Accessibility links

 
Қырғыз-тәжік шекарасы: қайғы-қасірет әкелген қарулы жанжал. Қайталануы мүмкін бе?

Қырғыз-тәжік шекарасы: қайғы-қасірет әкелген қарулы жанжал. Қайталануы мүмкін бе?


Қарулы жанжал салдарынан қирап-өртенген тұрғын үйдің орны. Мыңөрік ауылы, Баткен ауданы, Баткен облысы. 19 қыркүйек 2022 жыл.
Қарулы жанжал салдарынан қирап-өртенген тұрғын үйдің орны. Мыңөрік ауылы, Баткен ауданы, Баткен облысы. 19 қыркүйек 2022 жыл.

Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасындағы қақтығыстан жүзге жуық адам қаза тапты. Екі жақ бұрын-соңды болмаған көлемде қырғынға әкелген оқиғаға бір-бірін айыптайды. Қырғызстан қантөгісті "шекарадағы жанжал" деу орынсыз дейді.

16 қыркүйекте Қырғызстанда 15 жастағы қыз тәжік күштерінің қолынан мерт болды. Баткен облысындағы Достық ауылынан қашып бара жатқан қызға снаряд жарықшағы тиген.

Оның әкесі Мәлік Маннанов Азаттықтың Қырғыз қызметіне қызын Марғын ауылында жерлегенін айтты.

Мәлік Маннанов – қарулы жанжал кезінде Қырғызстанның оңтүстік-батысындағы Баткен облысынан кетуге мәжбүр болған 140 мыңнан астам адамның бірі. Олардың кейбірі Өзбекстан ашқан дәліз арқылы өткен.

Шекара бойындағы қарулы жанжал екі ел үшін де қайғылы оқиға болды. Екі жақтан да бейбіт адамдар қаза тауып, тұрғындардың дүние-мүлкі қирады.

Қырғыз-тәжік қақтығысынан 94 адам қаза тапты
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:48 0:00

Сол күні Қырғызстан президенті Садыр Жапаров пен Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон Өзбекстанның Самарқанд қаласында өтіп жатқан Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммитінде кездесті.

Екеуі атысты тоқтатуға келіскен. Бірақ бұл келісім сол мезетте-ақ күл-парша болды.

Сол күні кешкісін бұл жолғы қақтығыстың былтыр сәуірде болған оқиғадан да асып түскені мәлім болды. Ол кезде шиеленістен 55 адам қаза тапқан еді.

18 қыркүйекке қарай әскери іс-қимыл бәсеңдеп, тоқтағандай көрінген. Сол уақытта адам өлімі былтырғыдан екі есе көп екені белгілі болды.

Қырғызстан 59 адам қаза тауып, 150-ден астам азаматтың жараланғанын, Тәжікстан 41 адам мерт болып, ондаған тұрғынның жарақат алғанын хабарлады.

Шекара демаркацияланбағандықтан екі ел арасында жер дауы жиі болып тұрады. Ал қазір жаңа қақтығыс қаупі бұрынғыдан да өршіп тұрғандай.

"ШЕКАРАДАҒЫ ҚАҚТЫҒЫС – ОРЫНСЫЗ ТЕРМИН"

Бұрын Совет одағы құрамында болған көрші екі елдің арасындағы шекараның жалпы ұзындығы 970 километр. Оның жартысына жуығына делимитация мен демаркация жұмыстары жүргізілмеген.

Орталық Азия елдеріндегі шекара мәселесі Совет одағы дәуіріне барып тіреледі. Мәскеу кезінде одақтас республикалар арасындағы шекараны бөлгенде елді мекендердегі қай ұлт өкілдері басым екеніне сүйенген.

Картада 2021 жылы жанжал болған аймақ көрсетілген, өткен аптадағы қақтығыстар былтырғыдан да көп адам өліміне әкелді.
Картада 2021 жылы жанжал болған аймақ көрсетілген, өткен аптадағы қақтығыстар былтырғыдан да көп адам өліміне әкелді.

Кейінгі жылдары Тәжікстанның Ворух эксклавы маңындағы аудандарда қырғыздар мен тәжіктер арасында қақтығыс жиі болды. Шиеленіске қарулы күштер араласа бастады.

Даудың басы су мен жерден шығып отыр. 19 қыркүйекте дипломатиялық миссия мен баспасөз құралдарына арналған брифингте Тәжікстан сыртқы істер министрінің орынбасары Садик Эмоми халықаралық ұйымдар мен донорларды Қырғызстанмен су шаруашылығы бағдарламаларына Тәжікстанның рұқсатынсыз қатыспауға үндеді.

"Ворух эксклав болған емес" деді Эмоми екі үлкен монитордан көрсетіліп тұрған карталарды нұсқап. Эксклав – шетел территориясы қоршап тұрған жер.

Ол қырғыздар Совет одағы кезінде және тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Ворух маңындағы жерді оккупациялаған деді.

"Қырғыздарды қоғамға жау қылуға болмайды. Бұл дұрыс емес. Бірақ қарсыласымыз бәрін керісінше істеп отыр" деді Эмоми.

Былтырғы қақтығыс шиеленіс аумағын осы ауданнан асырып, одан кейінгі жанжалдардың атыс-шабыспен өтетініне жол ашып кеткендей болды.

Екі ел армиясы арасындағы бұдан дейінгімен салыстырғанда ең көп адам өліміне әкеп соққан қанды қақтығыс 14 қыркүйекте басталды. Екі жақ та бірін-бірі "тұрғын үйлер мен инфрақұрылымдарды ауыр әскери қарудан атты, егемен елге басқыншылық жасауға тырысты" деп айыптады.

Бұл айыптар қақтығыстың екі ел де даулы санайтын жерге қатысы жоқ екенін меңзегендіктен, өте қауіпті болды.

Қырғызстанның Еуроодақтағы дипломатиялық миссиясы 19 қыркүйекте жариялаған твитте "шекарадағы қақтығыс" деген терминді қолданбауға шақырып, Тәжікстан билігін "қақтығыс кезінде жеті елді мекенді басып алды" деп айыптады.

Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеті "тәжік күштері Достық ауылындағы мектепті басып алды" деді. Бұл мәлімдемеге дәлел ретінде қырғыз мектебінің төбесіне Тәжікстан туын тігіп жатқан сәт түсірілген және қарулы адамдардың тәжік тілінде қырғыз ауылындағы жағдай туралы айтқаны жазылған кадрлар көрсетілген.

17 қыркүйекте Баткен облысының билігі осы елді мекендердің Қырғызстан билігіне өткенін мәлімдеді. Баткен облысы орталығының тұрғындары Азаттықтың Қырғыз қызметіне қарулы қақтығыс кезінде қала мен әуежайдың оқ астында қалғанын айтты.

Бұқаралық ақпарат құралдарын үкімет қатаң бақылайтын, баспасөз еркіндігі шектеулі Тәжікстанда биліктің мәлімдемесін журналистердің тәуелсіз тексеруін қиындатып отыр.

Душанбе "қырғыз күштері мемлекет шекарасын бұзып, Тәжікстанның Исфара қаласына жақын жердегі ауылдарға басып кірді" деді. Бірақ оған ешқандай дәлел келтірген жоқ.

16 қыркүйекте тәжік күштері Азаттықтың Тәжік қызметінің тілшілеріне шекараға жақындауға тыйым салды.

Бірақ жуналистер шекараға жақын ауылдарда қырғыз оғынан қираған нысандарды көрген.

Олар Овчикалача ауылында қан дағын, снарядтар мен атыстан қираған ғимараттарды көрген. Тәжікстан "қырғыздар осы ауылды дронмен атқылады" деп айыптаған еді.

Ауыл тұрғындары 16 қыркүйекте кешкі бес кезінде мешіттегі атыстан бірнеше адамның қаза тапқанын айтты.

Бизайнаб Бердиева есімді тұрғын жас дәрігер Каромат Сатторовтың қалай қаза тапқанын көргенін айтады.

"Атыс дауысын естігенімізде [ол] сол жерде тұрған. "Қорықпа" дедім. Сосын оның арқасына снаряд жарықшағы тиді" деді Бердиева.

МӘСКЕУДІҢ ҰСТАНЫМЫ ҚАНДАЙ?

Қырғызстанда аза тұту күні деп жарияланған 19 қыркүйекте ел президенті 53 жастағы Садыр Жапаров халыққа эмоцияға толы үндеу жасады.

Ол қаза тапқандардың отбасына көңіл айтып, шиеленіске қатысқан әскери қызметкерлерге, Баткен облысы халқына көмек көрсетіп жатқандарға алғыс білдірді.

"Әр адам қиын кезеңдерде орныңнан тұрып, еліңді жаудың басқыншылығынан қорғау деген міндетін жақсы біледі" деді Жапаров.

Тәжікстан сыртқы істер министрлігі Жапаровтың "жау" деген сөзіне қарсы шығып, оны "достар мен көршілерге" тән емес деді.

Бірақ Қырғызстан мен Тәжікстан жақсы дос та, жақсы көрші де емес. Олардың мұндай жағдайға қалай түскені де жағымсыз сипат алған.

Ішкі саясаттың өзгеруі бұған жауап болуы мүмкін.

Тәжікстанда билікте отырғанына көп болған Эмомали Рахмонның өз орнына қалдыруға ұлы Русам Эмомалиді дайындап жатқаны жөнінде айтылып жүр. Бұл әңгіме Душанбенің аяқсыз қалған істерді шешу талпынысына тұспа-тұс келді.

Биыл Душанбе Таулы Бадахшан автономды облысында оппозиция өкілдерін қуғын-сүргінге ала бастады. Билік жергілікті лидерлердің кейбірін өлтіріп, кейбірін қамауға алды.

Кей сарапшылар Қырғызстанмен шекарадағы даулы жерлер де осындай күрделі істер тізіміне енуі мүмкін дейді.

10 адам қаза тапты. Тәжікстанның автономдық облысында не болып жатыр?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:57 0:00

Тәжікстанда Садыр Жапаровтың екі жыл бұрын бір күнде билікке келгені, ал Қамшыбек Ташиевтің жер дауына себепші болғаны жиі айтылады.

2021 жылғы наурызда Ташиев Тәжікстанның отыз мың азаматы тұратын Ворухты айырбастау идеясын айтқан еді. Бұл былтырғы шекара дауынан бірнеше апта бұрын болды.

14 қыркүйекте әскери іс-қимыл басталмай тұрып, Ташиев пен Жапаров түріктердің "Байрактар" дронына арналған бақылау станциясының ашылуына қатысты.

"Қырғызстанның бейбіт ел екенін үнемі айтып жүрмін" деді Жапаров. "Қарулы күштерімізді күшейту шаралары тек қорғаныс мақсатын көздейтінін қайталап айтамын".

Желтоқсанда Бішкектің байрактарды сатып алуы Душанбені алаңдатып қойды. Қаңтарда Ташиев пен оның тәжікстандық әріптесі Саймумин Ятимов шекарада дрон қолданбауға келіскен.

Тәжікстанның Ташиевті жақтырмайтыны бұрынғы сыртқы істер министрі Хамрохон Зарифидің былтырғы мақаласынан да байқалады. Ол Ташиевтің оппозиция өкілі ретіндегі өткен өмірін күлкіге айналдырып, оны Тәжікстанның егемендігіне тіл тигізді деп айыптаған.

19 қыркүйекте Тәжікстанның "Ховар" мемлекеттік ақпарат агенттігі Зарифидің сол мақаласын қайта жариялады.

Бірақ Қырғызстан билігіне шабуыл жасаған жалғыз Тәжікстан медиасы емес.

Биылғы жылдың алғашқы жартысында Ташиев пен басқа да жоғары лауазымды шенеуніктер Ресей баспасөзінің нысанына айналды. Бұл науқан "биліктегі батысшыл саясаткерлерге" қарсы бағытталды.

Қырғызстанның онлайн кеңістігінде Тәжікстанның көршісіне шабуылдауына Мәскеу қолдау көрсетті ме деген мәселе қызу талқыланды.

Жапаров жолдауында бұл идеяға қарсы шықты.

"Стратегиялық серіктестерімізге, достық пейілі бар елдер мен бізбен ниеті бір халықтарға жала жауып жатқан арандатушылардың сөзін тыңдамаңыздар" деді ол.

Мәскеудің Тәжікстанда да, Қырғызстанда да әскери базасы бар. Екі ел де Мәскеу басқаратын ұйымға мүше. Бірақ Ресей екі ел арасындағы шиеленіске араласуға құлшыныс таныта қоймады.

18 қыркүйекте Ресей президенті Владимир Путин Эмомали Рахмон және Садыр Жапаровпен телефонмен сөйлесіп, "тараптарды эскалацияның алдын алып, жағдайды бейбіт, саяси және дипломатиялық жолмен реттеуге" шақырды деп хабарлады Кремльдің баспасөз қызметі.

Бірақ ол уақытта болар іс болып, бояуы сіңіп үлгерген еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG