Accessibility links

"Репрессияны модернизациялады". Қазақстан баспасөз еркіндігі рейтингінде 155-орында


Полиция қысымына шағымданып тұрған журналистер. Шымкент, 5 сәуір 2021 жыл.
Полиция қысымына шағымданып тұрған журналистер. Шымкент, 5 сәуір 2021 жыл.

Қазақстан "Шекарасыз тілшілер" халықаралық ұйымының "Бүкіләлемдік баспасөз еркіндігі индексінде" 180 елдің ішінде 155-орында тұр.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЖАҒДАЙ ҚАНДАЙ?

Парижде орналасқан сөз бостандығын қорғау ұйымы 2020 жылға арналған есебінде Қазақстан билігі "репрессия әдістерін модернизациялап жатыр" деп мәлімдеді. Ұйымның пайымдауынша, елді отыз жылдай басқарған Нұрсұлтан Назарбаев (президенттіктен кетсе де, билікке әлі ықпал етіп отыр) отставкаға кеткен соң және 2019 жылы маусымдағы президент сайлауынан кейін елде жұрт ойын еркін айта бастаған.

Полиция президент сайлауы күні билікке қарсы бейбіт митингіге шыққан адамды ұстап әкетіп барады. 9 маусым 2019 жыл.
Полиция президент сайлауы күні билікке қарсы бейбіт митингіге шыққан адамды ұстап әкетіп барады. 9 маусым 2019 жыл.

"Азаматтық қоғам түркі наразылық шаралар ұйымдастырды, онлайн жаңалықтардың сапасы артып, аудиториясы өсті" деп жазылған құжатта.

Құқық қорғаушылар билік "реформалық өзгерістерді жүзеге асырып жатқанына" сенім ұялату үшін "біраз артқа шегініс жасады" деп санайды.

"Бірақ бұған қоса мемлекет интернетті толық бақылауға алып, жаңалық сайттарына, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерге түрлі шектеулер қояды, блогерлерді түрмеге қамайды я психиатрлық клиникаларға күштеп жатқызады" дейді "Шекарасыз тілшілер" ұйымы.

Әлнұр Ильяшев.
Әлнұр Ильяшев.

Биыл Қазақстанда бірнеше адам пандемия кезінде желіде билікті сынап жазба жариялағаны үшін "төтенше жағдай кезінде жалған ақпарат таратты" деген айыппен қылмыстық жауапқа тартылды. Солардың бірі – 43 жастағы Әлнұр Ильяшевты Алматыдағы сот үш жылға бос бостандығын шектеп, бес жылға саяси және қоғамдық жұмыстарға араласуға тыйым салды.

Ильяшев Facebook желісінде Назарбаевтың биліктегі "Нұр Отан" партиясын сынап, жазба жариялаған. Белсенді былтыр сәуірде ұсталып, үкім шыққанға дейін екі айдан астам уақыт изоляторда отырды. Халықаралық Amnesty International және Human Rights Watch, АҚШ мемлекеттік департаменті, Әділдік үшін Клуни қоры (Clooney Foundation for justice, CFJ) Ильяшевке шыққан үкімді сынап, Қазақстанды белсендінің құқығын шектемеуге шақырған.

Былтыр қарашада астаналық блогер әрі журналист Айгүл Өтепова психиатрлық клиникаға жатқызылды. Оны клиникаға жатқызбас бұрын үйқамаққа алған. Өтепова үйқамаққа алынбас бұрын Facebook желісінде биліктің коронавируспен күресін сынап, пост жариялаған еді.

Айгүл Өтепова.
Айгүл Өтепова.

Блогер үш апта психоневрологиялық диспансерде емделіп шыққан соң қайта үйқамаққа алынды. Қазір Өтепованың үстінен "Қазақстанның демократиялық таңдауы" және "Көше партиясы" қозғалысын қолдады деген айыппен онлайн сот өтіп жатыр. Қазақстан ҚДТ және "Көше партиясы" қозғалыстарын "экстремистік" деп танып, қызметіне тыйым салған. Ал Еуропарламент екі қозғалысты "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атаған.

Өтепова қандай да бір саяси ұйымға қатысы жоқын айтып, іс елдегі саяси ахуалды айтқаны үшін қозғалып жатыр деп санайды. Amnesty International ұйымы Өтепованы "өз ойын бейбіт жолмен айтқан үшін қудаланып жатқан" "ар-ождан тұтқыны" деп таныған. "Журналистерді қорғау комитеті" халықаралық ұйымы Қазақстан билігінің блогерге қозғалған істі доғаруға шақырған.

20 сәуірде жарияланған "Бүкіләлемдік сөз бостандығы индексінде" Қазақстан 155-орында, Бруней мен Руанда арасында, тұр. Былтыр бұл ел рейтингте 157-орында болған.

"Жақсы жаңалық – Қазақстан рейтингте екі саты жоғарылады. Жаман жаңалығы – біз әлі "жаман" аймақтамыз. Нақты айтсақ, былтыр 180 елдің ішінде 157 орында болдық, биыл – 155-орындамыз. Ойланатын сұрақ: осы қарқынмен қашан "сөз бостандығына қатысты мәселесі бар" статусына қашан жетеміз (бұл статус биыл 107-орыннан аяқталады)?" деп жазды "Әділ сөз" қазақстандық сөз бостандығын қорғау ұйымының жетекшісі Тамара Қалиева Facebook желісінде.

ШЫҒЫС ЕУРОПА МЕН ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ ЖАҒДАЙ ҚАНДАЙ?

"Шекарасыз тілшілер" Беларусьте наразылық шараларынан хабар таратқан журналистерге репрессия мен қысым жасалғанын, тілшілерге Таулы Қарабақтағы қақтығыстан хабар тарату кезінде кедергі көп болғанын айтады.

"Осы және басқа да факторлардың салдарынан Шығыс Еуропа мен Орталық Азия "Бүкіләлемдік баспасөз еркіндігі индексінде" төменгі сатыда тұр" дейді құқық қорғаушылар.

"Шекарасыз тілшілер" ұйымы Ресейдегі тәуелсіз журналистер мен тәуелсіз басылымдарға қысым мен репрессияның күшейуін баспасөз еркіндігіне төнген қауіп деп бағалады.

"Ресей полициясы бұған дейін журналистерді жүйелі тұрде қысым жасамайтын еді. Журналистерге кедергінің күшейгені Кремль сыншысы Алексей Навальныйды қолдау акциясы кезінде анық көрінді" дейді ұйым.

Полиция Навальныйды қолдау акциясына келген адамды ұстап жатыр. 23 қаңтар 2021 жыл.
Полиция Навальныйды қолдау акциясына келген адамды ұстап жатыр. 23 қаңтар 2021 жыл.

Түрмедегі Навальный үш аптадан бері аштық ұстап жатыр. Оның Жемқорлыққа қарсы қоры ресейліктерді оппозиционерді қолдау үшін жаңа митингіге шақырды.

Индексте 150-орында тұрған Ресейде тәуелсіз басылымдар елдегі коронавирустың шынайы статистикасын жариялау үшін күресіп келеді."Шекарасыз тілшілер" Шығыс Еуропа мен Орталық Азия биліктері ақпаратты бақылауда ұстау әрекеттерін "жұқпалы" деп сипаттады.

"Басқа елдердің билігі коронавирус жайлы ақпараттарды шектеу үшін ресейлік модельге сүйенді" дейді ұйым.

Тәжікстан былтырмен салыстырғанда рейтингте бір саты төмендеп, 262-орында тұр. Бұл елде журналист коронавирус жайлы қандай да бір "өтірік" және "жалған" ақпарат жарияласа, айыппұл алады я 15 күнге қамалады.

"Бұл шектеуден соң журналистер пандемияға қатысты ресми ақпараттарды ғана таратып, өз-өздеріне цензура қояды" дейді "Шекарасыз тілшілер".

Орталық Азия елдерінің ішінен Қырғызстан ғана тізімнің жоғарғы жағында тұр – 79-орын. Өзбекстан Қазақстаннан екі саты төмен, 157-орында. Ал Түркіменстан екі саты жоғарылап, 178-орынға келді. Түркіменстан тек екі елдің – Cолтүстік Корея мен Эритреяның алдында.

"Шекарасыз тілшілер" рейтингіде бес саты төмендеп, 158-орынға тұрақтаған Беларусьтегі жағдайға бөлек тоқталып, тамыздағы президент сайлауынан соң журналистер арнайы күштердің қудалауына ұшырағанын атап өткен.

Былтырғы президент сайлауында авторитар Александр Лукашенко жеңімпаз деп танылған соң елде наразылық күшейді. Оппозиция мен халық сайлау нәтижесін мойындамайды. Батыс та сайлау заңсыз өтті деп есептейді.

"Шекарасыз тілшілер" Беларусьтегі тілшілер цензураға, жаппай ұстауға, қысым мен азаптауға ұшырап, жалған айыптармен сотқа тартылғанын мәлімдеді. Ұйым Беларусьте президент сайлауынан кейін үш күн бойы интернет бұғатталып, кейін жұмысы баяулағанын атап өткен.

Әзербайжанда да Таулы Қарабақтағы армян күштерімен қақтығыс кезінде интернет өшірілді. "Шекарасыз тілшілердің" есебінше, Таулы Қарабақтағы қақтығыс кезінде кем дегенде жеті журналист жараланған. Әзербайжан рейтингте бір саты жоғарылап, 167-орында тұр. Ал Армения екі саты төмендеп, 63-орында.

Норвегия бес жыл қатарынан рейтингте бірінші орында тұр. Одан кейінгі орындарда – Финляндия, Швеция, Дания.

"Шекарасыз ұйымдар" 180 елдің ішінде тек 12 ел журналистерге жұмыс істеуге қолайлы жағдай жасайды деп, алаңдаушылық білдірді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG