Accessibility links

Жабылған «Трибуна»


2014 жылы "Трибуна" газеті жабылды, бірақ аты сәл өзгеріп қайта шыққан еді. Енді сол атауы өзгерген газет те жабылды.
2014 жылы "Трибуна" газеті жабылды, бірақ аты сәл өзгеріп қайта шыққан еді. Енді сол атауы өзгерген газет те жабылды.

Оппозициялық «Саяси қалам. Трибуна» газетінің иесі кәсіпорнын жауып тастағандықтан, енді басылым шыға алмайтын болды. Газет жақтастары оны жабудың себебін саяси тапсырыспен байланыстырады. Басылыммен соттасқан әскери зейнеткер басылымның жабылғанын дұрыс деп санайды.

Оппозициялық «Саяси қалам. Трибуна» газетінің («Трибуна» брендімен шығып жүрген) қожайыны - «Қалам» ЖК өз кәсіпорнын жауып тастады. Оның бұрынғы редакторы Инга Иманбайдың айтуынша, бұл газетті заңды негізде шығу құқығынан айырады. Бірақ «Саяси қалам. Трибуна» газеті шығу құқығынан айырылмай тұрып шықпай қалған. Газеттің соңғы саны ақпанның ортасында - әдетте өзін басылымның бас редакторының орынбасары ретінде көрсеткенімен, іс жүзіндегі басшысы болған журналист Жанболат Мамайдың қамалуына байланысты арнайы шығарылым түрінде жарияланған болатын.

Оппозициялық «Саяси қалам. Трибуна» газетінің бас редакторының орынбасары Жанболат Мамайдың сот залынан түсірілген суреті. Алматы, 11 ақпан 2017 жыл.
Оппозициялық «Саяси қалам. Трибуна» газетінің бас редакторының орынбасары Жанболат Мамайдың сот залынан түсірілген суреті. Алматы, 11 ақпан 2017 жыл.

Инга Иманбай Азаттыққа газеттің шықпай қалу себебін «Жанболат Мамай қамалғаннан кейін газет қожайынына күшті қысым жасалды, бірақ оның аты-жөнін атамауды өтінемін» деп түсіндірді. Инга Иманбайдың айтуынша, газеттің қожайыны - газеттің жабылуы мен Мамайдың ісіне байланысты БАҚ беттерінде «көрінуді» қаламайтын мүлде белгісіз әрі жұрт танымайтын, журналистика мен саясатқа қатысы жоқ адам.

«Неліктен газет қожайыны БАҚ саласына қатысы жоқ адам болған?» деген сұраққа Инга Иманбай «Жанболат Мамай екеуіміз газетті өз атымызға тіркете алмайтын болдық, сондықтан билік оппозиционер деп те, өзгеше ойлайтын адам деп те күдіктенбейтін кісіні шеттен іздеуге тура келді» деп түсіндіреді.

Инга Иманбайдың айтуынша, 2014 жылы әскери зейнеткер Көпесбай Жәмпейісов оппозициялық «Саясат алаңы. Трибуна» газетін сотқа бергеннен кейін оның қожайыны «Алаң жұрт» ЖК-ін жауып әрі газетті шығаруды тоқтатуға мәжбүр болып, «Қалам» ЖК-ін ашуына тура келген. Оның өзінше, ертеректе «Алаң жұрт» ЖК-ін жапқаннан кейін оның атына тіркелген әрі «Трибуна» брендімен шығып жүрген оппозициялық «Ашық алаң» газетін де шығару мүмкін болмай қалған.

Журналист Инга Иманбай.
Журналист Инга Иманбай.

Инга Иманбайдың айтуынша, «Трибуна» деген ортақ брендпен жоғарыда аталған газеттер тіркелген аталған екі ЖК қожайындары - екі бөлек адам әрі екеуі де аты-жөндерін атамауды сұраған.

ОППОЗИЦИЯЛЫҚ БАСЫЛЫМДАРДЫҢ АМАН ҚАЛУ АМАЛДАРЫ

Журналист әрі баспасөзді қорғаушы Розлана Таукинаның айтуынша, оппозициялық газеттерді саясат пен публицистика саласына ешқандай қатысы жоқ меншік иелерінің атына тіркеуде тұрған ештеңе жоқ немесе бұл заңға қайшы емес, бұл - аман қалу үшін оппозициялық және тәуелсіз БАҚ жиі жүгінетін амал. Ол мұндай БАҚ-тардың тіркелуі мен ары қарай тіршілік етуі қандай қиын екенін өз тәжірибесінен жақсы біледі, өйткені бірнеше жыл бұрын өзі басқарған, бірақ иесі болмаған екі оппозициялық газетті жауып тастаған. Қазір де оның және ол басқаратын Rezonans.kz сайты үстінен Алматы аудандарының бірінің әкімі орынбасары азаматтық талап-арыз берген. Бірақ әлгі сайт иесі - Таукинаның өзі басқаратын кәсіпорын.

Журналист әрі баспасөзді қорғаушы Розлана Таукина. 2014 жыл.
Журналист әрі баспасөзді қорғаушы Розлана Таукина. 2014 жыл.

Таукинаның айтуынша, оппозициялық басылымдар тіршілік етуі үшін бірнеше газетті бір адамның атына тіркетуге тура келетін кездер жиі болады. Оның сөзінше, мұның көрнекі мысалы - Қазақстан билігі «бірыңғай БАҚ - Республика» деп атаған басылымдарға қатысты жағдай. Әлгі «бірыңғай БАҚ-қа» 2012 жылы жабылған 30 шақты оппозициялық басылым енген болатын. Тізімдегі соңғы газет «Ассанди-Таймс» 2014 жылдың аяғында жабылған.

Оппозициялық басылымдар тіршілік етуі үшін бірнеше газетті бір адамның атына тіркетуге тура келетін кездер жиі болады.
Розлана Таукина

Розлана Таукина «Республика» мен «Трибуна» брендтерімен шыққан оппозициялық газеттерді «салмақ категориясы» да, аудиториясы да екі бөлек болған деп салыстырады. Бірақ оның сөзінше, екеуіне ортақ нәрсе – билікшіл БАҚ хабарламайтын яки билікке қолайлы позиция тұрғысынан түсіндіретін оқиғалар жайлы қоғамға ақпараттар тарататын.

- «Республиканы» жапқаннан кейін эстафетаны «Трибуна» іліп әкетті, - дейді Розлана Таукина.

Оның сөзінше, «Саяси қалам. Трибуна» газеті, әсіресе жер реформасын талқылау кезінде, «ұжымдық үгіт-насихатшы ғана емес, ұжымдық ұйымдастырушыға» да айналды. Розлана Таукина билік «Саяси қалам. Трибуна» газетіне мұндай оппозициялық танымалдылықты кешіре алмады, сондықтан оның тағдыры алдын ала шешіліп қойған болатын дейді.

Заңгер Сергей Уткин. Астана, 28 қараша 2013 жыл.
Заңгер Сергей Уткин. Астана, 28 қараша 2013 жыл.

Сот процестерінде оппозициялық және тәуелсіз басылымдарды қорғаумен танылған заңгер Сергей Уткин «оларды саяси астары бар сот шешімдері арқылы жауып тастады, өйткені соттар қорғаушы тараптың дәйекті уәждерін елемей, оппозициялық газеттерге негізсіз айып таққандардың ығына жығылды» дейді. Уткиннің сөзінше, 2014 жылы сотта ол қорғаған «Саясат алаңы. Трибуна» газеті де сондай жағдайға ұшыраған.

ГАЗЕТТІҢ РЕДАКЦИЯЛЫҚ ПОЗИЦИЯСЫ ТУРАЛЫ КӨЗҚАРАСТАР

Азаттықтың «Трибуна» брендімен шығатын тағы бір оппозициялық газет – «Саяси қаламның» 2017 жылы жабылып қалғанына қалай қарайсыз?» деген сұрағына 2014 жылы оппозициялық «Саясат алаңы. Трибуна» газетімен соттасқан әскери зейнеткер Көпесбай Жәмпейісов «әлгі газеттердің басшылары Жанболат Мамай мен Инга Иманбай көбінесе жартылай шындықты, ал кейде тіпті көрінеу өтірік дүниелерді жариялады» дейді. Оның сөзінше, «Саясат алаңы. Трибуна» газеті ол жайлы өтірік жазғандықтан, газетке қатысты талап-арыз беруіне тура келген әрі сотта жеңген.

Жәмпейісовтің сөзінше, сот оның пайдасына өндіруге кескен, бірақ бір бөлігін оған әлі күнге дейін төлемеген екі миллион теңге (шамамен 6,5 миллион доллар) ол үшін маңызды емес, ал қозғатқан ісінің саяси астары жоқ. «Саясат алаңы. Трибуна» газеті әлгі айыппұлды төлеуге редакцияның шамасы жетпейді деп санап, 2014 жылы жабылып қалған болатын.

Көпесбай Жәмпейісовтің айтуынша, кей шенеуніктердің жұмысындағы кемшіліктер оның өзіне де ұнамайды, бірақ «Саяси қалам» газетінің жалпы редакциялық саясатын да құптамайды.

Көпесбай Жәмпейісовтің айтуынша, кей шенеуніктердің жұмысындағы кемшіліктер оның өзіне де ұнамайды, бірақ «Саяси қалам» газетінің жалпы редакциялық саясатын да құптамайды.

- Ал бүкіл билікті қаралаудың керегі не? Қазақстанның саяси жүйесіне көңілім толады. Маған заңдарымыз да ұнайды. Президент пен оның көрегендігі ұнайды. Ал газет мені қазіргі билік жүйесіне деген көзқарасы өзгеше адам сияқты етіп көрсетуге тырысты, - дейді Көпесбай Жәмпейісов.

Журналист әрі саясаттанушы, «Саяси қалам. Трибуна» газеті авторларының бірі Толғанай Үмбетәлиеваның Азаттыққа айтуынша, басылым редакциясы тарапынан ешқандай цензура немесе өзге де әлдебір шектеулер болмаған, оның оқиғалар жайлы өз көзқарасы тұрғысынан хабар тарату еркіндігін ешкім шектемеген. Ал газеттің редакциялық позициясына қатысты «ол - ұлтшыл-патриоттық мазмұндағы, оппозициялық басылым, ал «Республика» газеті көбінесе қоғамның либералдық тобына арналған басылым болатын» дейді.

Саясаттанушы Толғанай Үмбетәлиеваның Азаттық студиясында түсірілген суреті. 23 мамыр 2016 жыл.
Саясаттанушы Толғанай Үмбетәлиеваның Азаттық студиясында түсірілген суреті. 23 мамыр 2016 жыл.

Оппозициялық басылым журналистерінде толық шығармашылық еркіндік болған деген пікірді «Саяси қалам. Трибуна» газетінің тағы бір авторы – журналист әрі құқық қорғаушы Сергей Дуванов қостайды. Оның сөзінше, оппозициялық басылымда жұмыс істеу әлдеқайда ыңғайлы, «өйткені ойыңдағының бәрін жариялауға рұқсат етеді». Ең бастысы, стратегиялық тұрғыдан бұл газет – оппозициялық басылым.

Сергей Дуванов қазір түрлі оппозициялық басылымдар арасындағы тактикалық айырмашылықтарды зерттейтін «мезгіл» емес, өйткені олар өмір мен өлім арасында жанталасып жатыр дейді

Журналист Сергей Дуванов. Алматы, 13 қазан 2016 жыл.
Журналист Сергей Дуванов. Алматы, 13 қазан 2016 жыл.

Жуырда жабылып қалған «Саяси қалам. Трибуна» газеті басшыларының бірі Инга Иманбай Азаттыққа «газеттің жабылуы - басылымның қоғамдық сананы демократияландыруға сіңірген еңбегін биліктің амалсыздан мойындауы деп білемін» дейді.

Мамырдың 31-інде Қазақстанда саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні президент Нұрсұлтан Назарбаев "Қазақстанда саяси қуғын-сүргін жоқ, бұл тұрғыдағы тұтқындар жоқ" деп мәлімдеген болатын.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG