Accessibility links

"Зымыран зақымдаған". Ұшақ апаты жайлы тың дерекке Қазақстан мен Әзербайжандағы реакция


Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының Embraer Е190 жолаушы ұшағы құлаған жерде жүрген құтқарушылар. Маңғыстау облысы, 25 желтоқсан, 2024 жыл.
Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының Embraer Е190 жолаушы ұшағы құлаған жерде жүрген құтқарушылар. Маңғыстау облысы, 25 желтоқсан, 2024 жыл.

Батыс басылымдары Ақтау маңында құлаған ұшаққа ресейлік зымыран тиген деген ақпарат таратты. Мәскеу ресми тергеу аяқталғанға дейін долбар жасамауға үндеді. Апат салдарынан азаматтарынан айырылған Әзербайжан мен Қазақстандағы реакция қандай?

"ТЕРГЕУДІҢ АЯҚТАЛҒАНЫН КҮТЕЙІК"

Ақтау маңына құлаған Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының Embraer Е190 жолаушы ұшағына Ресей аумағында әскери зымыран тиген деген ақпаратты 26 желтоқсанда Батыс баспасөзі Әзербайжан билігіндегі дереккөздеріне сүйеніп хабарлады. Олар Грозный әуежайына қонуға барған ұшаққа дрон шабуылына қарсы атылған әскери зымыранның жарықшағы тиген деп айтқан.

Ресей президенті Владимир Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Azerbaijan Arilines ұшағының апатына байланысты тұжырым жасауға әлі ерте деп мәлімдеді.

"Тергеу қорытындысы шыққанға дейін қандай да бір гипотеза құрған дұрыс болмайды. Біз, әрине, олай істемейміз, және ешкім де олай істемеуі керек. Тергеудің аяқталғанын күткен жөн", – деген Песков бейсенбі күні Мәскеуде өткен брифингте.

Маңғыстау облысының көлік прокуроры Абылайбек Ордабаев (сол жақта), Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев (ортада), көлік министрі Марат Қарабаев. Ақтау, 26 желтоқсан, 2024 жыл.
Маңғыстау облысының көлік прокуроры Абылайбек Ордабаев (сол жақта), Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев (ортада), көлік министрі Марат Қарабаев. Ақтау, 26 желтоқсан, 2024 жыл.

Ақтау маңындағы ұшақ апатын тергеу жөніндегі Қазақстан үкіметі комиссиясының жетекшісі, вице-премьер Қанат Бозымбаев 26 желтоқсанда кешке Ақтаудағы брифингте "барлық нұсқаны растай да, жоққа да шығара алмаймыз" деп мәлімдеді.

Маңғыстау облысының көлік прокуроры Абылайбек Ордабаев Ақтау маңындағы ұшақ апатын тергеу әлі аяқталмағандықтан ұшақтың құлауына ресейлік әуе қорғанысы жүйесі себеп болған деп айтуға ерте деген.

 Оқ пен құс. Ұшақ Грозный әуежайына неге қонбады? – AzatNEWS | 26.12.2024
please wait

No media source currently available

0:00 0:27:00 0:00

Ақтаудағы ұшақ апатына байланысты 27 желтоқсан күні Азаттық пікір сұраған Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаттары да "әзірге ештеңе айта алмайтынын" жеткізді.

"Апатқа бәріміздің жанымыз ауырып отыр. Бірақ комиссия толық шешім шығармайынша жалпы пікір беру дұрыс емес деп санаймын", – деді депутат Максим Рожин.

Депутат Самат Нұртаза да осыған ұқсас пікір айтты.

"Ресми қорытынды шықпайынша не айтуға болады? Егер оның [ұшақтың] атып түсірілгені рас болса, қандай жағдайда атып түсірілгенін айтпай-ақ қояйық, қателесіп атып түсірді ме, Грозныйда дрон шабуылы болып жатқан кезде радардан көрсетіп атып түсірді ме, ол мәселе емес, ең маңыздысы – өз аумағында ұшақ апатқа ұшырап жатқан кезде Қазақстанның тергеу-тексеру органдары мәселенің ақиқатын айтып, тергеу жүргізуі керек. Егер инцидентке Ресейдің қатысы болса, онда біз өзіміздің тәуелсіз, бейтарап ел екенімізді, Ресейдің саясатына қатысы жоқ, бейбітүйгіш ел, еш тараптың мүддесін қорғамайтын бейтарап ел екенімізді дәлелдеу үшін әділ тергеу жүргізуіміз керек", – деді депутат Ермұрат Бапи.

Бейсенбі күні Euronews телеарнасы Әзербайжан үкіметіндегі дереккөзге сүйеніп, алдын ала тергеу Azerbaijan Airlines ұшағының апатына Ресейдің ракетасы себеп болғанын анықтаған деп жазған. Одан кейін Reuters агенттігі бірнеше дереккөзіне сілтеп, апатқа Ресейдің әуе қорғаныс жүйесі себеп болды деп хабарлады.

Әзербайжан үкіметіндегі дереккөз Euronews арнасына "бүлінген ұшаққа Ресейдің әуежайларына қонуға рұқсат етпей, Каспий теңізі арқылы Ақтауға бұрғанын" айтқан.

Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының Embraer Е190 жолаушы ұшағы 25 желтоқсанда Ақтау маңына құлады. Әуекомпаниясы мен ресми орындар таратқан ақпаратта, Бакуден ұшып барған ұшақты Грозный әуежайы қабылдамай, әуелі Махачқалаға бұрған, кейін ұшақ Ақтау қаласына бет алған, Каспий теңізі үстінде ол төтенше жағдайға тап болғаны жөнінде белгі берген деп айтылды. Ұшақта 62 жолаушы мен экипаждың бес мүшесі болған. Олардың арасында Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан мен Ресей азаматтары бар.

Апаттан қаза тапқан 38 адамның 25-і – Әзербайжанның, алтауы – Қазақстанның азаматтары.

Ұшақ апатынан аман қалған 29 адам Ақтаудағы ауруханаға түскен. Апаттан зардап шеккен 9 ресейлік және 14 әзербайжан азаматы 26 желтоқсанда арнайы ұшақпен еліне аттанды. Қазір Ақтаудағы ауруханада үш қырғыз және үш әзербайжан азаматы емделіп жатыр.

МӘСКЕУ КЕШІРІМ СҰРАСЫН"

Бұқаралық ақпарат құралдарын билік жіті бақылайтын Әзербайжанда бейсенбіде басылымдар жариялаған сарапшылар пікірі Мәскеу Бакуден кешірім сұрағаны жөн дегенге саяды.

Үкімет қадағалайтын телеарналар кешкі хабарларында Қазақстан аумағына құлаған Azerbaijan Airlines жолаушы ұшағына ресейлік зымыран тиген деген болжам шындықтан алыс емес деген сарапшылар сөзін берді.

Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының жолаушы ұшағы құлаған жерді күзетіп тұрған полиция. Маңғыстау облысы, 27 желтоқсан, 2024 жыл.
Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының жолаушы ұшағы құлаған жерді күзетіп тұрған полиция. Маңғыстау облысы, 27 желтоқсан, 2024 жыл.

Әзербайжан парламентінің депутаты Расим Мұсабеков бейсенбі күні жергілікті Turan басылымына берген сұхбатында Ресей Әзербайжаннан жолаушы ұшағын атқаны үшін кешірім сұрауы керек деп мәлімдеді.

"Ұшақты Ресей аумағында, Грозный аспанында атқан. Және мұны жоққа шығару мүмкін емес", – деген Әзербайжан парламентінің (межлис) халықаралық қатынастар және парламентаралық байланыс комитетінің мүшесі депутат Мұсабеков.

Оның сөзінше, "ахуалға байланысты дұрыс әрекет жасап, кешірім сұраудың орнына" Ресейде "кейбіреулер медиада әлдебір іс-қимылға барып, із жасырмақ болып" жатыр.

"Мұны жасағандар қылмыстық жауапкершілікке тартылуы керек, қаза тапқан және зардап шеккен адамдарға өтемақы төлеу қажет. Егер олай жасамаса, онда әрине, қарым-қатынас басқаша өрбитін болады", – деп мәлімдеген Әзербайжан депутаты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG