Ақтауға құлаған Azerbaijan Airlines ұшағында болған үш қырғызстандық аман қалды. Азаттықтың Қырғыз қызметі рейсте болған Тілек Осмоновтан ұшақтың ішінде не болғанын сұрады.
- Ұшақта ұйықтап бара жатқанмын. Қатты дыбыстан ояндым. Осыдан кейін шу басталып кетті. Шынымен өте қорқынышты болды. Өмір осымен бітті деген ой келді. Ішер суымыз таусылды деп ойладық, дұға жасап қана отырдық. Бірақ Алла Тағалам өмір беріп тұр екен. Құдай сақтады.
- Ұшақ қона алмай аспанда айналып жүргенде жолаушылардың жағдайы қандай болды?
- Борттағы қызметкерлер тынышталуға шақырып жатты. Ұшақ ішінде шу болып жатқанда болары болды деп отырдық. Автокөлік болса секіріп шығып кетер едік. Борт қызметкерлерінің өздері де дүрбелеңге түсті. Біз Грозныйдан Бішкекке ұшпақшы едік. Грозныйға қонбай қайта аспанға көтерілгенде қандай да бір дыбыс шықты. Ұшақтың ішіне қатты естілді. Одан соң үш сағаттай ұшып жүрдік. Кейін білгеніміздей, Грозныйға қондырмай Махачкалаға жіберіпті. Махачкалаға да қона алмай, Қазақстанның Ақтау қаласындағы әуежайға қонасыңдар деп жіберіпті. Ұшақ ішінде қауіпсіздік шаралары басталды. Құтқарушы жейделер кигізіліп, тыныс алу маскалары түсірілді. Судың үстімен өтіп, құрғақ жерге түскен де жақсы болды ма деймін. Суға түскенде қандай болмақ білмеймін.
25 желтоқсанда Бакуден Грозныйға ұшып шыққан Әзербайжанның AZAL компаниясының ұшағы Ақтауда құлаған. Ұшақ Грозный әуежайына қона алмай Ақтауға бағыт алған. Ұшақта болған 67 адамның 29-ы аман қалып, 38 жолаушы қаза тапты.
Мен 36-қатарда, жақын бауырым Ринат пен досым 35-қатарда отырған. Қауіпсіздік белдігін тағып, маска киген соң экипаж бірінші инструктажды өтті. "Қазір құрғақ жерде шұғыл қонамыз, дайындалыңыздар" дегенді әзербайжан, ағылшын және орыс тілінде айтты. Бастарыңызды бүгіп, жұмсақ нәрсемен жабыңыздар деді.
- Ұшақ құлағаннан кейінгі жағдайыңызды айтып бере аласыз ба?
- Есімді жинаған соң Ринатты іздедім. "Інім қайда қалды екен" деп ойладым. Оны бірден іздедім. Қауіпсіздік белдігі шешілмеген екен. Ептеп шешіп алып шықтық. Жанындағы адамдар жәрдем берді. Біз іштен жөргелеп шыққанша ұшақтың маңында қазақ туғандардың электриктері ме әлде құтқарушылары ма толып қалыпты. Досымды да таптым. Ринат көзін ашып есін жиды, бірақ қиналып жатты. Жедел жәрдем Ақтаудың ауруханасына жеткізді.
-Қазір жағдайларыңыз қалай?
- Бүгін (26 желтоқсанда – Ред.) бұйырса жағдайым жақсы. Бір қолым сынған. Мұрным сынған деп ойлаған едім, бірақ бүгін демалып жатырмын. Досым Ерлан да, Ринат та жақсы. Дәрігерлер ештеңе айтпады. Анализ қорытындылары шықсын деп жатыр.
ПІКІРЛЕР