Accessibility links

"Ұлы Отан соғысы" ма, "екінші дүниежүзілік соғыс" па? Қазақстандық тарихшының көзқарасы


Алматыдағы 28 панфиловшы жауынгер саябағындағы мәңгілік алауға гүл қойып жатқан жұрт. Азаттық архивіндегі фото.
Алматыдағы 28 панфиловшы жауынгер саябағындағы мәңгілік алауға гүл қойып жатқан жұрт. Азаттық архивіндегі фото.

Екінші дүниежүзілік соғыста гитлерлік Германияның күйрегеніне биыл 80 жыл толып отыр. Тарихтағы ең ірі әрі ауыр соғыс жайлы әртүрлі көзқарас бар. Қазақстанда "Ұлы Отан соғысы" терминін әлі де жиі қолданады. Бұл атау Отан қорғау, батырлық, жеңіс сияқты ұғымдармен тығыз байланысты. Алайда жаңа буын мен кейбір тарихшылар "Екінші дүниежүзілік соғыс" атауын неғұрлым ауқымды әрі бейтарап деп есептейді.

Постсоветтік елдерден Ресейде бұл термин идеологиялық мәнге ие, ал Балтық елдері мен Украинада керісінше, бұл атауға қарсы сын бар. Қазақстандық тарихшы Гүлжауһар Көкебаевамен осы жайлы сұхбат құрдық.

Қошанов сөзі, Путин мәлімдемесі, атқора дауы - AzatNEWS l 30.04.2025
please wait

No media source currently available

0:00 0:37:19 0:00

– Бұл мәселе бүгін көтерілгендей болып жатыр, бұл баяғыдан айтылып жүр. Басқа оқулықтарда "Ұлы Отан соғысы" деп жүрген болар, бірақ "Әлем тарихы" оқулығында ол "Екінші дүниежүзілік соғыс" деп беріледі, өйткені ол жерде шетелдер тарихын оқимыз.

Тарихшы Гүлжаухар Көкебаева
Тарихшы Гүлжаухар Көкебаева

"Екінші дүниежүзілік соғысты солай атауымыз керек, себебі бүкіл жер жүзі әлемдік тарихнамада оны солай атайды" деген ұсынысты тарихшылар сол 2003-2004 жылдары-ақ ұсынған. Одан кейін мен "Айқын" газетіне сұхбат беріп, осы мәселені тағы да көтергенмін.

Біз оны "Екінші дүниежүзілік соғыс" демей, "Ұлы Отан соғысы" десек, соғысқа қатысқан аталарымызға қиянат болады. Олардың арасында мысалы финн соғысына қатысып, қаза тапқан, тұтқынға түскен, жараланғандар бар емес пе? Оларды бөліп тастағандай болмаймыз ба?

Екінші жағынан бүкіл дүние жүзі Германия Польшаға шабуыл бастаған 1939 жылдың 1 қыркүйегінен Жапония тізе бүккен 1945 жылғы 2 қыркүйекке дейінгі аралықты "Екінші дүниежүзілік соғыс" деп атап отырса, біз [Совет одағына шабуылды] бөліп алып, "Ұлы Отан соғысы" деп отырсақ, бұл тарихқа қиянат болады.

Сондықтан оны "Екінші дүниежүзілік соғыс" деп атауымыз керек. Оны айтып жүргеніме жиырма шақты жыл болды.

– Өзіңізге белгілі, Совет одағы жылдары осы соғысқа қатысты "бейбіт жатқан Совет еліне фашистер басып кірді" деген пиғылдағы біржақты пропаганда жүрді. Бірақ СССР ыдыраған соң, соғыс 1941 жылы емес, 1939 жылы басталып кеткені, оған Совет одағының да қатысы бары айтыла бастады. Қазақстан мектептерінде осы көзқарас қаншалықты кең оқытылып жатыр?

– "Әлем тарихы" пәнінде қазіргі заман тарихын өткен кезде 1939 жылғы 23 тамыздағы совет-герман пактісі (Совет одағы мен Германия арасындағы шабуыл жасамау туралы келісім – ред.), одан кейінгі оқиғалар, Польшаға шабуыл, совет-финн соғысы – мұның барлығы бұрыннан айтылып жүрген нәрсе.

Мүмкін "Қазақстан тарихы" оқулығына бұл кірмей қалған шығар, себебі онда Қазақстанның соғысқа қатысуы туралы айтылады ғой. Әлем тарихы оқу бағдарламаларында ол бұрыннан бар.

– Соғыс тек ерліктерден тұрмайды, онда зорлық-зомбылық та, қасірет те болады, әскери қылмыстар да жасалады. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде совет армиясының да осындай қылмыстардан ары таза болды деуге келмейді. Соғыстың осы көлеңкелі тұстары қазір Қазақстанда қалай зерттеледі?

– Екінші дүниежүзілік соғысты зерттейтіндер өте аз. Болса да көбі қанша адам соғысқа қатысты, қаншасы батыр атағын алды, қаншасы қайтып оралды не қаза тапты деген сияқты статистиканы зерттеп кеткен. Арасында елеусіз қалған батырларды зерттеп жүргендер де бар.

Оның үстіне зерттеудің көбі Қазақстанның ішінде қалған. Ал жалпы соғыс деңгейінде қарап, оның халықаралық қатынастардағы сипатын талдау аз. Халықаралық қатынас мамандары, тарихшылар сол жағынан аз да болса зерттеп жүр.

– Тәуелсіз Қазақстан тарихшылары Ресей тарихшыларының көзқарасынан алшақтап, қаншалық тәуелсіз, бейтарап зерттеп жүргізе алды?

– Тарихшылардың өз ішінде де пікір әртүрлі. Кей тарихшылар әлі де советтік тұғырнамадан кеткен жоқ. Тіл білетін кейбіреулер шетелдік архивтерде жұмыс істеп, шетелдік деректерді оқып, өзінше көзқарас қалыптастырады.

Конференциялар болғанда бізде көп пікірталас болады, себебі қатып қалған пікір жоқ. Ол адамның қолына қандай дерек түскеніне байланысты. Тек қазақша, орысша оқитындар, не ағылшын, неміс, француз тілдерінде оқитындар бар. Сондықтан мұнда әр маманның өз көзқарасы бар.

Жалпы қазақстандық көзқарас бар ма деген сұрақ ғылымнан гөрі саяси мәселеге көбірек келеді. Ғылымда бәрі бір ұстаныммен келіседі деген қатып қалған көзқарас болмайды, ғалымдар арасында үнемі айтыс жүріп жатады.

– Ресейдің қазіргі билігі бұрынғы одақтас елдермен ортақ тарих туралы көп айтады және ең маңызды тақырып ретінде осы соғысты алға тартады. Кремль үшін бұл жай ғана тарих емес, саяси құрал екенін көріп отырмыз. Осы ретте Қазақстан тарихшылары бұл тақырыпты қаншалық тәуелсіз зерттей алады?

– Ресеймен тарихымыз ортақ екені рас, себебі 70 жыл одақтың, одан бұрын қаншама жыл Ресей империясының құрамында болдық. Ортақ тұстар бар, оны жоққа шығара алмаймыз. Ал соғысқа келер болсақ, ол да ортақ тарих, себебі бір армия соғысты.

Совет армиясы көпұлтты болды, оның құрамында қазақтар да болды. Жастар арасында "бұл біздің соғысымыз емес" деген әңгіме болып жатады, бұл дұрыс емес. Ол – біздің ортақ мәселеміз, ортақ соғыс.

Ал алшақтық соғысқа берілетін бағаға байланысты.

Соғыс кезіндегі тұғырнамаға, ерлікке қатысты баға әртүрлі болуы мүмкін. Мұндай алшақтық болғаны да дұрыс. Біз кейде конференцияларда өз еліміздің де, басқа елдердің де тарихшыларымен айтысып қаламыз. Ол заңды да, себебі әр тарихшы өзі оқыған әдебиет, тапқан деректерге сүйенеді.

Тәжірибесі бар, білімі бар тарихшылар біреудің айтқанына емес, өз деректеріне сүйенеді. Ал дерек деген де әртүрлі, әркімнің қолына әртүрлі дерек түседі. Сондықтан қатып қалған көзқарас бар деп ойламаймын. Қанша ғалым болса, сонша көзқарас бар.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG