Accessibility links

Amnesty International 2024: Адам құқығының жылдық есебі және Қазақстан


Amnesty International ұйымы 2024 жылға арналған есебінде қазақстандық журналист Думан Мұхамедкәрім "ҚДТ" қозғалысын қолдады деген айыппен түрме жазасына кесілді дейді.
Amnesty International ұйымы 2024 жылға арналған есебінде қазақстандық журналист Думан Мұхамедкәрім "ҚДТ" қозғалысын қолдады деген айыппен түрме жазасына кесілді дейді.

Халықаралық Amnesty International ұйымы "Әлемдегі адам құқығы ахуалы" дейтін жылдық есебін жариялады. Онда Қазақстан да қамтылған.

ҒАЛАМДЫҚ ДЕҢГЕЙДЕГІ КЕРІ КЕТУ

Штаб-пәтері Ұлыбританияда орналасқан Amnesty International 150 елдегі адам құқығы ахуалын зерделеп, бүкіл дүниежүзі бойынша "кері кету тренді" байқалып отырғанын айтады.

Есепте билікке қарсы келгендердің қалай жаншылғаны, қарулы қақтығыстардың апатты салдары, климаттың өзгеруіне қарсы шаралардың тиімсіздігі, мигрант, босқын, әйелдер, қыздар және ЛГБТИ топтарының құқығы ғаламдық деңгейде тапталып отырғаны сөз болған.

Құқық қорғаушы ұйым Израильдің Газадағы әскери операциясын айыптап, оған қолдау білдірген Батыс елдері екіжүзді саясат ұстанып отыр деп мәлімдеген.

Есепте сондай-ақ қарулы қақтығыс салдары ауырлап бара жатқаны, Ресейдің Украинаға шабуылынан қаза тапқан бейбіт тұрғындар алдыңғы жылдан көп болғаны, авторитар елдер билікке қарсы шыққандарды жосықсыз түрде "экстремист" не "террорист" деп айыптап жатқаны, наразылардың қатыгездікпен жаншылып жатқаны сөз болған.

ҚАЗАҚСТАН ТУРАЛЫ НЕ АЙТЫЛҒАН?

Amnesty International ұйымы есебінің Қазақстан арналған бөлігі сегіз тақырыптан тұрады: сөз еркіндігі, ұйым құру еркіндігі, бейбіт жиын өткізу еркіндігі, жазасыздық, гендерлік зорлық-зомбылық, ЛГБТИ құқығы, босқындар мен мигранттар құқығы және экологиялық құқықтар.

Сөз еркіндігі бөлімінде Қазақстандағы құқық қорғаушылар бір жыл ішінде 24 адам саяси астары бар іспен қамалғаны тіркеді деп жазылған. Олардың арасында құқық қорғаушылар, белсенділер, блогерлер және журналистер бар.

Есеп авторлары былтыр сәуірде су тасқыны кезінде билік журналистердің ақпарат алу еркіндігін шектеп, мұны сынаған оралдық журналист Рауль Упоровқа ұсақ бұзақылық жасады деп айыппұл салғанын айтады. Сондай-ақ, зерттеушілер Қазақстан билігінен аккредитация алуда қиындыққа тап болған Азаттық радиосын қолдап пікір жазған журналист, ProTenge жобасының жетекшісі Жәмила Маричеваға "жалған ақпарат таратты" деп айыппұл салынғанын да атап өткен.

Қазақстандағы жемқорлық туралы жазатын ProTenge жобасының авторы, журналист Жәмила Маричева Азаттық радиосын қолдап пікір білдіргені үшін айыппұл арқалады дейді Amnesty International.
Қазақстандағы жемқорлық туралы жазатын ProTenge жобасының авторы, журналист Жәмила Маричева Азаттық радиосын қолдап пікір білдіргені үшін айыппұл арқалады дейді Amnesty International.

Amnesty International "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын қолдады деген айыппен жазаға тартылған белсенділерге назар аударған. 2018 жылы Астана соты ҚДТ қозғалысын "экстремистік ұйым" деп таныған. Заң аясында бұл ұйымның жұмысына қатысу алты жылға дейінгі түрме жазасына әкеледі дейді авторлар.

Ұйымның жазуынша, осы айыппен ондаған адам кінәлі деп танылған, ал кейбірі "терроризм мен экстремизмді қаржыландырғандар тізіміне кіргізіліп", салдарының банк шоттары бұғатталған. Құжатта журналист әрі саяси белсенді Думан Мұхамедкәрімнің осы ұйымның жұмысына қатысты деп жеті жылға сотталғаны да сөз болған.

БЕЙБІТ ЖИЫН ТӘРТІБІН БҰЗУ

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы мамырда бейбіт жиындар туралы заңға қол қойып, бұдан былай бейбіт жиындарды өткізу үшін биліктің рұқсаты қажет емес, тек алдын ала ескерту ғана сұралады деген. Бірақ заң бойынша құзырлы органдар бейбіт жиын өткізу туралы хабарламадан соң, ол жиынды өткізуге тыйым сала салады. Құқық қорғаушылар мен белсенділер билік содан бері митинг пен пикет өткізу туралы талай өтінішті мақұлдамағанын айтқан.

Qaznews24 сатиралық паблигінің авторы Темірлан Еңсебекті қолдап, пикетке шыққан журналист Әсем Жәпішеваға полиция келген сәт. Алматы, 20 қаңтар 2025 жыл.
Qaznews24 сатиралық паблигінің авторы Темірлан Еңсебекті қолдап, пикетке шыққан журналист Әсем Жәпішеваға полиция келген сәт. Алматы, 20 қаңтар 2025 жыл.

Amnesty International осы мәселені атап өтіп, Алматы әкімдігі 8 наурыз қарсаңында әйелдер маршына рұқсат бермегенін, қазан айында атом электр станциясын салуға наразылық білдірген 12 белсендінің қамауға алынғанын жазған.

ҚАҢТАР ОҚИҒАСЫ

Құқық қорғау ұйымының сөзінше, 2022 жылғы Қаңтар оқиғасында құзырлы органдар күшті заңсыз қолданды, адамдарды азаптады, адам құқығын өрескел бұзды деген айыптарды Қазақстан билігі толық тергемеген.

Қаңтар оқиғасынан кейін азаптау және қатыгездік таныту бойынша қозғалған жүздеген істерден кейін қаңтарға дейін бар болғаны 34 адам ғана жаза тартылған, ал 50 адамға қарсы іс жалғасып жатқан, көптеген іс тоқтап қалған дейді зерттеушілер.

"Алайда кей істерде ауырлау жаза апелляция кезінде кесілді. 2023 жылғы қарашада Алматы гарнизоны әскери соты келісімшарт бойынша қызмет еткен сарбазды ақтап, наурызда апелляция бұл үкімді жойып, ол түрме жазасына кесілді. Ол 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде оқ атуға деген құзыретін асыра пайдаланып, бауырларымен дүкенге азық-түлік алуға бара жатқан төрт жасар қызды өлтірді деп айыпталған" дейді есеп авторлары Айкөркем Мелдеханның өліміне кінәлі деп танылған сарбаз Арман Жұманды меңзеп.

Қаңтар оқиғасында оққа ұшқан 4 жасар Айкөркем Меделханның өліміне байланысты "Билікті асыра пайдалану" бабымен айыпталған әскери қызметкер Арман Жұман Азаттыққа сұхбат беріп отыр.
Қаңтар оқиғасында оққа ұшқан 4 жасар Айкөркем Меделханның өліміне байланысты "Билікті асыра пайдалану" бабымен айыпталған әскери қызметкер Арман Жұман Азаттыққа сұхбат беріп отыр.

Былтыр маусымда Қазақстан жоғарғы соты бұл үкімнің де күшін жойып, істі қайта қарауға жіберген. Шілде айында Арман Жұман жеті жылға сотталды.

ГЕНДЕРЛІК ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚ

Amnesty International Қазақстан парламенті былтыр сәуірде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жазаны күшейткеніне қарамастан, әйелдер мен қыздарға қарсы кең тараған тұрмыстық зорлық-зомбылықты түбегейлі жоятын шаралар қабылданбай отыр дейді.

"Жыл бойында әйелдер мен балаларды зорлады не өлтірді деген айыппен 32 адам сотталды. 2023 жылы Бас прокуратура тұрмыстық зорлық-зомбылықтан жылына 80-ге тарта әйел қаза табатынын мәлімдеген" дейді ұйым.

Авторлар бұрынғы министр Қуандық Бишімбаевтың сотталуы тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесіне қоғам назарын аударды деп жазды.

Құжатта әйел құқығын қорғаумен айналысатын белсенді Дина Смайылова (Таңсәрі) қылмыстық қудалауға ұшырап отырғаны сөз болған. "НеМолчи" қорының жетекшісі, құқық қорғаушы 2021 жылы елден кетіп, қызметін шетелден жалғастырып келеді. Қазақстан билігі оның үстінен алты қылмыстық іс қозғаған. Оның ішінде "алаяқтық", "көрінеу жалған ақпарат тарату" және "жеке өмірге қол сұқпау құқығын бұзу" айыптары бар. Құқық қорғаушының өзі бұл айыптарды жоққа шығарып, бұл істердің саяси астары бар деп санайды.

ЛГБТИ ҚҰҚЫҒЫ

Халықаралық құқық қорғау ұйымы Қазақстанда ЛГБТИ адамдар биліктен қысым көріп отыр есептейді. Олар "ЛГБТИ пропагандасын" қылмысқа теңейтін заң қабылдауды сұраған петиция халықаралық деңгейде сынға ұшырағанын атап өткен.

"9 қазан күні билік басындағы "Аманат" партиясының мүшесі Бас прокуратурадан ЛГБТИ жөніндегі жетекші үкіметтік емес ұйым Feminita-ны "экстремистік" ұйым деп тануды сұрады. Сол күні "Ата-аналар одағының" мүшелері Feminita шарасын бүлдіруге тырысып, кеңсеге басып кіруге талпынды, қатысушыларды айқайлап балағаттады, оларды видеоға түсірді. Оқиға орнына шақыртылған полиция қызметкерлері жиынға қатысушыларды суретке түсірген, бірақ наразыларға қарсы ешқандай шара қабылдамаған" дейді.

Есепте аталған депутат – Ринат Зайытов. Ол сол жиында ЛГБТ мен Feminita қауымдарын Қазақстанның жауы деп атаған.

Feminita шарасын бүлдіру әрекет биыл ақпанда да қайталанды. Белгісіз біреулер феминистік ұйым шарасы өтіп жатыр деген қонақүйге келіп, конференц-залдың есігін сындырмақ болған.

Биыл Бурабайда өткен құрылтайда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: "Демократиялық моральдық делініп жүрген құндылықтар, оның ішінде ЛГБТ көптеген елге ондаған жыл бойы күшпен таңылып, соның желеуімен халықаралық үкіметтік емес ұйымдар мен қорлар арқылы мемлекеттердің ішкі ісіне ашық араласу белең алды. Оның түпкі мақсаты бар болғаны ұрлық, яғни сан миллиардтық бюджетті қалтаға басу екен" деп мәлімдеп жергілікті және халықаралық құқық қорғау ұйымдарын алаңдатып қойды.

БОСҚЫНДАР ҚҰҚЫҒЫ ЖӘНЕ ЭКОЛОГИЯ

Құқық қорғаушылар Өзбекстанның автономиялық аумағы – Қарақалпақстанның Қазақстанда тұратын белсенділері қылмыстық қудалауға ұшырағанын да өз есебінде баяндаған. Құжатта Өзбекстан талабымен Ақылбек Мұратбай, Расул Жұманиязов және Ринат Өтембаев қамауға алынғаны, Ташкент Астанадан бұл белсенділерді экстрадициялауды сұрағаны жазылған. Amnesty International қарақалпақ белсенділерінің үстінен қозғалған істердің саяси астары бар деп санайды.

Есепте Қазақстан ауаға шығарылған парникті газ жөнінде ашықтық танытпай отырғаны, көмір жағуды алмастыру жөнінде әрекет жоспарын ұсынбай отырғаны айтылады. Авторлар Қазақстан Климаттың өзгеруі саласындағы индексте "өте нашар" деп бағаланып отырғанын атап өткен. Құқық қорғаушылар былтыр елде болған жаппай су тасқынын осы климаттық өзгерістермен байланыстырады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG