Accessibility links

"Ақшаң болса Ким Чен Ынды да сатып алуға болады"


Джун Хо
Джун Хо

Чжун Хо Солтүстік Кореядан алғаш рет 13 жасында қашпақ болған. Бірақ ол қашып бара жатқан жерінен ұсталып, концлагерьге қайта оралған. Солтүстік Кореяға қайта оралғандағы өмірі қалай болды? Оның екінші рет қашу жоспары жүзеге асты ма? Чжун Хо «Настоящее время» сайтына берген сұхбаты.

Чжун Хо екінші рет қашқан кезде Шанхайдан Оңтүстік Кореяга өтіп, ресми түрде «босқын» статусын алған. Бұл елде Чжун Хо «Солтүстік Корея босқындарын оқыту» орталығында (Teaching North Korean Refugees) ағылшын тілін үйренеді. Кейін жекеменшік мектепте оқиды. Одан кейін Сеул унаверситетіне түскен. Босқын мәртебесін алған соң оқу ақысын Оңтүстік Корея үкіметі төлейді.

Солтүстік Корея мен Оңтүстік Корея арасындағы шекара.
Солтүстік Корея мен Оңтүстік Корея арасындағы шекара.

26 жастағы Чжун Хо оқуымен қатар, саясаттану кафедрасында жұмыс істеп жүр. Түрлі бағдарлама аясында тәжірибе алмасу үшін әлемнің бірнеше еліне барған. Оның айтуынша, көбінесе Солтүстік Кореядан Оңтүстік Кореяға қашып барғандарға метариалдық жағынан да, әлеуметтік жағынан да аяққа тұру қиын.

«Настоящее время» сайты Чжун Хомен сұхбат кезіндегі әңгімесін қаз қалпында ұсынады.

ТУҒАН ЖЕР ТУРАЛЫ ЕСТЕЛІК

1990 жылдары ашаршылықтан миллиондай адам өлді. Мен пойыз вагондарынан өлі адамдардың денесін көп көрдім. Ол кезде кішкентай болған соң не болып жатқанын түсінбедім. Айналамда адамдардың өліп жатқанын қалыпты жағдай ретінде қабылдадым. Әкем де, анам да не болып жатқанын маған айтқан емес.

Ата-анам коммунистік партияның мүшесі болды. Солтүстік Кореяда мұндай отбасылар кедей тұратын, мүлдем қаржымыз болмайтын. Ал бай адамдар партияға мүше болмайтын еді. Менің есімде, түскі асқа біз жүгері жейтінбіз. Ал басқа үйдегілер күріш пісіріп жататын.

Солтүстік Кореяда саудагерлер көп, бірақ бәрі заңсыз жұмыс істейді. Олар тауарларын үйлерінде сақтайтын. Сату үшін полицияға пара беретін.

Егер сіздің қаржыңыз не алтыныныз болса Солтүстік Корея президенті Ким Чен Ынды да сатып ала аласыз. Ол жақта заңмен емес, бәрі ақшамен шешіледі. Бізде ақша да, билік те болмады. Жағдайымыз қиын еді.

ҚАШУ

Бұл менің идеям емес еді. Анам Қытай мен Солтүстік Корея шекарасынан бірнеше рет өткен. Екі елде де полицияның қолына түсті. Бірақ оған жақсы адамдар жолықты. Ол Қытайға атамнан ақша алып келу үшін баратын. Ол кезде көп адам аш еді. Сондықтан үкімет қашпақ болғандарды қатты жазалаған жоқ. 2004 жылы анам әйтеуір Солтүстік Кореядан біржола кетті. Ол менің де қашқанымды қалап, құжат жасайтындарға, полицейлерге ақша берді. Осылайша мен де қашып шықтым. 13 жастағы мен шекарадан өтіп жатқанымды түсінбеппін.

Ең алдымен, мені таңқалдырғаны – көшедегі жарық. Солтүстік Кореяда осыншама жарқыраған көшелерді көрмеппін. Өйткені мен туған қалада электр жарығы деген мүлдем жоқ. Тамақ ішкенде де, сабақ оқығанда да біз тек май шамның жарығымен отыратынбыз.

Мені таңқалдырған тағы бір жайт – тамақ. Солтүстік Кореяда тойып ас ішкен емеспін. Қытайға келгенде бір тауықтың етін түгел өзім жеп тауыстым. Сол кездегі сатушының түрі есімде. Ол «қалай он үш жастағы бала осынша етті жалғыз жеді» деп таңқалған.

2005 жылы желтоқсанның басында Пекиндегі пәтерлердің бірінде мені және 30 жуық босқынды полиция ұстады. Бізді бөлімшеге апарып, Солтүстік Кореядан өз еркімізбен қаштық па, жоқ па деп тергеуге алды.

Маған Солтүстік Корея туының суретін салдырды. Мен қазір ойлаймын: сол кезде мен қытаймын деп алдасам не болар еді. Ертесіне Солтүстік Кореядан келген полицейлер кері елге алып кетті.

КОНЦЛАГЕРЬ

Мен бірнеше ай концлагерьде болдым. Ересектер бірнеше жылға қамалады. Мен бар болғаны он үште болдым. Сондықтан болар, маған көп сұрақ қоймайтын, көп ұрмайтын. Ал үлкендерді қаттырақ сабайтын. Он сегіз жастан асқандарға абақтыдан кіріп-шығуға болатын. Ал менде ондай мүмкіндік болмады. Тұтқында отырғанда мен үшін ең қиын болғаны - тамақ. Маған Солтүстік Кореяның мысығы да, иті де жемейтін аз ғана күріш беретін.

Өз қалама қайтқанда мектепке бара алмадым. Солтүстік Кореяда «елін сатқан оқушылардың» ата-аналары, мектептегі мұғалімі, басшысы жазаланады. Үкімет оларды «жасөспірімді заңды бұзуға дейін жеткізген» деп кінәлайды.

Қалай жазалайды? Мен оларды ұрып-соқты деп ойламаймын. Мысалы, олардың бірі Коммунистік партияның мүшесі болса билетін қайтарады. Ал басқалары жұмыстан шығулары керек. Сол кезде әкем метеорологиялық компанияда он жылдан бері істейтін.

СӘТСІЗ ҚАШУДАН КЕЙІНГІ ӨМІР

Жарты жыл бойы мен арнайы қызмет өкілдеріне барып, күнімнің қалай өткенін жазып, есеп беріп жүрдім. Менің әкем мен әпкем полицияға пара ретінде велосипед пен теледидар берді. Осыдан кейін мен есеп бермейтін болдым.

Мен туған қалада жалғыз балабақша мен мектеп бар еді. Сондықтан барлық баланы танитынмын. Олар менен Қытай туралы сұрайтын. Әңгімеміз тұрғындар арасында таралып, полицияға да жетті. Сол түні олар әкеме келіп «балаңнан көз жазба» деп ескертіп кетті. Бұл жағдайдан кейін де қайталанған соң, маған көргендерім туралы мүлдем айтуға болмайтынын түсіндім. Қамаудан шығарда да мен «ешкімге ешнәрсе айтпаймын» деп құжатқа қол қойдым.

Джун Хео
Джун Хео

Қытайдан қайтқан соң бұрын ешнәрсе білмегенімді түсіндім. Сол кезде мен 13 жаста болсам да, «Ким Чен Ын мен Солтүстік Кореяның теңдесі жоқ» екенін көп естідім.

Қытайда болған жеті күн ішінде бейтаныс көрініске тап болдым: қаптаған көлік - кептеліс, биік ғимараттар. Пекиннің қандай үлкен қала екенін білесіз бе?! Ол жақтағы адамдар да әртүрлі киінеді. Мұндайды көрген емеспін.

Мен түс я кино көргендей болдым. Үкіметтің айтқандарының өтірік екенін түсініп, ашуландым. Мен бірінші рет қашқанға дейін оларға сендім. Президент Кимді, шынымен де, сыйладым.

Атам Қытайда генерал болған. Корей соғысы кезінде Солтүстік Кореяға келіп, қалып қойған. Бірақ 1992 жылы мен туғанда ол қайтыс болды. Солтүстік Кореяда генералдарды сыйлайды. Атамның үш не төрт жұлдызы бар әскери адам болғанын мақтанып айтатынмын. Әкем метеорологиялық қызметкер ретінде жұмыс істейді. 20 жылдан аса уақыт жұмыс істегені үшін мақтан тұттым. Мен де әкем сияқты болуды армандайтынмын. Ата-анам коммунистік партия мүшесі болды. Біздің аймақта көп адам партияда болмады. Солтүстік Корея үшін мұның мәні басым еді.

ЕКІНШІ РЕТ ҚАШУ

2008 жылы мен Солтүстік Кореядан біржолата кетуге бел будым.Тағы қашсам әкем мен ұстаздарыма кесірі тие ма деп қорықтым. Мен ұзақ ойландым да «кетемін» деп шешім қабылдадым. Менде тек анамның телефон нөмері бар еді.

Мен ол кезде 17 жастамын. Мені әскерге алмады. Өйткені «білімім туралы» құжатым жоқ. Ол үшін менің мектепке баруым керек еді. Елден қашуға тырысқаным үшін ондай мүмкіндігім болмады. Мен болашағымды, Қытайдағы анам мен еркін өмірді ойладым.

Қашуға көмек беретін адамға хабарластым. Менің кететінімді сол кісі ғана білді. Белгіленген уақытта келісілген станцияға барып, көлікке отыратын болдым.

Анама телефон соғып, дауысымды өзгертіп сөйлестім. Ол менен тегімді, денемдегі дақтарды сұрай келе мен екенімді түсінді. Бірнеше күннен соң тағы бір қашқынмен бірге пара беріп, шекарадан өттік. Оған үш-ақ минут уақытымыз кетті. Ол кездегі көңіл-күйімді білмеймін. Бар арманым елден кету болды.

Қытайда үш жыл тұрдым. Бізде шекарадан өтіп кетсек те ұсталып қаламыз ба деген күдік болды. 2011 жылы Оңтүстік Кореяға көшіп кеттім.

БОЛАШАҚҚА ЖОСПАР

Шынымды айтсам, қашқанда тек өзімді ойлаппын. Қазір әкем мен басқа туыстарымның мен үшін зардап шеккеніне қатты өкінемін. Кейінірек мен оларға хабарласқым келді. Бірақ бұл өте қауіпті еді. Әкем қанша жазаланса да Солтүстік Кореяның үкіметіне сенеді. Менің елден кетуіме қарсы болған еді.

Қазір екі Корея біріксе, мен өзімнің туған жеріме барып, достарыма, жерлестеріме «демократияның не екенін» үйретсем деп армандаймын. Трамп пен Ким Чен Ын кездесіп, сөйлескенімен, екі Кореяның қосылуы екіталай. Өйткені Ким Чен Ынның диктатор екенін білесіз ғой. Ал диктаторлар өзгермейді. Оның ойының да өзгергеніне де сенбеймін. Елестетіп көріңіз, ядролық қару мен Ким бар. Егер ядролық қару жоқ болса президент Кимді, оның диктаторлық режимі мен үкіметін кім қорғайды? Мен Трамптың қорғамайтынына сенімдімін. Ким қарудан бас тартпайды. Өйткені ол өзін қарудан басқа ештеңе қорғай алмайтынын түсінеді. Бұл менің ойым ғана емес, қазіргі жағдай осы.

Туристерге Солтүстік Кореяға бар деп кеңес бере алмаймын. Бұл - жаман идея. Бірақ сонда да баруға бел бусаңыз заңмен шектелген әрекеттерді жасамаңыз. Ештеңеге тиіспеңіз. Ештеңе айтпаңыз. Үнсіз қалыңыз. Суретке түсуге болатын жерлер бар. Бірақ қасыңыздан өтіп бара жатқан адамдар актер болуы мүмкін.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG