектелуі; бейбіт жиналу және ұйымға бірігу еркіндігінің бұзылуы; саяси процеске қатысу еркіндігінің бұзылуы; адам ұрлау және жұмысшылардың одақ құру еркіндігінің бұзылуы.

КІСІНІ САЯСИ МАҚСАТПЕН ӨЛТІРУ

Құжатта үкімет пен оның агенттері кісіні заңсыз өлтірді не өлімге әкелетіндей етіп ұрып-соқты дейтін бірнеше шағымның түскені, белсенділердің тұтқынға қарсы зорлық-зомбылықтың кейде өзге бір тұтқынның қолымен жасалатыны, биліктің оған көз жұматыны айтылады.

Баяндамада осы сипаттамаға 2020 жылы болған үш өлімнің сәйкес келетіні жазылған. Соның бірі – былтыр қазанда полиция бөлімінде көз жұмған Азамат Оразалының өлімі.

"17 қазан күні полиция малшы Азамат Оразаұлын мал ұрлығы күдігімен ұстап, Мақаншы ауылындағы полиция бөліміне апарған. Оразаұлы сол күні-ақ қайтыс болды. Полиция ұрып-соғып ұрлық жасады деп мойындатпақ болған делінеді. 19 қазанда полиция Азаматтың Мақаншыдағы полиция кеңсесінде өлгенін растады. Тергеу азаптау жөнінде айып тағылуға әкелді, үш полиция қамауға алынды" дейді баяндама авторлары.

Мемлекеттік департамент назарынан белсенді Дулат Ағаділдің өлімі де тыс қалмаған. 2020 жылғы 24 ақпанның қараңғы кешінде азаматтық киім киген полицейлер белсенді Дулат Ағаділді Нұр-Сұлтан түбінде орналасқан Талапкер ауылындағы үйінен күштеп әкеткен. Келесі күні оның абақтыда жұмбақ жағдайда қайтыс болғаны белгілі болды.

Дулат Ағаділдің жұмбақ өлімін тергеу туралы

Адам құқығы жөніндегі белсенділер тәуелсіз тергеуді талап еткен соң, келесі денсаулық жөніндегі құзыретті органдар екі тәуелсіз дәрігердің қатысуымен Ағаділдің мәйітін тексеріп, олар күштеп өлтірудің айғағын таппаған, бірақ көгерудің ізін байқаған. 29 ақпан күні президент Тоқаев іс құжаттарымен танысып шыққанын, Ағаділдің жүрек талмасынан қайтыс болғанына сенімді екенін айтты. 28 мамырда Нұр-Сұлтанның прокуратурасы қылмыстық әрекетті таппағанын, ал Ағаділдің ұсталуы мен қамалуы заңға сәйкес жүргенін, сол себепті Ағаділдің өлімі жөніндегі тергеуді аяқтайтынын мәлімдеді.

АҚШ мемлекеттік департаментінің 2020 жылға арналған Адам құқығы жөніндегі есебінен үзінді

Дулат Ағаділдің туыстары мен жақтастары биліктің бұл шешіміне наразылық білдірді, тіпті шағым түсірмек болды, бірақ нәтижеге қол жеткізе алмады. Белсендінің серіктері мен жақтастары асар өткізіп, Талапкердің үйін тұрғызып берген. Жазда осы үйдің соғылуына орай ас беріліп, жиналғандар марқұмның зиратына шерулетіп барған. Полиция осы асқа қатысқан бірқатар белсенді қамауға алып, оларға әкімшілік жаза қолданылды.

Ал биыл 4 ақпанда Дулат Ағаділдің ұлы Жанболат көшедегі төбелес кезінде қаза тапты. Оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, сот процесі жүріп жатыр. Құқық қорғаушылар мен белсенділер Жанболат Ағаділдің өлімінде де саяси астар болуы мүмкін дейді. Бұл өлім Еуропарламенттің 11 ақпан күні қабылданған қарарында да аталған.

АҚШ үкіметінің құжатында екі жыл бұрын белгісіз біреулер атып кеткен қарағандылық белсенді Ғалы Бақтыбаевтың өлімі де аталады.

"2019 жылы Қарағанды облысы Атасу ауылында мылтық оғына ұшқан белсенді Ғалы Бақтыбаевтың мәйіті табылды. Бақтыбаев – жергілікті биліктің жемқорлығын, мемлекет ақшасын талан-таражға салуын және өзге де құқықбұзушылығын көтерген азаматтық белсенді. Ішкі істер министрлігі құрған арнайы тергеу тобы төрт күдіктіні қамауға алды. Олардың бірі – бұрынғы полиция офицері. Тергеу аяқталып, мамыр айында сотқа өтті. Алқабилер тергеуі 17 тамыз күні басталып, әлі жүріп жатыр" дейді есеп.

АЗАПТАУ

Қазақстанның адам құқығы жөніндегі уәкілі (омбудсмен) Эльвира Әзімованың сөзіне сүйенген баяндамашылар түрмедегі азаптау мен зорлық-зомбылықтың 2019 жылмен салыстырғанда артқанын айтады. Баяндамада Әзімованың 2019 жылы азаптау мен қатыгездік бойынша 84 шағым түскенін, ал 2020 жылдың алғашқы 10 айының өзінде мұндай шағым саны 125 болғаны туралы мәлімдемесі келтіріледі.

АҚШ есебінде Қазақстанда тұтқындардың азапталуы жөніндегі істердің сотқа жете бермейтіні, түрме қызметкерлерінің әдетте жеңіл жазамен құтылатыны жазылған.

Түрмедегі азаптау туралы

3 ақпанда Қапшағай аудандық соты Заречный түрмесінің жеті офицерін азаптау ісі бойынша айыпты деп тапты. Сот тәрбие ісі жөніндегі директордың орынбасары Арман Шәбденов пен жедел жұмыс жөніндегі директордың орынбасары [Аян] Жексеновты жеті жылға соттады. Қалғандары бес жылдан алты жылға дейінгі аралықты бостандығынан айырылды.

АҚШ мемлекеттік департаментінің 2020 жылға арналған Адам құқығы жөніндегі есебінен үзінді

Баяндамада түрмедегі ахуалдың, тұтқындар жағдайының нашарлығы сөз болып, олардың мәселесін көтеріп жүрген белсенді Елена Семенованың билік тарапынан қысым көріп отырғаны айтылады.

ӘДІЛ ТЕРГЕУДІҢ БОЛМАУЫ ЖӘНЕ СОТ БИЛІГІНДЕГІ ЖЕМҚОРЛЫҚ

Жылдық есепте Қазақстан сотының атқарушы билікке тәуелдігін, прокурорлардың судьяларға деген ықпалын, үкіметтің сол арқылы билікті сынайтындарды қудалай алатынын атап өткен. Мұның мысалы ретінде былтыр 15 шілдеде Алматыдағы Медеу аудандық соты белсенді Санавар Закированың бір жылға сотталуын келтіреді. Закирова "Нұр Отан" партиясын сынағаны үшін де жазаланған. Құқық қорғаушылар мұның бәрі белсендінің үнін өшіру амалы дейді.

Freedom House есебіне сүйенген АҚШ мемлекеттік департаменті Қазақстан сот жүйесін жемқорлық жайлағанын атап өткен.

"Судьялар ең жоғары жалақы алатын мемлекеттік қызметкер қатарына жатқанымен, заңгерлер мен адам құқығын қадағалаушылар судьялардың, прокурорлардың және өзге де лауазымды тұлғалардың көптеген қылмыстық және азаматтық істе жағымды шешім үшін пара сұрағанын айтады" дейді баяндама авторлары.

Соттың күмәнді шешімі туралы

Freedom House мәліметіне қарағанда, соттар саяси астары бар шешімдерді жиі шығарады. 21 мамырда бас прокурор Ғизат Нұрдаулетов Жоғарғы сотқа жүгініп, Атырау облыстың сотының бұрынғы әкім Бергей Рысқалиев пен оның сыбайластарына қатысты 2019 жылғы қаңтардағы шешімін жоюды сұраған, онда процедуралық қателіктердің болғанын айтқан. Жоғарғы сот бас прокурордың петициясын қанағаттандырды. Ұйымдасқан қылмыстық топқа жетекшілік етті деген айыппен 2019 жылы сырттай 17 жылға сотталған Рысқалиевқа тізімі ұзақ мүлкі мен шетелдегі есепшотта жатқан көлемі үлкен ақшасы қайтарылды. Freedom House бұл шешімнің сот беделіне нұқсан келтіргенін айтады.

АҚШ мемлекеттік департаментінің 2020 жылға арналған Адам құқығы жөніндегі есебінен үзінді

Есепте сот жүйесіндегі жемқорлықтың мысалы ретінде Алматы қаласы Бостандық ауданының бұрынғы судьясы Эльвира Оспанованың сотталуын келтірген. 2020 жылғы 29 шілдеде ол 1,2 миллион теңге (3 мың доллар) пара алу айыбы бойынша кінәлі деп танылған.

Мемлекеттік департамент Қазақстанда тергеу процедуралары жиі бұзылады, бұл ахуал Covid пандемиясы кезінде өршіп кетті дейді. Мұны белсенді Әлнұр Ильяшевтің ісі негізінде түсіндірген. Құжатта сот процесі онлайн өтіп, белсендінің айғақ келтіруге, куәлардан жауап алуға, адвокатымен жеке сөйлесуге деген құқықтары бұзылғаны айтылады.

САЯСИ ТҰТҚЫНДАР

"Тірек" қоғамдық бірлестігіне дерегіне сүйенген баяндамада Қазақстанда шамамен 23 адамның саяси астары бар іспен қамауда отырғаны айтылады. Олардың қатарына белсенді Арон Атабек, белсенді Макс Боқаев және қуғындағы банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов жетекшілік ететін (Қазақстан соты экстремистік деп таныған, Еуроодақ бейбіт ұйым деп атаған) "ҚДТ" қозғалысына қатысы бар деген адамдар кіреді. Қазақстан билігі "ҚДТ-ның" ізбасары деп тапқан "Көше партиясы" қозғалысына қатысы бар деп сотталған азаматтар да саяси тұтқындар қатарына жатқызылып отыр. Үйқамақта отырған кәсіподақ лидері Лариса Харкованың есімі де осы азаматтармен бірге аталады.

Kazakhstan - authorized protests in Almaty. 31 October 2020 Алматыда өткен наразылық акциясына түрмеде отырған диссидент әрі ақын Арон Атабектің суретін шыққан әйел. 31 қазан 2020 жыл.
Kazakhstan - authorized protests in Almaty. 31 October 2020 Алматыда өткен наразылық акциясына түрмеде отырған диссидент әрі ақын Арон Атабектің суретін шыққан әйел. 31 қазан 2020 жыл.

2016 жылғы жер митингілері кезінде бес жылға сотталған Макс Боқаев биыл ақпанда бостандыққа шықты. Белсенді жазасын толық өтеп шығып, мерзімі жақындағанда билік оның қоғамдық жұмыспен айналысуына тыйым салды, бұл жөніндегі апелляциялық шешімді қанағаттандырмады. Белсенді бұған қарамастан қоғамдық жұмыстармен айналысып жүр. Санаулы күн бұрын ол 2016 жылы жер митингісінен кейін сотталғандардың бірі Талғат Аянмен бірге Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен парламент палаталарының жетекшілерін сотқа берді. Олар парламенттің 2018 жылғы сайлау туралы заңы конституцияға қайшы дейді.

ШЕТЕЛДЕ ЖҮРГЕН АЗАМАТТАРДЫ ҚУДАЛАУ

АҚШ мемлекеттік департаменті қазақ билігінің саяси астары бар істерге келгенде шетелде жүрген азаматтарды да қудалайтынын сөз етеді.

"Мамыр айында БТА банктің бұрынғы басқарушы директоры Рустам Ибрагимов Біріккен Араб Әмірліктерінен елге экстрадицияланды. Қазір Францияда тұратын жетекші оппозиция қайраткері Мұхтар Әблязовтың серігі саналған Ибрагимов Әблязовке БТА Банк ақшасын шетелдік қаржы институттарына заңсыз аударуға көмектесті деп күдіктеледі. Ол қазақ, қырғыз және эмират биліктерінің бірлесе отырып оның паспортын заң деп тапқаннан кейін барып экстрадицияланды" дейді баяндама авторлары.

Құжатта 29 қыркүйек күні Францияның босқындар жөніндегі ұлттық соты Әблязовқа босқын мәртебесін бергені де атап өтілген. Онда сондай-ақ, Италияда 2013 жылы Әблязовтың жары Алма Шалабаева мен оның алты жасар қызы Алуаның Қазақстанға заңсыз экстрадициялануына жауапты деген алты офицердің сотталғаны да сөз болған. 12 қазан күні Италия соты құқық қорғау органдарының бұрынғы алты қызметкерін осы іс бойынша үш жарым жылдан бес жылға дейін сотталған.

Қуғындағы банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтың жары Алма Шалабаева қызы Мадинамен бірге Римде баспасөз мәслихатында. 27 желтоқсан 2013. Баспасөз мәслихаты Шалабаеваның заңсыз деп танылған экстрадициядан кейін Қазақстаннан Италияға оралуына байланысты өткен.
Қуғындағы банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтың жары Алма Шалабаева қызы Мадинамен бірге Римде баспасөз мәслихатында. 27 желтоқсан 2013. Баспасөз мәслихаты Шалабаеваның заңсыз деп танылған экстрадициядан кейін Қазақстаннан Италияға оралуына байланысты өткен.

Шетелде жүріп қудаланған қазақ азаматтары қатарына Украинада тұратын Жанара Ахметова да қосылған.

"14 мамырда Украина жоғарғы соты төменгі соттың қазақстандық журналист әрі белсенді Жанара Ахметованың босқын мәртебесін беру туралы өтінішіне қатысты оң шешімін жойған. Жоғарғы соттың бұл шешімі Ахметтің Қазақстанға экстрадициялануына жол ашқан, өйткені Украина мен Қазақстан арасында экстрадиция жөнінде келісім бар. [Қазақстанда Жанара Ахметке] алаяқтық жасады және Әблязовты белсенді түрде қолдады деген айыппен іздеу салынған" дейді баяндаманы әзірлеушілер.

Мемлекеттік департамент есебінің Қазақстанға арналған 65 бетінде бұдан өзге баспасөз және интернет бостандығының шектеліп отырғаны, азаматтардың өз ойын білдіргені үшін сотталатыны, бейбіт жиындар туралы заңдар қабылданғанмен шектеулердің сол күйі қалғаны, саяси партиялар туралы заңға өзгеріс еніп, адамдардың партияға мүше болмай парламент түгіл мәслихатқа да сайлана алмайтыны жазылған.

Баяндамада бұдан бөлек былтыр Қордайда болған ұлтаралық қақтығыс, еңбек мигранттары құқығының орындалмауы, жұмысшы құқықтарының бұзылуы, ереуілге шығудың заңсыз деп жарияланғаны, жыныстық азшылық топтарының зорлық-зомбылық пен қоғамдық қысымға ұшырап отырғаны айтылады.

АҚШ мемлекеттік департаментінің бұл есебі елдегі адам құқығы жөніндегі ахуалдың мейлінше жан-жақты, егжей-тегжейлі баяндамасы саналады. Құжаттың ағылшын тілдегі толық нұсқасын сілтеме бойынша таба аласыз.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG