Михаил – Орталық Азия елдерінің бірінде тұратын, "ЧВК Вагнер" тобының бұрынғы жалдамалы қызметкері. Оның сөзінше, ол Украинадағы әскери қимылдарға тіке қатыспаған және ешкімді өлтірмеген, ал Украинаның Ресей басып алған аумағына "Вагнер" Бахмуттан шығарылған кезде және "Пригожин бүлігі" кезінде келген.
Бұдан соң оның бөлімін Беларусь аумағына жіберген. Ресей қорғаныс министрлігімен келесі келісімшартты Михаил Пригожин өлгеннен кейін – Ресей азаматтығын алу үшін жасасқан. Бірақ оны 200 шақты солдатпен бірге украин әскерінің Курскіде жылжуын тоқтату үшін жіберген кезде сол жақтан қашып кеткен.
Михаилдың сөзінше, ол Ресей әскерінде шын мәнінде не болып жатқанынына куә болған. Оның сөзінше, мағынасыз соғыс бәрін "әбден қажытып жіберген" және Ресейдің Украинаға қарсы соғысы "дұрыс емес" екенін түсінген. Өз еліне кеткен Михаил "Настоящее время" арнасына Ресей әскери бөлімдерінде қазір не болып жатқанын баяндап берді.
Оның сөзінше, майданда болып жатқан жайттар Ресей тұрғындарына жетіп жатқан жоқ: теледидардан шындыққа қатысы жоқ дүниелер көрсетіледі.
"Теледидардан бізді қандай да бір ауылды басып алды деп айтады. Ал ол кезде орманда отырамыз, кімнің нені басып алғанын мүлде түсінбейміз" дейді ол.
Оның сөзінше, әскери бөлімдерді жемқорлыққа жайлаған: соғысқа орасан көп ақша бөлінеді, ал ол ақша тез жұмсалып, талан-таражға салынады.
"Ол жақта тұтастай жемқорлық, есірткі, ішімдік. Ақша берсең болды, кез келген нәрсеге қол жеткізе аласың. Ол жақта өте үлкен ақша айналымда. Жанармай, солярка, керосин – барлығы ақша. Тұтас команда сонымен айналысады: бір нәрсені есептен шығару. Машина жүрмей қалады, мүлде жүрмейді, ал бірақ (есеп бойынша) ол бар, ол бөлімге жазылған. Ал оған күн сайын 50-60 литр дизель немесе бензин есептен шығарылады. Ол жақта жаяу әскер техникасы, танкілер бар – отын шығыны көп, сол үшін көп ақша алынады. Ал оның барлығы қайда кетіп жатыр. Оны болжау үшін көп ақыл керек жоқ" деді Михаил.
Ол өзі тілдескен Ресей солдаттарының басым бөлігі соғыстан әбден шаршағанын айтады. Әскерден қашу деңгейі өте жоғары және әскери басшылықта оларды майданға қайтарудан басқа амал қалмайды.
"2022 жылдан бері әскерде жүргендер бар. Осы уақыт бойы олар тек бір рет қана демалыста болған, бәлкім 15 күн, болды, оларға демалыс бермейді, себебі жіберсе қайта оралмайды деп қорқады. Қалай шаршағанын көрдіңіздер ме? Қайтпай жатқандар өте көп. Соның бәрін бақылау деген... Оның әрқайсысын бақылау керек болады ғой. Тіпті бұл әскери полицияның бас ауруы. Сондықтан да ең абзалы – оларды үйге жібермеу" дейді ол.
Оның сөзінше, ол 2024 жылы қарашада қашуға бел байлаған. Айтуынша, оны Курскіге жіберген кезде ол өзінің мағынасыз соғысқа қатысып жатқанын түсінген.
"Бұлай болмауы керек екенін түсіндім. Қазір соғыстың мүлде дұрыс емес екенін түсінемін. Сол нәрсе қазір ғана миыма жетті. Менің бірбеткейлігім ақымақтық екенін түсіндім. Соңғы сәтте барлық нәрсе мені шаршатып жіберді. Өзгелермен сөйлескен кезде де барлығы әбден қажыған. Әсіресе үнемі алдай беретіні [мезі етеді]" деді ол. Ол бәрін тек қорқыныш ұстап тұрғанын айтады.
Ол майданнан стоматологқа барамын деп сұранып кеткен. Сол кеткеннен мол кеткен.
"Менде дәл сол кезде тісім ауырып жүрген. Стоматологқа барып едім, тісімнің түбірін жұлып берді. Дәрігерге маған анықтама жазып беріңізші дедім, ол маған төрт күнге анықтама жазып берді. Жергілікті таксисті тауып, Волгоград әуежайына бардым, Волгоградтан Домодедовоға ұштым. Мен шетел азаматы емеспін бе, осылай ұшып кеттім" деді Михаил.
"Настоящее время" видеосын көріңіз (Видео орыс тілінде)