Accessibility links

ЖАҢАЛЫҚТАР

Украина билігі Алексей Арестовичке санкция салды

Алексей Арестович
Алексей Арестович

Украина президенті Владимир Зеленский ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс жөніндегі кеңестің санкция туралы шешімін күшіне енгізді. Бұл жөнінде президент кеңсесінің сайтында жазылған.

Санкция тізіміне 15 жеке және 36 заңды тұлға енген. Арасында блогер Мирослав Олешко, Украина президенті кеңсесінің штаттан тыс бұрынғы кеңесшісі Алексей Арестович, сонымен бірге саясаттанушы Константин Бондаренко ("Джокер" деген атпен Зеленскийдің биографиясын жазған) да бар.

Арестович Ресей басқыншылығынан кейін көпке жақсы таныла бастаған. Ол отставкаға 2023 жылы қаңтарда – блогер Марк Фейгинге берген сұхбатында Днепрдегі тұрғын үйге түсіп, 44 адамның өмірін қиған ресейлік ракетаны украиналық күштер атып түсірді деп мәлімдегеннен кейін кеткен. Украина қорғаныс министрлігі ақпаратты жоққа шығарады. Оның алдында Арестовичтің айтқан мәлімдемелері мен "іс-әрекеті елге зиян тигізетіні" айтылған.

Украинада Арестовичке қарсы екі қылмыстық іс қозғалған: күш көрсету мен ұлттық төзімсіздікті насихаттайтын туынды жасау және тарату (Украина Қылмыстық кодексінің 300-бабы) және қылмыс жасалғаны жөнінде өтірік ақпаратты қасақана хабарлау (383-бап).

Қазіргі кезде Алексей Арестович шетелде тұрып жатыр.

Басқа да жаңалықтар

R.E.M. тобы Radio Free Europe әнінің ремиксін шығарды. Әннен түскен қаржы Азаттыққа беріледі

R.E.M. тобы
R.E.M. тобы

Америкалық R.E.M. рок-тобы 1981 жылы жазылған "Radio Free Europe" ("Азат Еуропа радиосы") әнінің ремиксін шығарды. Әнді Бүкіләлемдік баспасөз еркіндігі күні жариялап отыр.

АҚШ-тың Дональд Трамп президенттікке келген соң АҚШ-тың Ғаламдық медиа жөніндегі агенттігі (USAGM) Конгресс бөлген грантты Азаттық радиосына бермей отыр.

R.E.M. тобы қолдау ретінде Азаттық радиосының бренд түсі – сарғыш түспен пластинка, футболка және постер шығарады.

R.E.M тобының Азаттық радиосын қолдап шығарған альбомының мұқабасы.
R.E.M тобының Азаттық радиосын қолдап шығарған альбомының мұқабасы.

"Бұл – біздің сөз бостандығы мен сапалы журналистиканы қолдауға қосқан үлесіміз. Музыка я еркін баспасөзге цензура салу шындыққа төнген қауіп болады. Баспасөз еркіндігі күні Азат Еуропа радиосының ержүрек журналистеріне сәлем жолдаймын" деді топтың лидері Майкл Стайп америкалық CBS телеарнасына берген сұхбатында.

R.E.M. тобы ашқан онлайн-платформа арқылы әнді, футболканы, постерді сатып алуға болады. Әннен түскен қаржы Азаттық журналистеріне әріқарай адам құқығы, сөз бостандығы миссиясын орындауға беріледі.

"Мен – R.E.M. тобының тыңдарманымын. Олардың музыкасы – мен үшін бостандықтың, ой еркіндігінің бейнесі. Әндерінің сөзі бізді ойландырып, шабыттандырады. Дәл қазір Азаттық радиосының журналистері де осындай іспен айналысып жатыр. Яғни, халықты ақпараттандырып, шабыттандырады және аудиторияның еркіндігі үшін күреседі. Біздің ауыр жұмысымызды R.E.M. тобының талантты музыканттары атап өтіп жатыр" деді Азат Еуропа/Азаттық радиосының президенті Стив Капус.

"Германия үшін балама" партиясы "экстремисшіл" деп танылды

Германия конституциясын сақтау бойынша федералды ведомство "Германия үшін балама" (AfD) партиясын "экстремисшіл ұйым" деп таныды. Ведомство таратқан хабарламада партия "адамның абыройын құрметтеу принциптерін жүйелі түрде бұзды" дейді.

Der Spiegel басылымының жазуынша, енді партия ресми түрде конституцияға сай емес деп танылады. Демек арнайы қызметтер партия жұмысын жіті тексере алады.

Ведомство партия идеологиясы этникалық түсінікке құрылып, немістер мен басқа этникалық топтардың, әсіресе мұсылмандардың тең құқығын жоққа шығарады дейді.

"Германия үшін балама" партиясы иммигранттарға түбегейлі қарсы.
Ақпанда Германиядағы парламент сайлауында «Германия үшін альтернатива» партиясы екінші орын алған. Ал сайлауда Фридрих Мерц бастаған "Христиан-демократия одағы" және "Христиан-социалистер одағы" (ХДО/ХСО) блогы жеңген. Мерц "Германия үшін балама" партиясымен үкіметтік коалиция құрмайтынын айтқан.

АҚШ Украина мәселесімен кездесу үшін "жахан кезіп ұша жөнелмейтінін" айтты

АҚШ мемлекеттік департаментінің өкілі Тэмми Брюс
АҚШ мемлекеттік департаментінің өкілі Тэмми Брюс

Вашингтон Украина мен Ресей арасындағы қатынасты бейбіт реттеуге қатысты ұстанымын өзгертіп жатыр және бұдан былай келіссөзге араағайын болу үшін "бірінші шақырту алысымен жахан кезіп ұша жөнелмейді". АҚШ мемлекеттік департаментінің өкілі Тэмми Брюс осылай деп мәлімдеді.

Брюстің сөзінше, мемлекеттік хатшы Марко Рубио АҚШ-тың қатысу форматы өзгеретінін ашық айтқан, дегенмен бейбіт бастамаларды қолдау жалғасады. Вашингтон Ресейге қарсы салынған санкцияларды жоюды жоспарлап отырған жоқ, деді мемлекеттік департаменттің өкілі.

Бұған қоса Брюс қақтығысқа қатысып жатқан екі тараптың соғысты тоқтату үшін нақты қадамдар ұсынып, оны өз бетімен дайындайтын уақыт жетті деген.

Бұған дейін Fox News арнасына берген сұхбатында АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Мәскеу мен Киевтің ұстанымдары әлі де алшақ деп мәлімдеген.

"Путин бүкіл Украинаны басып ала алмайды, ал Украина Ресейді 2014 жылғы шекарасына дейін ығыстыра алмайды", – деген Рубио. Оның сөзінше, АҚШ бейбітшілікке қол жеткізуге күш салудан бас тартпайды, бірақ жақында президент Дональд Трамп бұл мәселеге тағы қанша уақыт пен ресурс жұмсай алатыны жөнінде шешім қабылдауға тиіс.

Рубио Ресейдің Украинаға қарсы соғысы халықаралық күн тәртібіндегі маңызды мәселе болып қала беретінін, бірақ "әлемнің ұзақ мерзімдегі болашағы үшін Қытайға байланысты жағдайлар маңыздырақ" екенін айтты.

  • Сәуірдің аяғына Bloomberg агенттігі өз дереккөздеріне сүйеніп, атысты тоқтату жөнінде Ресеймен жүргізілген келіссөздер тығырыққа тірелгенін хабарлаған. Агенттік сөйлескен адамдардың сөзінше, Ресей президенті Владимир Путин соғысты тоқтату жөніндегі кез келген келісімнің шарты ретінде Украинаның ішінара оккупацияланған аймақтары толығымен Мәскеудің бақылауында болсын деген талап айтып отыр. Ондай аймақтарға Луганск, Донецк, Запорожье және Херсон облыстары жатады.
  • Путиннің мұндай талабы АҚШ президенті Дональд Трамптың атысты тез арада тоқтатып, соғысты аяқтауды көздеген әрекетіне соққы болып тиіп отыр, деп жазды агенттік. Бейбітшілік туралы келіссөзге көндіруден нәтиже шықпауы Ақ үйдің көңілін қалдырып отырғаны да айтылған.

Темірлан Еңсебек өзі құрған Qaznews24 паблигі құрамынан кетті

Қазақстандық Qaznews24 сатиралық паблигі өз құрылтайшысы Темірлан Енсебектің жобадан кететінін жариялады. Сәуір айында сот Еңсебекті "ұлтаралық араздық қоздырды" деген айыппен бес жылға бостандығын шектеген және бірқатар қызметпен айналысуына тыйым салған еді.

Qaznews24 паблигі 1 мамырда Instagram-дағы парақшасында "бүгін Темірлан жобадан толық кететін сәт туды" деген жазба жариялады.

"Бұл шешім оңай болған жоқ. Бірақ ол жобаға, оқырмандарға және, әрине, өзіне деген құрметке сүйене отырып қабылданды. Темірлан өзі бірге болмаса да, жоба өз тірлігін ары қарай жалғастырып, өсіп-өркендей беруі үшін осындай қадамға барды", – делінген онда.

Жазбада Еңсебек енді редакциялық жұмыстарға және шешім қабылдауға араласпайды, аккаунттарға кіре алмайды деп жазылған.

"Qaznews24 жұмысын жалғастырса, сатира үні өшпесе екен деген –Темірланның өз қалауы және елімізде қаншалықты аз қалса да, сөз еркіндігі өмір сүрсінші деген ниеті болды", – деп жазды Qaznews24 постында.

11 сәуірде Алматының Наурызбай аудандық соты Qaznews24 сатиралық паблигінің авторы Темірлан Еңсебекті "араздық қоздыру" бабы бойынша кінәлі деп тауып, оған бес жылға бостандығын шектеу жазасын кесті. Сот Еңсебектің қоғамдық жұмыспен, соның ішінде журналистикамен айналысуына, митингіге қатысып, сұхбат беруіне тыйым салды.

Темірлан Еңсебек өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып, үкімді "шектен тыс қатал" деп атады.

Темірлан Еңсебектің үстінен қозғалған іске Qaznews24 паблигіндегі постында жариялаған "Йоу, орыстар" деген ән себеп болған. Мазмұнында дөрекі сөздер бар даулы ән әлеуметтік желіде әр жерде жарияланып жүргеніне бір жылдан асқан, бұрын Қазақстанда ол әнге тыйым салынбаған. Бұл ән ресейлік тележүргізуші Тина Канделакидің Қазақстанда "орыс тілі кемсіту көріп жатқаны" жайлы мәлімдемесіне реакция ретінде шыққан еді (Қазақстан сыртқы істер министрлігі Канделакиді сол мәлімдемесінен кейін нон-грата тұлғалары тізіміне қосқан). Бірақ биыл Қазақстан соты ол әнді "ұлтаралық татулық пен халық бірлігіне жік салады" деген байлам жасады. Еңсебек соттағы сөзінде іске ілік болған посты ұлты орыс адамдарға емес, Тине Канделакиге қатысты және Ресейдің Украинаға қарсы басқыншылығына наразылық ретінде жазылғанын айтты.

Еңсебектің адвокаты Жанара Балғабаева соттан Темірланға қарсы "жосықсыз" қозғалған қылмыстық істі жабуды талап етті. Жақында Еңсебек бірінші сатыдағы сот үкіміне келіспейтіні жөнінде шағым бермек ниетте екені белгілі болды.

Qaznews24 сатиралық паблигі 2021 жылдың сәуір айында құрылған. Оның авторы Темірлан Еңсебек сол жылы мамыр айында Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевты әжуалаған пост жариялағаны үшін қудалауға ұшырады. Оның үстінен қозғалған қылмыстық іс пост авторының "іс-әрекетінде қылмыс құрамы жоқ" болғандықтан 2022 жылы қыркүйек айында жабылған.

Америкалық өндірушілер Украинаға қару-жарақты тікелей жөнелтеді

Украиналық сарбаздар америкалық соғыс техникасы – ұңғысы 155 мм болатын зеңбірегі бар М109 гаубицасын айдап бара жатыр. Донецк облысы, 13 маусым, 2022 жыл. Архивтегі фото
Украиналық сарбаздар америкалық соғыс техникасы – ұңғысы 155 мм болатын зеңбірегі бар М109 гаубицасын айдап бара жатыр. Донецк облысы, 13 маусым, 2022 жыл. Архивтегі фото

АҚШ Конгресінің жоғарғы палатасына Мемлекеттік департаменттің Украинаға 50 миллион долларға немесе одан да көп қаржыға қару-жарақ сатуға рұқсат берілетіні жөнінде хабарлама түскен.

Бұған дейін украиналық басылымдар өз дереккөздеріне сүйеніп, АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі Украинаға қорғаныс өнімдерін коммерциялық жолмен тікелей сатуға рұқсат беру ниеті барын Конгреске хабарлаған деп жазған еді. Киев 2015 жылдан 2023 жылға дейінгі кезеңде осындай жолмен америкалық компаниялардан құны бір жарым миллиард доллардан асатын қару-жарақ сатып алған.

Бұл – АҚШ-та билік басына Дональд Трамп келген соң Ақ үй Украинаға әскери көмек беруді тоқтатып, бұрыннан берілген осындай жәрдемге аудит жүргізуді ұйғарғаннан бері Киевке қару-жарақ жеткізу бойынша қабылданған алғашқы шешім.

Kyiv Post басылымы Ақ үй екі ел арасында минералдық ресурстар жөнінде келісімге қол қойылғаннан кейін көп ұзамай Вашингтон Украинаға әскери қару-жарақ сатуды қайта жандандырғанына назар аударады.

Тұтқын алмасу кезінде Ресейге берілген қазақстандық өзін соғысқа қайта жіберейін деп жатқанын айтып, көмек сұрады

Украина мен Ресей арасында "тұтқын алмасу"
Украина мен Ресей арасында "тұтқын алмасу"

Тұтқын алмасу кезінде Ресейге тапсырылған қазақстандық өзін соғысқа қайта жіберейін деп жатқанын мәлімдеп, көмек сұрады

"Мені Донецк облысына жіберейін деп жатыр. Менде байланыс болмай қалатын сияқты. Әрі қарай мені не күтіп тұрғанын да білмеймін" деді 20 жастағы Байқоңыр тұрғыны Шерхан Егембердиев Airan.media басылымына жіберген видеосында.

Жуырда Пасха мерекесіне орай ұйымдастырылған тұтқын алмасу кезінде Украина жағының Ресейге тапсырған солдаттарының арасында екі қазақстандық бар екені, олардың бірі Шерхан Егембердиев екенін жергілікті БАҚ жазған.

Егембердиевтің сөзінше, ол Ресейге барып, "Ұсақ бұзақылық" жасағаны үшін полиция бөлімшесіне түскен. Ол жерде оған қысым жасалғаннан кейін Ресей қорғаныс министрлігімен келісімшартқа қол қойып, Украинадағы соғысқа жіберілген.

Майданда жараланып, тұтқынға түскен. Украинада жеті ай бойы тұтқында болған.

Airan.media-ның жазуынша, осы тұтқын алмасу кезінде Ресейге берілген тағы бір қазақстандық Ерболат Ордабаевтың да тағдыры белгісіз болып отыр. Тұтқын алмасудан кейін онымен байланыс үзілген.

Қазақстанның құзырлы органдары әзірге оқиғаға реакция білдірмеді.

Пасха мейрамына орай тұтқын алмасу аясында Украина мен Ресей әрқайсысы 246 әскери тұтқынды босатқан. Бұған қоса, Украина келісімнен тыс тағы 31 жауынгерін қайтарып алды деп хабарлады әскери тұтқындар мәселелерімен айналысатын үйлестіру штабы. Сонымен қатар "ізгі ниетті әрекет" ретінде Ресей 31 жаралы украин сарбазын еліне беріп, Украина оның орнына Ресейге 15 жаралы жауынгерді қайтарған.

Бұл – Украина мен Ресейдің тұтқын алмасуы кезінде Орталық Азия елдерінің азаматтарын әскери тұтқын ретінде қайтарған алғашқы жағдай емес. 2024 жылдың шілдесінде Украина Қырғызстан азаматы Әлішер Тұрсыновты Ресейге қайтарған.

Биыл сәуірдің басында "Хочу жить" жобасы Украинадағы соғысқа Ресей жағынан қатысқан немесе қатысып жүрген Қазақстан азаматтарының тізімін жариялаған. Онда 661 адамның есім-сойы бар. Жоба мәліметіне сүйенсек, 2024 жылдың аяқ шеніндегі дерек бойынша, осы тізімдегілердің кемінде 78-і тірілер санатында жоқ деп есептелген.

2024 жылдың қарашасындағы дерекке сәйкес, Украинада соғыс басталғалы бері (2022 жылғы 24 ақпаннан бастап) Қазақстанда шетелдік қақтығыстарға қатысқан 46 қазақстандыққа қатысты қылмыстық іс қозғалған. Алайда олардың нақты қаншасы Украинадағы соғысқа қатысты екені көрсетілмеген.

Шымкент әкімдігі Берденовке жасалған шабуылға қатысты сұрақтарға жауап берді

Руслан Берденов
Руслан Берденов

Сәуірде оқ жарақатын алып, ауруханаға түскен Шымкент әкімі орынбасары Руслан Берденов пен оны атты деп күдікке ілінген адам арасындағы жанжал жөнінде мәлімет жоқ. Шымкент қалалық ішкі саясат басқармасы Informburo сайтына жіберген жазбаша жауабында осылай деп мәлімдеген. Хабарламада күдіктінің аты-жөні де көрсетілген – бұл Шымкент қалалық құрылыс басқармасына қарасты "Тұрғын үй Шымкент" ЖШС директоры Ернар Жиембаев.

Басылымның жазуынша, күдікті Ернар Жиембаев 21 сәуірге дейін "Тұрғын үй Шымкент" компаниясының директоры міндетін атқарған, бірақ оқиғадан кейін қызметінен босатылған.

Бұл компанияның міндетіне тұрғын үй коммуналды шаруашылықты жаңарту шараларын жүзеге асыру, оның ішінде көп қабатты тұрғын үйлерге жөндеу жұмыстарын жүргізу, лифтілерді ауыстыру да кірген.

"Аяқталған құрылыс жұмыстарының сапасын, жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкестігін, сонымен бірге бюджет қаражатының тиімді және мақсатты жұмсалуын тексеру мақсатында құрылыс басқармасы Шымкент қаласы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментіне «Тұрғын үй Шымкент» компаниясы жөндеген нысандарға тиісті аудит жүргізуді сұрап ресми хат жолдады" деп хабарлады ведомство өкілдері.

21 сәуірде Шымкентте қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке әлдебіреудің оқ атып, жараланған шенеунік қалалық ауруханаға жеткізіліп, шұғыл ота жасалған еді. 29 сәуірде денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова оның жағдайы тұрақты екенін, оның өздігінен қозғала алатындығын хабарлаған. Шенеунікті күдікті аңшы мылтығынан атқан деп айтылады. Жергілікті басылымдар осыған дейін шенеунікке жасалған қарулы шабуылға күдікті ретінде ұсталған адам әкімдікке қарасты мекемеде жұмыс істегенін жазған еді. Оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалған. Осыған дейін Жиембаевтың әкесі оқиғаға өкініш білдіріп, сот пен тергеу істің анық-қанығын анықтайды деп айтқан.

АҚШ Орталық Азия елдерінің 131 азаматын депортациялауға көмектескені үшін Өзбекстанға алғыс айтты

АҚШ ішкі қауіпсіздік министрлігі Өзбекстан, Қазақстан және Қырғызстанның жүзден астам азаматын депортациялауға көмектескені үшін Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзияевке алғыс айтты.

30 сәуірде Uzbekistan Airways әуекомпаниясына тиесілі Boeing-787 ұшағы Нью-Йорктен Ташкентке ұшқан. Орталық Азия елдерін депортациялау операциясын өзбек үкіметі толық мойнына алған.

"Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеевке 131 заңсыз иммигрантты өз еліне қайтару үшін рейс жібергені үшін алғыс айтамыз. Өзбекстанмен өзара қауіпсіздігімізді нығайту және заң үстемдігін сақтау мақсатындағы жұмыс жалғасады деп асыға күтеміз"деді АҚШ ішкі қауіпсіздік министрі Кристи Ноем

Ведомство өкілдерінің айтуынша, бұл "екі ел арасындағы қауіпсіздік саласындағы тығыз әріптестікті" айғақтап, "АҚШ одақтастары үшін стандартты" белгілейді.

Fox News хабарлауынша, Қазақстан және Қырғызстан азаматтары Өзбекстанға жеткеннен кейін өз елдеріне қайтарылмақ.

Бұған дейін Өзбекстан сыртқы істер министрлігі осы рейс арқылы жүзден астам адам елдеріне оралатынын айтқан.

"Репатриация процесі гуманитарлық-құқықтық принциптер негізінде ұйымдастырылып, азаматтарды лайықты және қауіпсіз жеткізуді қамтамасыз етуге бағытталған" деді министрлік өкілдері.

Биыл қаңтарда Fox News телеарнасы алдағы уақытта АҚШ-тан сол елде заңсыз жүрген 975 өзбек азаматы депортациялануы мүмкін екенін айтқан еді.

Бұған дейін АҚШ билігі азиялық мигранттарды Панама мен Коста-Рикаға депортациялай бастаған.

Трамп Майкл Уолтцты ұлттық қауіпсіздік кеңесшісі қызметінен босатты

Майкл Уолтц
Майкл Уолтц

АҚШ президенті Дональд Трамп Truth Social желісінде ұлттық қауіпсіздік бойынша кеңесшісі Майкл Уолтцтың бұл қызметтен кеткенін мәлімдеді. Уолтц енді АҚШ-тың БҰҰ-дағы елшісі болмақ.

Ал ұлттық қауіпсіздік бойынша кеңесші қызметін мемлекеттік хатшы Марко Рубио уақытша атқарады.

Бүгін, 1 мамырда америкалық Fox News телеарнасын, Politico және Reuters Майкл Уолтц пен оның орынбасары Алекс Уонг қызметінен кеткені жайлы жазған. Бұл - Трампың екінші президенттігіндегі алғашқы отставка.

Наурызда Уолтц қателесіп, The Atlantic басылымының бас редакторы Джеффри Голдбергті Signal желісіндегі құпия чатқа қосып жіберген. Бұл чатта Трамп әкімшілігінің өкілдері Йемендегі хуситтерге жасалатын соққыны талқылаған еді.

Осы шудан соң Демократиялық партия тарапынан Трамп әкімшілігіне сын күшейген.

Киев соғысты аяқтау үшін оккупацияланған жерлерінен бас тартуға дайын - Кит Келлог

АҚШ президенті Дональд Трамптың Украина және Ресей бойынша арнайы өкілі Кит Келлог Киев Ресеймен соғысты аяқтау үшін Вашингтонның 22 шартына келісті дейді.

Келлогтың сөзінше, Украина Ресей басып алған қазіргі жерлерін іс жүзінде оккупацияланған деп тануға дайын. Бірақ Украина Ресей оккупациялаған жерлерін заңды түрде мойындамайды.

АҚШ пен Украина бұл келісімге өткен аптада Лондондағы кездесулерде келген.

"Украиналықтар Ресей басып алған жерлерден де-факто бас тартуға дайын. Бірақ де-юре мойындамайды. Себебі Ресей ол жерлерді оккупациялап алды. Украина атыс тоқтаған жағдайда екі жақ қазіргі жерлерінде қалатынын түсінеді. Олар бұған дайын. Бізде қазір бір тарап (Украинаны меңзесе керек) бар. Енді екінші тарап керек" деді Келлог Fox News телеарнасына берген сұхбатында.

Трамптың кеңесшісі "енді бәрі орыстарға, Путинге байланысты" дейді.

2022 жылы ақпанда Ресей Украинаға соғыс ашқалы Донецк, Луганск, Херсон, Запорожье облыстарының бір бөлігін басып алған. Бұдан бөлек, 2014 жылы Украинаның Қырым түбегін аннексиялаған еді.

Одесса мен оккупацияланған Херсонға дрон шабуылдап, адамдар қаза тапқаны айтылды

Құтқарушылар қаза тапқандардың сүйегін алып шыққан сәт. Одесса. 1 мамыр 2025 жыл.
Құтқарушылар қаза тапқандардың сүйегін алып шыққан сәт. Одесса. 1 мамыр 2025 жыл.

Ресей әскері 1 мамырда Украинаның Одесса қаласына дрондармен жаппай шабуылдады. Жергілікті билік шабуылдан екі адам қаза тауып, 15 адам жараланды дейді. Қалада көп қабатты үйлер мен жер үйлер, супермаркет, мектеп мен көліктер бүлінгені айтылды.

Украина әуе күштері 1 мамыр түнде Ресей Украина аумағына «Искандер-М» бес ракетасымен және 170 дронмен шабуыл жасады дейді. Украина әскерилері 74 дронды атып түсіргенін, 68 дрон бағытынан жаңылғанын айтады. Шабуыл Харьков, Сумы, Донецк және Киев облыстарына да жасалған.

Ал Украинаның Херсон облысының Ресей оккупациялап алған бөлігіне дрондар шабуылдап, кемі жеті адам қаза тапқаны хабарланды. Херсонның Ресей тағайындаған басшысы Владимир Сальдо дрондар Алшках базарына түскенін айтады. Оның сөзінше, шабуыл жасалған сәтте базарда көп адам болған, 20-дан аса адам жараланған.

Украина да, Ресей де дрон шабуылдары жайлы ресми мәлімдеме жасаған жоқ.

Қазақстан $300 мың инвестиция салған шетелдікке "алтын виза" бермек

Қазақстан шетелдіктерге елде ықтиярхатпен тұруға мүмкіндік беретін "алтын виза" енгізеді. Визаны алу үшін шетелдік Қазақстандағы компанияға немесе құнды қағазға 300 мың доллар салуы тиіс. Бұл туралы Қазақстан сыртқы істер министрлігі хабарлады.

Инвесторлар 300 мың доллар салса, ықтиярхатты он жылға алмақ.

Қазақстандағы Forbes басылымы ел билігі инвесторлық виза беруді бірнеше жылдан бері ойластырып келеді деп жазады. Мәселен, Астана 2018 жылы 100-200 мың доллар инвестиция (мүлік немесе құнды қағаз) салған шетелдікке ықтиярхат беруді жоспарлаған еді.

2024 жылы қарашада Қазақстан кеңсеге бармай-ақ жұмыс істейтін шетелдіктерге Neo Nomad визасын беруді бастаған. Шетелдіктер бұл визамен Қазақстанда бір жыл тұра алады.

Инвестиция визасы қазір АҚШ, Еуропа елдерінде, БАӘ және Сингапурда бар. 1 шілдеден бастап осындай визаны Өзбекстан да енгізбек. Бұл елдің инвестиция визасын алу үшін шетелдік 200 мың доллар салуы тиіс және отбасының әр мүшесіне 100 мың доллары болуы тиіс.

Украина мен АҚШ пайдалы қазбалар келісіміне қол қойды

Украинаның Кировоград кен орны. 2025 жылдың ақпаны.
Украинаның Кировоград кен орны. 2025 жылдың ақпаны.

1 мамырда Вашингтон мен Киев Украинаның сирек металдарын пайдалану бойынша келісім-шартқа қол қойды. Бұл туралы АҚШ қаржы министрі Скотт Бессент хабарлады.

"Бұл келісім Ресейге Трамп әкімшілігінің бейбіт келіссөз процесіне, Украинаның ұзақ уақытты дамуы мен тәуелсіздігіне ден қоятынын көрсетеді" деді ол.

Келісімге қол қойылғанын Украина экономика министрі Юлия Свириденко да желіде растады. Оның сөзінше, АҚШ пен Украина инвестициялық қор құрады. Келісімге сай, барлық ресурстар Украинаның бақылауында қалады, ал екі ел қорды теңдей басқарады. Құжатта Украинаның қарызды қайтаруы туралы сөз жоқ.

Свириденконың жазуынша, пайдалы қазбалардан, мұнай мен газдан түскен қаржының елу пайызы қорға аударылады. Ал АҚШ қорды ақшалай немесе Украинаға әскери көмек арқылы толтырады. Қорға аударылған ақшадан АҚШ та, Украина да салық алмайды.

30 сәуірде Украина экономика министрі Юлия Свириденко келісімге қол қою үшін Вашингтонға барған еді.

АҚШ пен Украина арасындағы минералдар келісіміне Украинаның энергетикалық инфрақұрылымдары мен порттары қосылмайды. Бұған дейін АҚШ әкімшілігі Украинадан сирек металдардан бөлек порттар мен энергетикалық инфрақұрылымдарды да талап еткені айтылған.

Дональд Трамп АҚШ президенті болып сайланған соң Украинаның сирек металдарын пайдалануды талап еткен. Ол сирек металдарды АҚШ-тың Украинаға соғыс кезінде берген көмегінің қайтарымы деген.

Ақпанның соңында Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ-қа келісімге қол қоюға барғанда Трамппен сөзге келіп қалған еді. Кикілжіңнен соң құжатқа қол қойылмаған. Екі тарап ұзақ уақыт шарттармен келісе алмаған.

Украина мен АҚШ жақын сәтте сирек металдар келісіміне қол қояды

АҚШ президенті Дональд Трамп пен Украина президенті Владимир Зеленский Ватиканда кездескен сәт. 26 сәуір 2025 жыл.
АҚШ президенті Дональд Трамп пен Украина президенті Владимир Зеленский Ватиканда кездескен сәт. 26 сәуір 2025 жыл.

Украина премьер-министрі Денис Шмыгаль Киев пен Вашингтон арасында сирек металдар келісімге жақын сәтте қол қойылатынын мәлімдеді. Бұл туралы ол 30 сәуірде РБК-Украина сайтына хабарлады.

Reuters және Bloomberg агенттігі де келісімге «бүгін-ертең қол қойылатынын» жазды.
Reuters дереккөздеріне сілтеп, Украина премьерінің бірінші орынбасары Юлия Свириденко келісімге қол қою үшін АҚШ-қа аттанғанын айтады.

"Украиналық шенеуніктер келісімге қол қою АҚШ-тың Киевке қолдауын күшейтеді деп үміттенеді" дейді Reuters.

Дональд Трамп АҚШ президенті болып сайланған соң Украинаның сирек металдарын пайдалануды талап еткен. Ол сирек металдарды АҚШ-тың Украинаға соғыс кезінде берген көмегінің қайтарымы деп санайды.

Ақпанның соңында Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ-қа келісімге қол қоюға барғанда Трамппен сөзге келіп қалған еді. Кикілжіңнен соң құжатқа қол қойылмаған.

АҚШ пен Украина арасындағы минералдар келісіміне Украинаның энергетикалық инфрақұрылымдары мен порттары қосылмайды деп жазды келісімнің жобасын көрген Reuters агенттігі. Бұған дейін АҚШ әкімшілігі Украинадан сирек металдардан бөлек порттар мен энергетикалық инфрақұрылымдарды да талап еткені айтылған.

Тағы

XS
SM
MD
LG