Accessibility links

Қазақстанда "баспасөз еркіндігі" нашарлаған


Ақордада Назарбаевтың қатысуымен өтетін брифингті күтіп отырған журналистер.
Ақордада Назарбаевтың қатысуымен өтетін брифингті күтіп отырған журналистер.

"Шекарасыз тілшілер" (Reporters Without Borders) халықаралық ұйымы есебінше, әлемдегі сөз бостандығы мен баспасөз еркіндігінің жағдайы нашарлай түскен.

Штаб пәтері Парижде орналасқан "Шекарасыз тілшілер" (Reporters Without Borders, RWB) сәуірдің 25-і күні "Баспасөз еркіндігі индексін" жариялады. Рейтингке 180 ел енген.

Индекстегі есеп нөл ұпайдан басталады. Ұпай төмен болған сайын "баспасөз еркіндігі" жақсы, ал ұпай көп болғаны "баспасөз еркіндігі төмен" дегенді білдіреді.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЖАҒДАЙ

Қазақстан "баспасөз еркіндігі рейтингінде" 54,41 ұпаймен 158-орында тұр. Өткен жылмен салыстырғанда бұл ел бір сатыға төмендеген.

"Елдегі репрессия спиралі төмендеген жоқ. Қазақстанды отыз жылға жуық үздіксіз басқарып отырған Нұрсұлтан Назарбаевтың ізбасары туралы айтылмайды. Ал Назарбаев билікті өз қолына алып, оны сақтап қалу үшін қысымды күшейтті" деп жазады ұйым.

Оқи отырыңыз: Freedom House есебі: Қазақстан – "еркін емес" мемлекет

Зерттеу авторларының айтуынша, Қазақстандағы негізгі оппозициялық газеттер 2012 жылы жабылды. Қалғандары көптеген айыппұлдардан кейін жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған. "Шекарасыз тілшілер" ұйымы Қазақстанда 2017 жылы БАҚ туралы заңға өзгертулер енгізілгенін, бұл заң журналистердің жұмысын қиындата түскенін жазады.

"Журналистер көп қудалауға ұшырайды. Қазір ел билігі интернетті бақылауға алған. Елде сайттар, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер көп бұғатталады" деп жазылған зерттеудің Қазақстан туралы бөлігінде.

"АВТОРИТАРЛЫ ЕЛДЕРДЕ МЕДИА-ФОБИЯ БАСЫЛМАЙ ТҰР"

"Түркия (157-орын) және Египет (161) сияқты авторитарлы елдерде журналистерге өшпенділік күшейді. Бұл елдерде "медиа-фобия" күшейгені соншалықты журналистерді терроризм бабымен соттау үйреншікті іске айналды. Ал демократиялы жолдармен сайланған президенттер БАҚ-ты демократияның негізі санайды және олармен жұмыс істеуге дайын" деп жазады Reporters Without Borders.

Биылғы рейтингте АҚШ екі саты төмендеп, 45-орында тұр. Ұйым Дональд Трамптың журналистерге айтқан сындарын атап өткен. RWB есебінде Дональд Трамптың "журналистер халық жауы" (бұл сөзді өз уақытында Сталин де қолданған) деген сөзі көрсетілген.

RWB индексінде алғашқы орындарда Норвегия мен Швеция, соңғы орында Солтүстік Корея тұр. Ұйым "баспасөз еркіндігі индексінде" "қара елдердің" (сөз бостандығы өте нашар) көбейгеніне алаңдайды.

"Шекарасыз тілшілер" ұйымының әлемдегі сөз бостандығы ахуалын зерттеу картасы. 25 сәуір 2018 жыл.
"Шекарасыз тілшілер" ұйымының әлемдегі сөз бостандығы ахуалын зерттеу картасы. 25 сәуір 2018 жыл.

Биылғы индексте постсоветтік елдерден Грузия 61-орында, Армения 80-орында, Молдова 81-орында, Украина 101-орында, Ресей 149-орында, Тәжікстан 149-орында, Беларусь 155-орында, Әзербайжан 163-орында, Өзбекстан 165-орында, Түркіменстан 178-орында тұр. Қырғызстан былтырғымен салыстырғанда тоғыз орын төмендеп, 98-орынға түскен.


Ұйым Путин басқаратын Ресей медианы насихат құралы ретінде пайдаланып жатқанын көрсеткен. "Шекарасыз тілшілер" Си Цзиньпин басқаратын Қытайда (176-орын) медиа биліктің қатаң бақылауында екенін, бұл модельді Азияның басқа елдері де қолдана бастағанын жазады.

"Шекарасыз тілшілер" ұйымы зерттеушілерінің айтуынша, постсоветтік елдер мен Түркияда сөз бостандығы нашарлаған. Бұл аймақтағы сөз бостандығының деңгейі Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкадағы жағдаймен теңескен.

XS
SM
MD
LG