ЖАҢАЛЫҚТАР
Барлау қызметі: Солтүстік Корея ақпанда Курск облысына қосымша әскер жіберген

Солтүстік Корея 2025 жылы ақпан айының басында Ресейдің Курск облысына қосымша күш жіберген. Бұл жөнінде Оңтүстік Кореяның барлау қызметіне сүйенген оңтүстіккореялық жаңалық агенттіктері хабарлады.
Көптеген дереккөздерге сүйенген оңтүстіккореялық JoongAng басылымы биыл қаңтар мен ақпан айларында Солтүстік Корея Ресейге үш мыңға дейін әскерін жібергенін жазды.
Курскідегі "майданға" солтүстіккореялықтар ресейлік жүк кемелері және әскери ұшақтар арқылы жеткізілген. Ол жаққа былтыр соғысқа қатыспаған мотоатқыштар, инженерлік және барлау бөлімдері барды деді JoongAng дереккөздері.
Ақпан айының басында Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын Солтүстік Корея әскері мен халқы Ресейді қолдаудан айнымайды деп мәлімдеген.
2024 жылы күзде Украина жағы Курск облысына шамамен 11 мың солтүстіккореялық сарбаз келгенін хабарлаған. Оңтүстік Кореяның мәліметінше, 2025 жылы қаңтарда 300 солтүстіккореялық сарбаз қаза болған, тағы 2,7 мың адам жарақаттанған.
Мәскеу мен Пхеньянда солтүстіккореялық сарбаздардың Ресейге келгенін және Украинамен шайқастарға қатысқанын растамаған, бірақ түбегейлі түрде де жоққа шығармаған.
Шерзат Полаттың қазасына қатысты тергеу амалдары аяқталды

Алматы облыстық полиция департаменті Талғар қаласында кісі қолынан қаза болған Шерзат Полаттың өліміне қатысты тергеу амалдары аяқталғанын хабарлады.
"Тараптар қылмыстық іс материалдарымен толық танысты, іс сотқа жіберу үшін прокурорға жолданды" деп жазылған полиция хабарламасында.
Ресми ақпаратқа қарағанда, тергеу барысында 40 сот сараптамасы жүргізіліп, шамамен 200 куәгерден жауап алынған. Барлық күдіктінің оқиға орнында айтқан жауаптары тексерілген, процесс қатысушылары арасында беттестірулер өткізілген.
Бұған қоса, қылмыстың барлық мән-жайын анықтауға бағытталған өзге де тергеу әрекеттері жүзеге асырылған.
Қылмыстық істе 62 том бар.
- 16 жастағы Шерзат Полат 2024 жылы 4 қазанда жасөспірімнің отбасы жалға алып отырған Талғардағы дүкен маңында қаза болған. Сатып алушылардың бірімен болған даудың соңы жанжалға ұласып, ол достарын шақырып, суық қару қолданылған. Оқиғадан соң қара жамылған отбасының үйі өртеніп, полиция ауданда күзетті күшейткен. Бұған дейін марқұмның туыстары әкімдік алдына жиналып, тергеуді ашық әрі әділ жүргізуді талап еткен.
- Ішкі істер министрі Ержан Сәденов бұған дейін Шерзат Полаттың қазасы бойынша іс "Адам өлтіру", "Бұзақылық", "Қорқыту", "Қылмысты жасырып қалу" және "Қылмыс туралы хабарламау" баптары бойынша тергеліп жатыр деп хабарлаған. "Қасақана кісі өлтіруге қатысы бар" деген күдікке ілінген сегіз адам, "Қылмыс туралы хабарламау" бабы бойынша күдікті үш адам сот санкциясымен қамауға алынған еді.
- Әлеуметтік желіде "Талғардағы қылмысқа жүгенсіз кеткен "Хутор" бандасының қатысы бар" деген ақпарат тарады. Алайда полиция мұндай топ барын жоққа шығарды. Аудан тұрғыны Хасан Қасымбаев әлеуметтік желіде өзі жайлы тараған әлгі ақпаратты жоққа шығарып, жұрттан өзі туралы жалған хабар таратпауды сұрап мәлімдеме жасаған. Қарашада Қасымбаев 2021 жылы маусым айындағы оқиғаға байланысты "Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру" және "Адам ұрлау" баптары бойынша күдікке ілініп, тергеу сотының шешімімен екі айға қамауға алынды.
- Қоғамда резонанс туғызған Шерзат Полаттың өлімінен кейін Алматы облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, Талғар аудандық полиция басқармасының бастығы, департаментке қарасты экстремизммен күрес басқармасының бастығы, криминалды полиция басқармасының және ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының жетекшілері, тағы бірнеше лауазымды адамдар қызметтен босатылды.
- Былтыр 9 желтоқсанда Шерзат Полаттың туысы Нұрғанат Ғайыпбаев қайтыс болды. Полиция "марқұм өзіне қол салған" деген алдын ала болжам барын хабарлады. Марқұмның жақындары Ғайыпбаевтың "суицид жасағанына" сенбейтінін айтқан.
- Нұрғанат Ғайыпбаевтың қазасынан кейін Шерзат Полаттың жақындары әкімшілік жауапқа тартылды. Марқұмның әкесі Қаржаубай Нұрымов 15 күнге қамауға алынып, үстінен қылмыстық іс қозғалған еді. Онымен бірге екі туысы 15 күнге қамалып, тағы біреуіне айыппұл салынған.
Трамп пайдалы қазба бойынша келісім Украина үшін кепілдік болатынын айтты

АҚШ Украинаға қосымша қауіпсіздік кепілдігін бермейді. Сәрсенбі күні АҚШ президенті Дональд Трамп осылай деп мәлімдеді. Оның сөзінше, ол жақта Америка тұрғанда Украинаға ешкім шабуылдамайды.
Трамптың сөзінше, пайдалы қазба бойынша келісім Украинаның қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Екі елдің басшылары аталған келісімге жұма күні қол қоюды жоспарлап отыр.
Трамптың сөзінше, Украина президенті Владимир Зеленскийдің АҚШ-қа сапары кезінде Вашингтон пен Киев пайдалы қазба бойынша келісімге қол қояды.
Оның сөзінше, Украина және Ресеймен жағдай "өте жақсы". Ол бейбітшілік бойынша келісімге қол жеткізетіндігіне сенім білдірді.
Трамп Украинаны НАТО-ға қоспайтынын тағы қайталады. Оның сөзінше, Мәскеуге де біраз шарттарынан бас тартуға тура келеді.
Reuters-дің жазуынша, Киев өзінің шикізат ресурстарынан түскен табысының бір бөлігін АҚШ-тың бақылауындағы қорға аударатын келісім жасасу арқылы Трамптың қолдауына ие болуды мақсат етіп отыр.
Киев осы келісім арқылы АҚШ-тан қауіпсіздік кепілдігін алғысы келеді, ал Трамп оны Американың соғыс кезінде берген әскери көмегінің өтемі деп санайды.
Зеленскийдің сөзінше, мұнда ең бастысы – қазіргі жоба Украинаны АҚШ-қа жүздеген миллиард доллар төлеуге міндеттемейді.
Келісім жобасымен танысып шыққан ақпарат құралдарының жазуынша, алдыңғы нұсқадан айырмашылығы мұнда қауіпсіздік кепілдігі туралы сөз тіркесі тым болмағанда кездеседі: "АҚШ үкіметі Украинаның тұрақты бейбітшілік орнатуға қол жеткізу үшін қажет қауіпсіздік кепілдігін алу талпынысын қолдайды".
БАҚ: Ресей АҚШ-қа басып алынған аумақтағы шикізатты игеру бойынша келісім ұсынды

Мәскеу Вашингтонға Украинаның Ресей басып алған аумақтарында орналасқан сирек жер минералдары мен басқа да бағалы металдарға меншік құқығын беру туралы келісімді ұсынды, деп хабарлады Американың екі шенеунігі мен жағдайдан хабары бар тағы бір дереккөзге сүйенген NBC News арнасы.
Дереккөздердің айтуынша, мұндай ұсынысты өткен аптада Сауд Арабиясындағы кездесу кезінде Владимир Путиннің жоғары лауазымды көмекшілері мен Дональд Трамп әкімшіліктерінің өкілдері талқылаған.
Атап айтқанда, Украинаның Донецк және Запорожье облыстарының оккупацияланған бөліктеріндегі минерал ресурстарды игеру бойынша сценарийлер қарастырылған деп айтылады. Трамп әкімшілігі пайдалы қазба бойынша Ресеймен келісім жасау міндеттемесін алмаған, бірақ оны толық жоққа шығарған жоқ, деп хабарлады NBC News дереккөздері.
24 ақпанда Владимир Путин АҚШ-қа пайдалы қазба бойынша әріптестік ұсынуға дайын екенін, Ресей сирек және сирек жер металл қоры бойынша әлемде көшбасшы екенін алға тартқан. Путиннің мәлімдемесінен кейін Трамп Ресеймен бұл мәселе бойынша келісімді қолдайтынын айтқан.
АҚШ пен Украина пайдалы қазбаны игеру бойынша келісімге 28 ақпанда қол қоюды жоспарлап отыр. Жұма күні Украина басшысы Владимир Зеленский Вашингтонға бармақ. Құжат қайта қалпына келтіру инвестициялық қорын құруды қарастырады.
Тәшиев: Қырғыз-тәжік шекарасын делимитациялау ісі бір ай ішінде аяқталмақ

Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеті төрағасы Қамшыбек Тәшиев қырғыз-тәжік шекарасын делимитациялау жөніндегі келісім 27 ақпанда парламенттің салалық комитеті қарауына ұсынылады деді. Бұл жөнінде ол Баткенде жаңа стадионның ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде мәлім етті.
«Мұнан кейін [Қырғызстан мен Тәжікстан] президенттері қол қояды, содан соң қайтадан Жогорку кенешке жіберіп, жиында ратификациялаймыз. Ратификацияланған заңдарға президенттер қол қойып, күшіне енеді. Бұл жұмыстың бәрі бір айдың төңірегінде бітеді» деді Тәшиев.
21 ақпанда Қырғызстан мен Тәжікстан үкімет делегацияларының басшылары Қамшыбек Тәшиев пен Саймумин Ятимов екі ел арасындағы шекараны делимитациялау бойынша бірлескен комиссия бұл бойынша толық келісімге келгенін айтқан.
Сол күні үш құжат қабылданды. Олар: Қырғыз-тәжік шекарасы жөнінде Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы келісім; екі ел арасында автокөлік жолдарын салу және оларды пайдалану жөніндегі келісім; су шаруашылығы және энергетика нысандарына кіруге жол беру жөніндегі келісім.
Екі ел арасындағы шекара ұзындығы – 972 шақырым. Шекара нақтыланбағандықтан мұнда су, жер, жол және жайылым бойынша дау болып, кикілжіңге ұласқан жағдайлар жиі болады. Ең үлкен қақтығыстар 2021 жылғы сәуір-мамыр айларында және 2022 жылғы қыркүйекте болған.
КҚК-ға дрон шабуылы: Сәтқалиев мұнай айдауды азайту қаупі жоғын айтты

Каспий құбыр консорциумы (КҚК) арқылы мұнай айдау көлемін қысқарту қаупі жоқ, деп хабарлады сәрсенбі күнгі брифингте Қазақстан энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев. Оның сөзінен "Власть" үзінді келтіреді.
"Қазіргі уақытта мұнай тиеу көлемін қысқарту бойынша қауіп жоқ. Яғни, бұл станцияның транзиттік режимде өтуіне қатысты техникалық шешімдер қабылданды. Қазақстандық мұнайды тұрақты жеткізуді қамтамасыз ететін тиісті қоспалардың қосымша көлемі сатып алынды. Қазіргі уақытта қауіп аз" деді министр.
Оның сөзінше, бір топ қазақстандық маман "Кропоткинская" мұнай айдау станциясына барып, оны тексеру жұмыстарына қатысқан. Бұған қоса, дрон шабуылы бойынша Украинамен кеңестер дипломатиялық арналар арқылы да жүрген.
Оның сөзінше, шығынды қалпына келтіруге қатысты жұмыстар қазіргі уақытта кәсіпорынның өзі және акционерлер есебінен жүргізіліп жатыр.
17 ақпанда Ресейдің Кубань облысындағы Каспий құбыр консорциумының мұнай айдайтын "Кропоткинская" станциясына дрон шабуылдады. КҚК шабуылды "террористік" деп атады, консорциумның баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, станцияға ішінде жарылғыш зат пен металл зақымдайтын элементтері бар жеті дрон шабуыл жасаған.
Каспий құбыр консорциумы (КҚК) акционерлерінің бірі ресейлік "Транснефть" мемлекеттік компаниясы "Кропоткинская" станциясына қатты зақым келді, оны жөндеуге 1,5-2 ай кетуі мүмкін деп хабарлады. Компанияның болжамынша, бұл уақытта Қазақстан мұнайын айдау 30 пайыз азаюы мүмкін.
18 ақпанда Украина шабуылды әдейі ұйымдастырғанын мойындады. "Кропоткинская" және "Андриаполь" мұнай айдау станциялары да нысанаға алынды, олар оккупациялық күштерге отын тасымалдауда шешуші рөл атқарды. Соққыдан кейін олар істен шықты. Бұл агрессорды отынмен қамтамасыз етуді едәуір қиындатты" деп хабарлады Украина қарулы күштерінің бас штабы.
Ресей вице-премьері Александр Новак "құбырды жөндеуге тасымалы шектелген Батыс компаниясының құралдары керек" деді.
Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров "бұл – Қазақстан экономикасы үшін өте маңызды мәселе және оны украиналық серіктестерімізбен дипломатиялық арналар арқылы талқылаймыз" деді. Ал Ресей сыртқы істер министі Сергей Лавров мұны "Қазақстан энергетика инфрақұрылымына тікелей шабуыл" деп бағалады.
Қазақстандық бірқатар депутат Каспий құбыр консорциумына (КҚК) дронмен шабуыл жасағаны үшін Украинаны жауапкершілікке шақыру қажеттігін айтқан.
Ресми ақпаратқа қарағанда, Қазақстан былтыр 68,6 млн тонна мұнай экспорттаған, 54,9 млн тоннасы осы КҚК арқылы тасымалданған. 2025 жылы бұл көрсеткіш 70,5 млн тоннаға жеткізілмек.
Өскемен әкімдігі бірыңғай уақыт белдеуіне қарсы акцияны кейінге шегеруді ұсынды

28 ақпанда бірыңғай уақыт белдеуіне қарсы наразылық акцияларын өткізбек болған белсенділерге Өскемен әкімдігі рұқсат бермеді. Әкімдік іс-шараны кейінге шегеруді ұсынған. Бұл жөнінде Азаттыққа бүгін, 26 ақпанда белсенді Леонид Карташев хабарлады.
– Біз бірнеше белсенді 28 ақпанда пикет, митинг және шеру өткізбек болдық. Қала басшылығы әдеттегідей әртүрлі сылтау айтып бас тартты. Бізге акцияларды «Наурыз айының басындағы мейрамдар өткен соң» ұйымдастыруды ұсынды. Есіңізде болса, президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы мәселені зерттейтін комиссияға 1 наурызға дейін қорытынды айтыңдар деп тапсырма берген еді, меніңше, әкімдік осы қорытынды шыққанға дейін бізге мүмкіндік бермеуді ойлап отырған сияқты, – деді Леонид Карташев Азаттық тілшісіне.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтарда бірыңғай уақыт белдеуі жөнінде пікір білдіріп, 1 наурызға дейін жаңа өзгерістің азаматтар өмірі мен ел экономикасына әсері зерттеледі деп мәлімдеген еді.
Белсенділер Өскемен әкімдігіне акциялар өткізу туралы хабарландыруды 21 ақпанда берген. Әкімдіктің жауабы 25 ақпанда қолдарына тиген.
«Масленица» мерекесі және 1 наурыз – Алғыс айту күні қарсаңында барлық алаң мерекелік іс-шараларға дайындалып, санитарлық тазалық жүргізіледі. Сіздерге акцияны 17 наурызда өткізуді ұсынамыз», делінген әкімдіктің жазбаша жауабында.
Өскемен әкімінің орынбасары Ирина Смит Азаттық тілшісіне акцияға тыйым салу ойында жоқ екенін білдіріп, «белсенділерге басқа датаны ұсындық» деді.
Белсенділер желтоқсанда да бірыңғай уақыт белдеуіне қарсы акцияларға рұқсат ала алмаған еді. Әкімдік «алаңдар босамайды» деп келіспеген. Бірақ Леонид Карташев межелі уақытта алаңда ешқандай іс-шара ұйымдастырылмағанын анықтап, әкімдікті «сылтау айтқаны үшін» айыптаған. Бұған әкімдік «біз емес, іс-шараны өткізбей қойған ұйымдастырушылар жауап беруі керек» деген. Бірақ әкімдік өкілі қандай іс-шара өткізілмек болғанын және ұйымдастырушы кім екенін айтудан бас тартқан.
Леонид Карташев қала билігін митингіге рұқсат бермей, «пікір білдіру құқығын шектегені» үшін 30 желтоқсанда сотқа берген. Сот процесі әлі жүріп жатыр.
2024 жылғы 1 наурызға дейін Қазақстанда екі сағат белдеуі болды. Оны өзгертуді ұсынған шенеуніктер бұрынғы уақыт адамның биологиялық уақыт ритмін бұзады деген уәж айтты. Олар бірыңғай уақыт белдеуінің тағы бір пайдасы: бүкіл ел аумағында бизнес процестерді реттеуге және көлікпен тасу қызметін жеңілдетуге септеседі деді.
Уақыт белдеуі ауысқалы Қазақстанда бұл шешімге қарсылық жиі болып тұрады. Уақытты бұрынғы қалпына келтіруді талап еткен петиция да жарияланып, оған мыңдаған адам қол қойған. Бірақ петицияны қараған құзырлы органдар белсенділер ұсынысын негізсіз деп тапқан.
18 желтоқсанда Астана соты Шығыс Қазақстан облысы тұрғындары атынан үкіметтің бірыңғай уақыт белдеуі туралы шешіміне қарсы арыз түсірген адвокаттың меселін қайтарды. Арыз иелері үкіметтің уақытты жылжыту туралы шешімінің күшін жоюды сұраған еді.
Biz Birgemiz Qazaqstan ұйымы сот шешімімен жойылуы мүмкін

Biz Birgemiz Qazaqstan қайырымдылық қоры сот шешімімен жабылу мүмкін. 14 ақпанда Астананың экономикалық сотына аталған ұйымның мемлекеттік тіркеуін жарамсыз танып, қоғамдық бірлестікті жою туралы шағым түсірілді деп хабарлады әділет министрлігінің баспасөз қызметі.
Ақпаратқа қарағанда, қоғамдық бірлестік 2021 жылы 11 қазанда тіркелген, оған қазір қамауда отырған Перизат Қайрат жетекшілік еткен.
Министрліктің түсіндіруінше, сотқа шағым түсіруге қаржы мониторинг агенттігінің өтініші негіз болған.
"Biz Birgemiz Qazaqstan 2030 қоғамдық бірлестігін құру кезінде жіберілген заңбұзушылықтарға байланысты Қазақстан Республикасы қаржы мониторингі агенттігінің оны тіркеудің күшін жою рәсімін бастау туралы хаты талап қоюға негіз болды" деді министрлік өкілдері.
Перизат Қайрат былтыр көктемде су тасқынынан зардап шеккен қазақстандықтарға және Таяу Шығыстағы палестиналықтарға гуманитарлық көмек көрсетуге деп жиналған 1,7 млрд теңгеден астам қаржыны жымқырды деген күдікке ілініп, 2024 жылы қарашада қамауға алынған. Бұған қоса, ол Ақмола облысындағы "Батыр" қоғамдық бірлестігіне 2021 жылы оңалту орталығын салу мақсатында ақша жинап, 22 млн теңгені жеке қажетіне жаратты деген күдікке ілінген.
Дегенмен оның отбасымен жақын араласқан достары бұған дейін әлеуметтік желіде Перизат Қайраттың кінәлі екеніне сенбейтінін жазған.
Былтыр заңгер Жангелді Сүлейменов "Экслюзив" басылымына берген сұхбатында заңға сәйкес, сот үкімі шықпайынша адамды қылмыскер атауға болмайтынын жеткізіп, қоғамда айтылып жатқан жалаң айыптауларды сынаған. Оның сөзінше, Biz Birgemiz Qazaqstan қайырымдылық қор емес - қоғамдық бірлестік, ал заң бойынша қоғамдық бірлестік жинаған қаражатты ұйым өз еркімен пайдалана алады. Заңгер "ақшаны мақсатты түрде пайдаланбау" бұл қылмыстық іс емес, азаматтық ретте арқылы қаралуы керек екенін айтқан.
Былтыр желтоқсанда сот кәсіпкердің мүлкін бұғаттады. Қаржы мониторинг агенттігі 2024 жылы Перизат Қайраттың үйін тінту кезінде "қайырымдылыққа жиналған қаражатқа сатып алынған" қымбат техника, танымал брендтер шығарған киім, аяқ киім, зергерлік бұйымдар, сөмкелер табылып, тәркіленді деп хабарлаған.
Biz Birgemiz Qazaqstan қайырымдылық қоры былтыр сәуірде су тасқыны кезінде 55 мың қазақстандықтан 80 миллион теңге жинағанын хабарлаған. Перизат Қайрат тасқын кезінде "қор қаржысының жұмсалу барысы – мемлекеттің қаржы министрлігі мен Ұлттық банктің тікелей бақылауында" деп жазған.
Министр Батыстың санкциясына ілінген қазақстандық компаниялар туралы айтты

"Сауда және интеграция министрлігі Еуроодақ санкция салған Қазақстандағы компанияларға қандай да бір шара қолдана ма?" деген Азаттық сұрағына министр Арман Шаққалиев "олар салық, экспорт бақылауы бойынша Қазақстан заңын бұзған болса, шара қолданамыз" деп жауап берді.
"Өзімізде экспорттық бақылау бар. Ол бақылауды тиісінше жасаймыз. Оған кіретін болса, онда министрлік НПС (ұлттық төлем жүйесі) арқылы тауар тасымалдауға рұқсат бермейді" деді 26 ақпан күні журналистердің сұрақтарына жауап берген министр.
Шаққалиевтің сөзінше, министрлік экспорт бақылауын бұзған компаниялардың лицензиясын қайтарып, тауар экспорттауға рұқсат бермейді. Министрдің сөзіне қарағанда, өз еркімен жабылатындары да бар.
Оның айтуынша, бұған дейін АҚШ пен Батыс елдерінің санкциясына іліккен елдегі кей компания қазір жұмыс істемейді.
Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметіне сүйенген министр Еуроодақтың Ресейге қарсы 16-санкция пакетіне іліккен Қазақстандағы компаниялар "сыртқы саудамен айналыспайды" деді.
Ол тізімге енген компаниялар машина жасау саласындағы жабдық түрлерін жеткізумен айналысқан деді.
"Олар тек Қазақстан аумағында жұмыс істейді. Бұл компаниялар жабылмады, бірақ қызметін өзгертті. Қолда бар ақпаратқа қарағанда, олар экспорт бойынша жұмыс істемейді" деді Шаққалиев.
Еуроодақтың жаңа санкциясына Алматыда шоғырланған Kazstanex және "Металлстан" компаниялары ілінген еді. Оның алдында қазақстандық Elem group және DA Group компаниялары да ЕО санкциясына ілінген еді.
"Осы картамен елімізге бай адамдар келеді". Трамп құны 5 млн доллар тұратын "алтын" визаны таныстырды

АҚШ президенті Дональд Трамп құны 5 млн доллар тұратын ықтиярхат алу мүмкіндігін – "алтын картаны" таныстырды.
"Бұл сізге грин-картаның артықшылықтарын береді, сонымен қатар азаматтық алуға да жол ашады. Бұл картаны сатып алу арқылы елімізге бай адамдар келеді" деді Трамп.
Оның сөзінше, карта иелері "көп ақша жұмсап, көп салық төлеп, көп адамды жалдайтын болады". Ол жаңа бағдарламаның жай-жапсарын екі аптадан соң айтуға уәде берді.
"Картаны ресейлік олигархтар сатып ала ала ма?" деген сұраққа Трамп "бұл мүмкін" деп жауап берді. "Мен бірнеше ресейлік олигархты білемін, олар өте жақсы адамдар" деді ол.
Аталған "алтын карта" иммигрант-инвесторларға арналған қазіргі "ЕВ-5" визалар бағдарламасын алмастыруы тиіс. Бұл бағдарлама бойынша инвестор Америка экономикасына кемінде 800 мың доллар қаражат құйып, жұмыс орнын ашуы керек болған.
АҚШ қаржы министрі Говард Лютник "ЕВ-5" бағдарламасын "алаяқтық" деп атады. "Бұл грин-картаны арзан жолмен алудың жолы болған" деді.
Лютниктің айтуынша, "алтын карталарды" сатудан түскен қаражатты АҚШ бюджеті тапшылығы мәселесін шешу мақсатында пайдалануға болады.
Дрондар Ресейдің Туапсе қаласындағы теңіз портына шабуылдады

Сәрсенбіге қараған түні Ресейдің Краснодар өлкесіне дрондар шабуылдады. Куәгерлердің сөзінше, ұшқышсыз аппараттар Туапсе қаласындағы теңіз портын нысанаға алған.
Ресей билігі украин күштерінің дроны азаматтық нысандарға шабуылдағанын мәлімдеді. Губернатор Вениамин Кондратьевтің сөзінше, Туапсе қаласы мен Темрюк ауданында шабуылдың салдарынан жеке үйлер қираған, бірақ ешкім зардап шекпеген.
Теңіз портына шабуыл жасалғанын қала тұрғындары да хабарлап, әлеуметтік желіге жазбалар жариялады. Сондай видеолардың бірінде тұрғын үйдің бүлінгені көрінеді.
Ресейлік телеграм-арналар Анапа қаласында әуе қорғаныс жүйесі іске қосылып, дрондардың әуеде жарылғанын жазды. Сочи әуежайында "Кілем" жоспары іске қосылып, рейстерді қабылдау және ұшыру уақытша тоқтатылған.
Солтүстік Кавказ федералдық округының жеті аймағында сағат 8 шамасында дрон қаупі режимі іске қосылғанын Солтүстік Осетия басшысы Сергей Меняйло хабарлады. Билік округқа қарасты өзге аймақтар туралы айтпаған.
Аннексияланған Қырымда Ресей билігі тағайындаған билік өкілдері де дрон шабуылдағанын айтты. Қара теңіз аумағында төрт дрон атып түсірілген.
Ресей қорғаныс министрлігі Ресей аймақтары, Қырым, Қара және Азов теңіздерінің акваториясында 128 дрон жойылғанын айтты. 83 дрон Краснодар өлкесінде құлатылған.
АҚШ-тан депортацияланған өзбек азаматтарының алғашқы тобы Ташкентке келді

Осы аптада АҚШ-тан депортацияланған өзбек азаматтарының алғашқы тобы Ташкентке келді деп хабарлады Өзбекстан сыртқы істер министрлігі.
Алғашқы топта жеті адам бар. Бастапқыда олар Коста-Рикаға жеткізілмек болмақ, алайда Өзбекстан және Америка жағының келіссөзінен кейін олар бірден елдеріне қайтарылған.
Өзбекстан сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Ахрор Бурхоновтың сөзінше, бұл азаматтар Өзбекстанға Нью-Йорктан келген.
Бұған дейін АҚШ билігі азиялық мигранттарды Панама мен Коста-Риканың билігімен келісе отырып, сол елдерге уақытша депортациялай бастаған еді.
Өзбекстан сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, өзбек жағы бұл мәселе бойынша АҚШ билігімен "тығыз әріптестік орнатқан".
Өткен аптада АҚШ-тан депортацияланған 200 мигрант Коста-Рикадағы лагерьлерге орналастырыла бастағаны хабарланған. Арасында Қазақстан, Өзбекстан, Үндістан азаматтары да бар.
Былтыр желтоқсанда америкалық Fox News арнасы АҚШ-тан жақын арада сол елде заңсыз жүрген 369 қазақстандық депортациялануы мүмкін екенін жазған еді.
Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров 26 ақпанда Азаттыққа АҚШ-тан депортацияланатын қазақстандықтар туралы мәлімет жоғын айтты.
Еурокомиссия өкілдері Украинаға пайдалы қазба бойынша жаңа келісім ұсынбағанын айтты

Еуроодақ Украинаға "өте маңызды" шикізат түрлерін игеру бойынша жаңа келісім ұсынған жоқ. Еурокомиссияның өкілі Стефан Сежурне ақпарат құралдарына бұған дейінгі бар келісім туралы айтты деді Еурокомиссияның өкілі Томас Ренье.
Бұған дейін бірқатар ақпарат құралдары Сежурнеге сүйене отырып, АҚШ-тың ізінше Еуроодақ та Украинаға "маңызды минерал түрлерін игеру бойынша" келісім ұсынғанын жазған еді. Атап айтқанда, Сежурне Киевке сапары барысында ЕО Украинаға екі елге тиімді әріптестік ұсынатынын айтқан.
"Біз ешқашан екі тарапқа да тиімді болмайтын келісімді талап етпейміз", – деді Сежурне. Оның сөзінше, Украина Еуроодақтың өнеркәсібі үшін маңызды 30 минералдың 21-ін бере алады.
Еурокомиссия өкілдерінің сөзінше, Сежурне Киевтегі әріптестерімен минерал игеру мәселесін талқылаған, бірақ осыған дейінгі келісім аясындағы мәселелерді ортаға салған. Мәселе жаңа келісім туралы болып отырған жоқ.
Украина АҚШ-пен табиғи ресурстарды бірігіп игеру туралы келіссөз жүргізіп жатыр. Бұған дейін АҚШ келісім жобасынан қатаң талаптарды алып тастағаннан кейін екі жақтың келісімге келгені, жақын арада екі елдің сыртқы істер министрлері құжатқа қол қоятыны хабарланған еді. Бірақ келісімде Зеленский талап еткен Украина қауіпсіздігіне кепілдік беру туралы шарттар нақты жазылмаған деп айтылады.
АҚШ президенті Дональд Трамптың түсіндіруінше, мұндай келісім АҚШ-тың Украинаға берген әскери көмегінің өтемі болмақ. Дегенмен Украина билігі бұған дейін Трамп айтқан сомамен (500 млрд доллар) келіспеген.
Ресей президенті Владимир Путин де жуырда Мәскеу АҚШ-пен сирек металды игеру бойынша әріптестік орнатуға дайын деп мәлімдеген. Путиннің сөзіне қарағанда, мәселе Ресей басып алған Украина аумағындағы табиғи байлықты игеру бойынша да әріптестік жөнінде болып отыр. Оның сөзіне әзірге реакция болған жоқ.
Украина мен АҚШ пайдалы қазба туралы келісімге келді. Жобада қауіпсіздікке кепілдік туралы шарттар нақты жазылмаған

Вашингтон қатаң талаптардан бас тартқаннан кейін Украина мен АҚШ пайдалы қазба туралы келісімге келді деп жазды Financial Times. Бұл жөнінде "Украинская правда" басылымы да жазды.
Келісім АҚШ-тың Украина қауіпсіздігі мәселесі бойынша ұзақмерзімді міндеттеме алуына жол ашады және соғысты тоқтату стратегиясының бір бөлігі болмақ деп жазды БАҚ.
Бұған дейін Украинаның құжаттың алғашқы нұсқасынан бас тартуы Киев пен Вашингтон арасындағы қарым-қатынасты нашарлатқаны хабарланған еді.
Құжатқа Украинаның сыртқы істер министрі Андрей Сибига және АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио қол қояды. Құжатқа сәйкес, АҚШ пен Украина инвестициялық қайта құру қорын ашпақ.
Жаңартылған құжат бойынша, АҚШ коммерциялық қорға 100 пайыз иелік етпейді. Екі жақ АҚШ заңымен рұқсат етілген қордағы ең көп қаржылық үлесті иеленбек.
Украина мен АҚШ қорды бірігіп басқармақ, алайда АҚШ өз заңнамасы аясында шешім қабылдау өкілетіне ие болады.
Келісімге сонымен бірге Украинаның да, АҚШ-тың да қордағы өз үлесін екінші тараптың алдын ала жазбаша келісімінсіз сатуға немесе беруге құқығы жоқ деген тармақ қосылған.
Қор Украина экономикасына қайта қаржы құю мақсатында Украинаның табиғи ресурстарын, порттарын және ресурстармен байланысты инфрақұрылымын (тіпті Украина үкіметіне жанама түрде тиесілі) сатудан түсетін кірістің 50% алады.
Қорға Украина бюджеті кірісінің бір бөлігі саналатын түсімдер аударылмайды. Жарналардың мерзімі, көлемі және тұрақтылығы қор туралы алдағы келісімдерде келісілмек.
Олар сонымен бірге келісімге қол қою кезінде Ресей басып алған нысандардан түсетін кірістер азат етілген жағдайда 50%-дан асуы мүмкін деген ережені де алып тастады.
Құжат жобасына қарағанда, АҚШ Украинаға қаржылай көмек көрсету міндетін алмақ, көмек көлемі жеке талқыланады. Алайда келісімде Зеленский бұған дейін айтқан Украина қауіпсіздігіне кепілдік беру туралы шарттар нақты жазылмаған.
Украина мен АҚШ болашақ қордың егжей-тегжейін анықтайтын жеке келісімді әзірлеуге дереу кірісуі керек.
Келісімді әзірлеу міндеті екі жақтың экономика министрліктеріне жүктелмек.
Ербаян Мұхтар ісі: күдіктілер жоқ, қорғануға құқығы бар куәлер бар

Әскерде жұмбақ жағдайда басы жараланып, төсек тартып қалған Ербаян Мұхтардың ісі бойынша тергеу әлі жалғасып жатыр, күдіктілер әлі анықталған жоқ. Бас әскери прокурордың бірінші орынбасары Мақсат Қазиев 25 ақпанда әскердегі тәртіп туралы баспасөз мәслихатында осылай деп мәлімдеді.
Қазиевтің айтуынша, іс бойынша сараптамалар тағайындалды. Ол Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеу деректері жария етуге жатпайды деді. Қазиевтің мәлімдеуінше, Бас прокуратура, Бас әскери прокурор тергеуді бақылап отыр. "Ұлттық ұлан Ербаян Мұхтардың ата-анасымен байланыста", – деді ол.
Қазиевтің сөзінше, қазір істе нақты күдікті деп танылғандар жоқ, белгілі бір адамдар тергеу аясында тексеріліп жатыр.
Ұлттық ұланның тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс бас басқармасының басшысы Нұрбай Бектұрсынов Ербаян Мұхтарға "қолдан келгенше көмек көрсетіліп жатыр" деді.
"Осындай жарақат алса немесе оқиға болса, әскери басқару органдары қызметтік тексеріс жүргізеді. Олар бізден тәуелсіз. Қызметтік тексеріс нәтижесінде қандай да бір құқық бұзу, қысым көрсету фактісі анықталған жоқ", – деді Бектұрсынов.
Ербаян Мұхтардың заңды өкілі Инга Иманбайдың Азаттыққа айтуынша, істе қорғануға құқығы бар куәлер бар.
"Қосымша сараптамалар тағайындалды, сол үшін тергеу уақытын тағы созды. Іс бойынша әлі ешкімді күдікті деп танымаған. Бұлар Ербаян сөйлей ме, өзі айта ма, айтпай ма дегенді күтіп, уақытты созып жүр", – деді заңгер.
Ербаян Мұхтар 2023 жылы көктемде әскерге алынған. Жас жігіт Алматыдағы Ұлттық ұланның №5571 әскери бөлімінде қызмет атқарып жүрген. Бірақ сол жылы желтоқсанда әскердегі әжетханада жұмбақ жағдайда басы жарылып, комаға түскен. Төрт айдай ес-түссіз жатып, 2024 жылы мамырда оянған.
Әскери бөлім "сарбаз әжетханада өзі құлап, басын кафельге соғып алды" деген. Жігіттің ата-анасы әскери бөлімнің мәлімдемесіне сенбейтінін айтқан.
Ербаян Мұхтарды ата-анасы былтыр қыркүйекте Түркияға емдетуге алып кеткен. Биыл қаңтарда ол Қазақстанға қайтты. Заңды өкілінің хабарлауынша, Стамбұлда оның басына ота жасалып, инфекциядан толық арылған, бұдан бөлек, салмақ қосып, роботтың көмегімен қимылдай бастаған, өзі аздап тамақ ішетін жағдайға келген. Көктемде Түркияға қайта барып, оңалтудан өтпек.
ПІКІРЛЕР